Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов
-
Название:Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:243
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Путь Абая» - известный во всем мире роман-эпопея М. Ауэзова, который поднял казахскую художественную литературу и принес в мировую литературу эстетический вкус и энергию. Автор рассказал о народе Казахстана и его традициях. Абай – человек, обладающий творческими и деятельными качествами с индивидуальностью в искусстве речи. Роман высоко ценят многие зарубежные писатели, среди них Луи Арагон, Н. Тихонов, Б. Матип.
Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Осы кезде киiз есiк шалқасынан ашылып, келушi қонақтарға жол бердi. Әуелi үйге екi жiгiт кiрдi. Тымақ, шапандары жұпыны. Саптама етiктерi бар, жүздерi төменшiк, ұяңдау. Сәлем берiп, иба қып кiрген күйеулер екен. Соларға iлесе ұсақ қыздар кiрiп жатыр. Бiр-екi келiншек кiрдi. Жиыны жетi-сегiз кiсi. Абай көзiн алмай, сабыры қалмай қадалып отыр. Ендi аз бөгелiстен соң, басына сұрғылт шапан жамылған, бетiнiң жарымын бүркеңкiрей түскен, орта бойлы бiр қыз кiрдi. Мұрны қоңқақтау, қара торы көрiнедi. Шекей қызы – қалыңдық осы болу керек. Дәл осының артынан шолпысы ақырын сылдырап, ақ жүзiне жұқалау қызылы нұрдай жарасқан анық Тоғжан өзi келедi екен. Сыпайы жымиып, күлiңкiреп кiрдi. Мiнсiз аппақ тiстер қолмен қойғандай. Екi бетiндегi нәзiк жарастық қызылы, асығып күткен қызыл арай таң сәрiндей.
Әлi де айықпаған ұяң сыпайылықпен қонақтарға қарап ақырын амандасқанда, реңiне шұғыл толқын кiрдi. Бет ұшындағы жұқалаң қызыл тұтасып, бар жүзiне ду етiп тарады.
Үлбiреген, бала жастықтың аса қатты қысылған, қымсынған белгiсi бiлiндi. Оны ұялтқан Абай едi.
Орта бойлы, дәл Тоғжанның өз бойындай. Бар мүсiнi келiп тұр. Бет бiтiмi, ақ қызылы жаңа Ербол айтқандай, айнымаған Тоғжан. Бұның да жiбек талды, қолаң қара шашы бар. Мұрын, аузы да, бiр қарағанға ма, дәл сол сағынышты ғашығының Абайға ерекше ыстық көрiнетiн аса сұлу, сүйкiмдi ауыз, мұрнындай. Аз көтерiңкi қырлы мұрны ұш жағына келгенде жұмырланыңқырап, өзгеше келiстi бiткен. Жұқалаң қызыл ерiндерiнде балалық, кiнәсiздiк лебiндей, ыстық әсер демi бар. Айналасын қуантып, сүйсiндiргендей, жазықсыз нәзiк күлкi қуаныш бар. Анық Тоғжан жары осы. Бiрақ, жаңа түсiнде көрген сияқты, ертерек күндегi үлбiреп тұрған жас Тоғжан. Ең алғаш сәт сағатта Сүйiндiк үйiнде, көктем кешiнде, Түйеөркеште көрген сол сұлуы. Қайран, ғажап хал үстiнде жаңа туған ай көрдi. Бұрынғы сүйiктi айдың, қайта жаңғырып, айнымаған тұлғасымен қайта айналып келiп, тiрлiк аспанынан, өзiне сай оқшау орнын алғанындай.
Ақыл, сезiм осы сәтте, қыз келiп орнына отырып болғанша, жұмбақ тұман мұнарға батты. Абай өзiн де, айнала жұртты да тегiс ұмытыпты. Тек қана түс артынан болған жүрек құйынын аңғарады. Ендi соған қосылған, бар сыры жат көрiнiс келiс мынау.
"Қасыңдамын. Мiнi келдiм!" деп едi ғой. Дегенi рас, жалғаны, жаңсағы жоқ. Өзi, өзi келдi. Уыздай таза боп, үлбiреген сезiмтал күйде, нәзiк жүрек толқынымен, дiрiлiмен келдi.
Жас қыз кiрген кезде қатып қарап қалған Абайдың реңi тiптi жат едi. Екi көзi шарасынан шығып тесiле қадалып қапты. Қаны қашқан жүзiнде аспаннан тағдыр жұлдызын.күткендей жат ажар бар. Аңырған, аң-таң дағдарыс бар да, ернi күбiрлеп түскен, үнсiз сыйыну бар.
Үйге кiрген жұрт амандасып жатыр едi. Абай оны сезген жоқ. Ешкiмдi көрмей отыр. Жалғыз ғана бiр жанға ынта, бейлi ауған да құлаған.
Сезiмтал сұлу өзiне қадалған көздi кiргеннен-ақ аңғарып едi. Қысылып тұрып, амандасқан да болатын. Бiрақ көз айырмай, есi ауғандай қадалған жiгiт қыздың амандасқанына жауап та қатпады. Құр болымсыз ғана ернi жыбыр еттi. Сұлу жас осыдан қымсынып, қып-қызыл боп кеткен.
Ербол Абайдың сөлекет мiнезiнiң бәрiн бағып, танып отырып, үй iшiмен, жаңа қонақтармен ашық, жарқын сөйлесiп жатыр. Күйеулер осы Мамай руының iшiндегi Еламан екен. Олардың аулын, ақсақалдарын Ербол бiледi.
Қазiр ендi бұлардың ауылдары қайда? Сыртқа, жайлауға көштi ме? Шыңғыс асты ма? Сондай дағдылы хабарларды сұрап отыр.
Қыз жөнiнде Абайдың жалғыз абайлағаны – ол осы үйдiң баласы екен.
Қонақтар жайғасып отырған соң, Бекей оған қарап:
– Шүкiман қарағым, ана жақтан апаңа болысып, орамал әпер, дастарқан жауып жiберсеңшi! – деген.
Сонымен Шүкiман отырған жұрттың алдына жалғыз жүрiп, бiр-екi сыпайы жай қозғалыс жасап, бой көрсеттi. Кемзалы, ақ көйлегi бұның да барлық бой тұлғасына жарасып тұр. Тек басындағы бөркi ғана келмейдi. Көнелеу, сарғыш құндыз екен.