Сборник стихов Мукагали Макатаева / Мұқағали Мақатаев өлеңдер жинағы - Мукагали Макатаев / Мұқағали Мақатаев
-
Название:Сборник стихов Мукагали Макатаева / Мұқағали Мақатаев өлеңдер жинағы
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:71
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Мукагали – один из немногих поэтов ХХ века, соединивший национальные школы, традиции поэзии и песенного творчества. Он развил и углубил это направление, поднял на новые высоты и вывел на новые просторы поэзию Казахстана.
Сборник стихов Мукагали Макатаева / Мұқағали Мақатаев өлеңдер жинағы - Мукагали Макатаев / Мұқағали Мақатаев читать онлайн бесплатно полную версию книги
МЫНА ҚАСҚА..
Қор болған жылдарым-ай, күндерім-ай!
Асауға ауыздықсыз мінгенім-ай!
Мына қасқа бәрін де біле тұрып,
Мына қасқа бірін де білмеуін-ай!
Шынымен түсінбей ме мына қасқа,
Мына - көз, мына - жүрек, мына - басқа?!
Мына қасқа шынымен түсінбей ме,
Бұлбұлдың қонбайтынын қу ағашқа?!
Мына - жүрек, мына - көз, мына баста,
Ненің барын біледі мына қасқаң...
Сезгіштігін білдіріп алам ба деп,
Тас жүрегін жасырар қына басқан.
Аламын деп қасқаның тас қамалын,
Тас жүрекпен қашанғы тас боламын.
Тас жүрекке табынтып, тастамағын,
Жүрегін бер, тәңірім, жас баланың!
Сағындым сені, сәби кездерім-ай,
Сандалтып, мені тастап безгенің-ай.
...Мына қасқа бәрін де сезіп тұрып,
Мына қасқа бірін де сезбеуін-ай!
ӨЗІММЕН ӨЗІМ
(Басқаларға қатысы жоқ)
Өзімнен өзім аса алмай,
Өзімді өзім баса алмай,
Ауыздық салған асаудай,
Барар жер, басар ізім жоқ,
Бұғалықтан босанбай,
Байлауда тұрам қашанғы-ай?!
Өзіммен өзім алысып,
Болмайтын жерде қарысып,
Жаны игі жақсы жандардың
Жағасына жабысып,
Жамандықпенен табысып,
Жабыларменен жарысып,
Секілді күндес абысын -
Өләпат менің намысым.
Өзімді өзім танымай,
Өзгеге көңіл жарымай,
Жақсылығыма қорымай,
Жамандығыма налымай,
Тауыққа шашқан тарыдай
Таусылар болды шаруа-ай!
Өзіммен өзім жүз жыртып,
Өзіме өзім мұз бүркіп,
Өзімнен өскен балуанға
Өз мойнымды үздіртіп,
Табынтқан мені тағдыр-ай,
Өзгеге кезді сүздіртіп!..
ЖИЫРМА
Келгелі жиырма жыл мен өмірге,
Қызығын жиырманың көремін бе?
Кім білсін, жасай алмай енді бес жыл
Жабығып жайбарақат өлемін бе?
Жиырма!
Қуанамын келгеніме!
Бірақ сен айналдырма ермегіңе.
Аллама тәуба етейін әлде қалай...
Ырзамын бұл өмірді бергеніңе.
Жиырма!
Тағы мені шиырласа,
Қайтемін еш қуаныш бұйырмаса?
Тез жойып оннан өткен қателікті,
Өмірді бастар ма екем жиырмаша...
ПЕНДЕЛІК
Арылайын десем де пенделіктен,
Арылатын болмадым - ол неліктен?
Жүгіріп те көрдім ғой, жығылып та,
Ұрынып та жүрмін ғой, бұғынып та.
Жаныма өгей жасанды қылығымен
Жағынып та көрдім ғой, жұғынып та...
Жауыма да жатсың деп айта алмадым,
Бала қаздай алдында байпандадым.
Талай-талай сөзімнің әкесі өліп,
Талай сөздің кезегін қайтармадым.
Жақсылық та етпедім адамға көп,
Жамандығын айтпадым жаманға кеп.
Пенделіктің іргесін қалай бердім,
Қапелімде құлатып алам ба деп.
Ашу да айтып көрмедім, басу да айтып,
Ақиқатын, шындығын жасырмайтын.
Ақыл сұрар адамды таба алмадым
Пенделіктің алдында бас ұрмайтын.
АЖАЛҒА
Менің досым, болсаңшы кешірімді,
Сабыр етші, тауысайын несібімді.
Басталмаған ісім көп. Аялдашы!
Қақпашы тым ертерек есігімді.
(Алам десең, пендеңнің жаны дайын)
Тоқташы, тіршіліктен жалығайын.
Рақатқа белшемнен батпасам да,
Қалтам толы сорымнан арылайын.
Осынау азын-аулақ тәтті өмірді
Қайтер еді өткізсем сәл көңілді!
Аялдашы, бой жазып, бір түзейін
Өкінішпен ұзатқан күндерімді.
Баянсыз жылдарым бар текке кеткен,
Бишара жандарым бар өкпелеткен.
Әлде мені тірлікте масқаралап,
Өмірдің азғыны боп өт демек пе ен?!
Қапаста жатса-дағы күрсінбеген,
Жомарт менің жүрегім дүрсілдеген.
Міне, соның жасырмай алуан сырын,
Ақтарайын, ел-жұртым білсін деп ем.
Риза етіп досым мен қастарымды,
Жастанайын сонан соң жас қабірді.