Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин
-
Название:Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:185
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.
Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги
БІРІНШІ БӨЛІМ
І
Ай сәулесі жүдеп, қырқа үсті ақ шолаң тарта құлан иекте-
ніп атып келе жатқан таңмен бірге шашақты сасыр, түйе жапырағы аралас, ат құлағы көрінбейтін көк шалғынды ылдидан қалың көш көрінді.
Аздан соң көгілдір аспанды алтын сәулесімен шарпи, қызарып күн де шықты. Төңірек сандықтан суырған гауһар тастай жалт-жұлт ойнап ғажайып сәулетті түрге енді. Жаз ортасы ауған шақ еді. Даланың сәнге бөленген кезі өтіп, сұлу ажары кеми бастағанымен, күн сәулесіне бөккен жасыл шалғын семіз малдың түгіндей құлпырып тұр. Қалың шөп арасынан сыңсыған қып-қызыл қой бүлдіргенінен, сиыр бүлдіргенінен көз тұнады. Әбден саумалданып саяу бере бастаған қымыздық та шоғырлана кездеседі. Мезгілі өтіп бара жатқан қалың балауса, көк шалғынның хош иісі таңғы кіршіксіз таза ауамен араласып мұрынды жарады.
Күн сәулесіне шомылған көштің беті күнгей тұс. Көш басында тең үстіне қызыл ала масаты кілем жабылған күлсары атан жетектеген, солғын реңді кәрі шал. Астында тобылғы күрең ат, үстінде қоңыр түйе жүн шекпен, басында төрт салалы пұшпақ бөрік. Оның соңынан тізбектелген аттылы, түйелі қалың керуен. Кейбір қомды түйелерде ағараңдаған әйел кимешектері көрінеді. Шаңырақ доңғалақты екі аяқ шиқылдақ арбаларда кемпір-шал, бала-шаға... Қыз-келіншек, бозбала ат үстінде. Бірақ бұлар әдеттегідей ән шырқап, әзілдесе сөз қағысып, бірін-бірі қуып жарыспайды. Үн-түнсіз тұнжырап қалған. Көштің оң жағында қалың жылқы. Қырқаны бүйірлей тасыр-тұсыр жіті басып келе жатыр. Көш соңында қара мал, одан әрі жүре жайылған қотан-қотан қой-ешкі.
Көш жүрісі шұғыл. Пысқырған жылқы, анда-санда боздаған түйе. Үстіне қауырт келіп қалған мал тұяғынан сасып, қияқ пен ши түбінен пырылдай ұшқан бөдене мен жапалақ.
Асыға қимылдаған қыруар ел ылдидағы масағы кере қарыс қалың балқурай көмкерген айдын көлге қарай беттеді... Таң әлетінен жау қуғандай жөңкіген жұрт бір жаманатты аңғартқандай. Оларды қоршауға алып, суыт келе жатқан сойыл-шоқпар ұстаған жүзден артық ер азаматтар тобы бар. Бәрінің де астында сүмбілдей сәйгүлік жүйрік, шайқала ырғалған жорға. Түстері суық. Шекпен-шапандарының етек-жеңі түріңкі. Бұлардың ішінде қайыңның безіндей берік, қазан тастай шомбал, төртпақ келген біреу ерекше көзге түседі. Астында есік пен төрдей, ай табанды жайма жал қара көк айғыр. Тақымында келте шоқпар, қарына темір бауырлы қайың сойыл ілген. Үлкен өткір қара көзді, ұзын, қою қара мұртты адам. Таңмен бірге ашыла түскен қара сұр жүзі ақ сұпыдай. Бұл осы көштің басшысы, Баянауылдағы Қаржастан шыққан Азнабай ұлы Сейтен. Қазіргі беті Балқаш көлінің маңындағы кең алқап. Ал арғы мақсаты осыдан үш жыл бұрын Алтын, Алтай, Тоқа, Уақ руларының қырық мың шаңырағын ертіп Қоқан хандығы қарауындағы Сыр бойына өтіп кеткен Қасым төренің балалары Есенгелді, Саржанға қосылу.
Сейтенмен үзеңгілес түксиген қабақты, кескен томардай келте қара сұр жігіт келеді. Сары ала қынапты қисық табан келте қылыш тағынған. Кісі өлтірген адамдай түсі зәрлі. Бұл Қубет ұлы Ожар. Бір кездегі барымтаға да, жауға да қатар шапқан Сейтеннің үзеңгілес досы. Соңғы үш-төрт жыл ішінде Ақмола аға сұлтаны Құдайменденің Қоңырқұлжасының қасында болып, жақында ғана өз еліне қайтып келген.
Маңыраған қой, мөңіреген сиыр, кісінеген жылқы үніне дабырлай сөйлеген адам даусы қосылып, таңертеңгі табиғаттың бейкүнә тамылжыған шырқын бұзып, кең даланы басына көтерді. Жасыл құрақ арасында бұйығып жатқан топ елік орындарынан үрпиісе түрегеліп, көл жағалай зыта жөнелді... Інінен жаңа ғана шығып, таң намазын оқыған молда тәрізді, шоқиып отырып алып, шақылдай жөнелген семіз суыр дабырлаған үнге сәл құлағын түріп тыңдай қалды да, кенет қалың ши арасына кіріп жоқ болды. Беймезгіл келген жұрттан сескенген көл үстіндегі құс у-шу, абыр-сабыр.