Сборник стихов Мукагали Макатаева / Мұқағали Мақатаев өлеңдер жинағы - Мукагали Макатаев / Мұқағали Мақатаев
-
Название:Сборник стихов Мукагали Макатаева / Мұқағали Мақатаев өлеңдер жинағы
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:71
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Мукагали – один из немногих поэтов ХХ века, соединивший национальные школы, традиции поэзии и песенного творчества. Он развил и углубил это направление, поднял на новые высоты и вывел на новые просторы поэзию Казахстана.
Сборник стихов Мукагали Макатаева / Мұқағали Мақатаев өлеңдер жинағы - Мукагали Макатаев / Мұқағали Мақатаев читать онлайн бесплатно полную версию книги
Көрсін деп нені бердің?
Ештеңе де көргем жоқ,
Көрмей, білмей,
Жөніме елгім келеді, жөніме елгім.
Көргемін жоқ қуаныш, қайғыны да,
Қуануға мұрса жоқ, қайғыруға.
Жоқшылық та жат маған, байлығың да,
Қонысым бар қос жолдың айрығында.
Махаббатты білмеймін, сүюді де,
Сүймей өмір өткерген күйім міне.
Жүрегіме біреулер ғашық болып,
Иілді ме, білмеймін, күйінді ме?
Жақсылығын біреудің, қорлығын да
Көргемін жоқ, білмеймін барлығын да.
Қуанышым белгісіз, зар-мұңым да,
Таң нұры да белгісіз, тағдырым да.
Не көрмедім демеймін,
Не көрдім мен?
Көрермін деп бәрін де келер күннен,
Айрығына қос жолдың қосым тіктім,
Қос еркешті түйемді шөгердім мен.
Толқын-көңіл тоқырап, таусылуы-ай,
Тасып-тасып басылған тау суындай.
Жетім жүрек жастықтың жұртында қап,
Ұлиды кеп берінің қаншығындай.
Қырық күздін қырқада бұлты аунайды,
Қырық көктем келсе де жылыта алмайды.
Қылын шертсен күмбірлеп күй төгетін,
Қырт көңілден бұл күнде дым тамбайды.
Қырқасына шыққанда қырық белдің,
Мойынымды артыма бұрып көрдім.
Жатыр екен жиырма мекенінде,
Мен несіне қырықты қуып келдім?!
Қырық...
Қырық...
Қай жерге тоқтар екен,
Жайлауында жастықтың жоқ па мекен?!
Жастық — өлең, жігіттер,
Жастық — өмір,
Қалғанының барлығы оттау екен!
Бәрібір,
Бізді ішкіш деп жүр ғой,
Аяулым,
Ішіп қайталық,
Басына барып Һәйәмның.
Көземіз майға,
Көзіміз жасқа кенеліп,
Азан салайық:
- Оянғын, баба, оянғын.
Хан менен бектен,
Молда мен шонжар, күштіден,
Дейді ғой Сізді қиянат көріп ішті деп.
Оянғын, баба,
Отырайық бір кәйіп қып,
Біздің шараптар
Сіздің майлардан күштірек.
Сіз көрген, баба,
Қиянаттарды көрмей біз,
Рақаттарды кешіп жүріп-ақ шөлдейміз,
Тірі пенденің тілін алмаймыз, көнбейміз.
Қоймайтын болдық,
Өзіңізге ұсап өлмей біз.
Көрдіңіз қиянат,
Көрмей-ақ біздер ішеміз.
Басымыздағы бақыттардан да күсеміз,
Қазылған орға өзіміз іздеп түсеміз.
Қайтеміз енді?
...Бәрібір бізді,
Ішкіш деп жүр ғой, аяулым,
Көтеріп жібер,
Көңілің неден қаяулы?
Не деген екен?
Несі бар осы заһардың?
Оқышы тағы, оқышы Омар Һәйәмды.
ОРТА ЖОЛДА
Көңіл де пәс, пәс кеуде,
Аэропортта даң-дұңмен
Затым кетті Мәскеуге,
Ақтөбеде қалдым мен.
Алдан шығып достарым,
Тоса берді тостағын.
Ұсынғасын тостағын,
Сілтеп-сілтеп тастадым.
Адал ас пен көңілін
Қалай қиып кетерсің?!
...Айхай, менің өмірім,
Армансыз-ақ етерсің!
Маған жоқ-тын жат, дұшпан,
Бәрі бауыр, тұстасым.
Қалып қойдым ақ құстан
Ақтөбеде, қысқасы.
Көңіл, неге мұздадың?
Асықпа, әлі жетерсін.
Қазағынның тұз-дәмін
Қалай қиып кетерсің?!
Қарсы алар ма бір адам
Сонау алыс шалғайда?
Мына көңіл, мына дәм
Бола ма алда, болмай ма?!
Бірге күліп, жыласқан
Пәк көңілдер бір жүрсін.
...Мына дала, мына аспан
Қимай тұр ма, кім білсін?!!
МЫҚТЫМЫН ҒОЙ ДЕГЕНМЕН..
Мықтымын ғой дегенмен
Қорғасындай бір салмақ кетер емес денемнен.
Басады кеп төбемнен. Қош айтысып өлеңмен,
Терезеге төнем де Алатауды көрем мен
Басы қарға бөленген.
Бауыры көкке кенелген - Алатауды көрем мен.
(Қорғасындай бір салмақ арылмайды денемнен.)
Мықтымын ғой тегінде!
Қорқытарың өлім бе, оранарым кебін бе?!
Түкірдім мен оларға!
Ей, жүрегім, жеңілме!