Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин
-
Название:Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:185
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.
Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги
Көл жағасына дамылдаған көш түйенің қомын алмай, қазан көтеріп ас ішпей, сәл тыныстады да қайта көтерілді. Су маңайы бір әуенге түскен кезде шомбал қара Ожар қайтадан Сейтеннің қасына келді. Астындағы төрт аяғы тең жорға қара көктің тізгінін тежей түсіп, кеше тәмәмдай алмай қалған әңгімесіне қайта кірісті.
— Ата мекен Көкшетауын тастап, Қасым төре неге Қоқан хандығына қарай көшті? — деді ол сөзін алыстан қозғап. — Қазақта мақал бар емес пе «Бөтен елде сұлтан болғаныңша, өз еліңде ұлтан бол» деген.
— Қасым төре қай жерде жүрсе де сұлтан, — деді Сейтен жақтырмағандай алая қарап. — Бүлік басы бұзықта дегендей, пәле ақ патшаның Жылқы жылғы ұстабынан басталған жоқ па...
— Иә?
— Ұстап деген атының өзінен расында жан шошырлық... Ақ патшаның уысында ұстауға шыққан заң екен соның өзі... Осы ұстап бойынша Орта жүз сегіз өкірге бөлінді емес пе... Әр өкірге бір рулы елдің он бес-жиырма болысы кіреді. Әр болыста он-он екі ауыл. Әр ауыл Арқа жерінде, өзіңе белгілі, жүз қаралы үй. Ауылды үш жылға жұрт сайлаған старшын, ал болысты Шыңғыс тұқымынан шыққан сұлтандар басқарады. Өкірге үш жылға сұлтандар сайлаған аға сұлтан ие...
— Япырмай, ә, ақ патша өкірді қазақтың аға сұлтандарына басқартқандағы ойы: өз қотырын өзі қасып жатсын дегені ме екен?
Сейтен ақырын мысқылдай күлді.
— Ұшқалақтанбай тұра тұр. Ақ патша қазақ ісін екіге бөлген. Бірі — ауыл арасындағы жесір дауы, алыс-беріс секілді кәкір-шүкір. Мұны ақсақалдар мен билер өзі шешсін деген. Екіншісі — кісі өлімі, барымта, үкіметке бағынбау тәрізді ауыр күнәлар. Мұны аға сұлтан басқарған өкірлік пірказ қарайды. Өкірлік пірказ екі патша қызметкері және екі жылға сайланған екі қазақ жәсиәтірден құралады. Бұлардың шешімін гүбірналық сот бекітеді. Онда бірде-бір қазақ жоқ. Сөйтіп біздің тағдырымыз бәрібір өз қолдарында...
Сейтен сәл үндемей қалды. Шұбырып келе жатқан көшке бұрыла бір көз тастап күрсінді де, қайтадан сөйлеп кетті.
— Сол ұстапта: «қазақ Мұхамбет пайғамбардың жолын берік ұстаған діншіл халық емес, оны шоқындырып алу оңай, тек ауылға уәкілдер жіберілсін» делінген.
Ожар күлгендей боп тісін ақситты.
— Және ол ұстапта ешкімді зорлау болмасын, әркім шоқынғысы келсе, өз еркімен шоқынсын деген де сөз бар ғой...
— Сейтен атының басын жедел тартып алды.
— Сен оны қайдан білесің?
Ожар екіұшты жауап қайырды.
— Ел құлағы елу...
Сейтен атын тебініп қап, кенет қызулана сөйлеп кетті.
— Қасым төре біз секілді ақымақ емес еді. Арқа жерінде сегіз өкірігтің не үшін құрылғанын бізден бұрын түсінді. Тоқа, Алтын, Алтай, Уақты ертіп патша құрығы жетпейтін Бестаңбалы жеріне қарай көшті. Біз қалып қойдық. Қалғанымыздан не таптық? Он жылдың ішінде Талды өзенінің сағасында Қарқаралы өкірігі, Қызылжар бекінісінің жанында Көкшетау өкірігі, Семей бекінісінің тұсында Аякөз өкірігі, Омбы қаласынан төмендеу Ақмола өкірігі, Жәміш бекінісінің қасынан Баянауыл өкірігі, Аманқарағайдан жоғары Құсмұрын өкірігі, Омбының оңтүстік саласында Үшбұлақ өкірігі құрылды. Бүкіл Арқа жеріне темір тор жабылды, енді тырп етіп көрші! Қарамағыңдағы елің түгіл, туған ініңнің баласын арашалауға күшің жетпей қалды.
Сейтеннің соңғы сөзінің мәнісі бар еді.
Батыс Сібірдің тұрғын жұрты мен жер айдалып барған адамдардың арасында әйел жынысының өте жеткіліксіздігін еске алып, Бірінші Николай патша 1825 жылы 11 февраль күні қазақша Тауық жылғы ақпан айының он бірінде Сібір генерал-губернаторы мен Орынбор соғыс губернаторына Сібірмен шектес қазақ секілді «бұратана» ұлттардың жас қыз балаларын қолға түсіруге жарлық берген. Бұл жолда қандай амал болмасын қолдануға рұқсат етілген. Сатып алуға да, алдап алуға да болады делінген.
Осы жарлық бойынша қолға түскен қыз балалар шоқындырылып, әйел жынысына мұқтаж семьяларға тапсырылуға тиісті. Асырап алған адамдарға азық-түлік ретінде он бес жасқа толғанға дейін көмек көрсетіліп, ал қыз балаларды әкелген кісіге қолма-қол он бес сом сыйлық берілетін.