Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин
-
Название:Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:185
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.
Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги
Иә, Кенесары өткен қырық төртінші жылдың жеңісіне насаттанбаған еді. Алдағы күрестің қаншалық қиынға түсетінін ол енді анық түсінген. Қарамағындағы үнемі жорық үстінде жүрген елдің күйінің өте нашарлап кеткенін де білетін. Өзінің жайлауларының бәрінен айырылып, енді мал бағатын қоныстың да қалмағандығынан, басар тауы, барар жері тарыла түскен Қыпшақ, Арғын, Шекті, Шөмекей руларының басты би, ақсақалдарының арасында да күңкіл сөз шыға бастаған. Кенесары бұған да қанық. Оның үстіне өткен қыс қатты болып, Арқадан көшіп келген елдің көп малы жұтаған. Бұндай жағдайда соңынан ерген елдің қайтадан атқа қонып, жауына қарсы шығуы екіталай.
әсіресе Кенесарының ұшар көлін, қонар көгін тарылтқан бір кесепат, ол — дәл хандық жерінің ортасында, Торғай өзені мен Ұлытауда патша үкіметінің үлкен бекіністер сала бастағаны еді. Бұл бекіністер салынып бітуі — қыл арқан аш тамақтан түсті дегенімен бірдей. Онда жаз жайлау, қыс қыстаудан айырылғаның. «Қит етсең дәл тұмсығыңның астында жау әскері тұрады, барар жерің, басар тауыңның біткені сонда болады». Оның үстіне Қоқан хандығы да биыл шабуылын үдете түскен.
Осындай ауыртпалық халін ойлаған Кенесары ең жақын ақылгөйлері әбілғазы, Таймаспен кеңесіп, Орынбор әскери губернаторынан бітім сұраған. Бұл бітімінде баяғы Абылай атасының көксеген көкейкесті арманынан бас тарт-
қан. Ол арманның енді қолына қайтып қонбас бақ құс екеніне әбден көзі жеткен еді. Сондықтан ол патша үкіметі иемденіп, бауыр басып алған қазақ жерлерінен дәметпей, тек әлі әскер келіп бекініс салынып Россия қарамағына ене қоймаған бос жерлерді ғана өз қарамағына қалдыруды өтінген. Және бұл арадағы қазақ руларын да патша қол астына алуды сұрады. Кенесары Обручев пен Горчаковке жазған хаттарында, араларында жүрген Асатұлы Шорман, Жаманшыұлы Баймұхамед, Тұрлыбек сұлтан, Герн, Долгов офицерлер арқылы «Бізге Ақтау, Есіл, Нұрадан бастап Ақ Жайыққа дейін қалдырсын, осы күнгі көшіп жүрген жеріміз Торғай, Ырғыз, Сарысу өзендері мен Ұлытау өлкесіне тимесін және Ұлытауда маған арнап приказ орнатса, бұдан былай қарай Бүкіл Россия императоры мәртебелі патша ағзам әскеріне өмір бақи қол көтермеске ант етемін», — деді.
Дидиковский мен Жемчужников басқарған аттаныстан жарытымды ештеңе шығара алмағаннан кейін, орыс генералдарының ұшы-қиыры жоқ қазақ даласына жеке жасақ шығарып мардымды табысқа жете алмайтындарына көздері жеткен Орынбор мен Омбы бастықтары Кенесарымен бітім жайында сөз жүргізіп, араларындағы есірейлерді айырбастауды мақұл көрген. Бірақ бұл кезде қазақ жеріне дендеп еніп алған Россия патшалығы Кенесарының өтінішінің бірін де орындамауға бел буған-ды. Бұған бір емес, екі себеп бар еді. Россия патшасының отаршылық саясаты бұл кезде қазақ жерін былай қойып, енді Орта Азияға ауыз сала бастаған. Бұл саясат үшін қазақ даласын тегіс алу оған өте керекті еді. Ал Орта Азия мен Россия арасында өзіне әбден бағынбаған елді сақтау патшаның отаршылық саясатына тіпті қолайсыз жағдай болатын. Екінші себеп осы отаршылық саясатты басқарып, жол сілтеп отырған ақ патша — Николай Біріншінің өзінің көзқарасынан туған. Осыдан бір жыл бұрын ішкі Бөкей ордасының халі жайында граф П. Д. Киселевтің берген баяндамасына ол «Бір патшалықтың ішінде екінші патшалық болуы мүмкін емес» деп қол қойған. Осы қол қоюда қазақ жерінің кіндік ортасында Россия патшалығына бағынса да, әлі де болса елдің хандық бейнесін сақтағысы келген Кенесары өтінішінің де тағдыры шешілген-ді. Оның үстіне, «онсыз да шығайын деп тұрған көз еді» дегендей, арадағы жүріп жатқан бітімнің күрт тоқтатылып, Орынбор әскери губернаторы Обручевтің Кенесарыға қатал ұсыныс етуіне тағы да бір қанды уақиға себеп болды.