Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Расын айту керек қой, басын өлімге байлап Дикті құтқарған Геркулес болатын! Бұл ерлігін мақтаныш еткісі келмей сыпайыгерлік сақтап көпке дейін мойындамай келген. Бұл істегенін ерлікке балайын деген оның ешқандай ойы жоқ-ты. Менің орнымда кім де болса солай істер еді деп білетін-ді ол.
Әрине, бұл әңгімеден соң Геркулестің құлдыққа сатылып кеткен төрт жолдасы туралы сөз қозғалды. Ол бейшараларды осы күні Үлкен Көл өлкесіне айдап бара жатыр. Геркулес оларды еріксіздер керуенінде айдалып бара жатқанын көріпті. Ол керуеннің соңынан бірсыпыра ерген екен, бірақ жолдастарымен тілдесудің ешбір лажын таппапты. Бейшараларды айдап әкетіпті. Олардың халі мүшкіл!
Геркулестің әлгіде ғана күлкі ойнаған көзін енді қайғы басып жас жуып кетті. Үлкен кісінің жұрт алдында кеңкілдеп көз жасын бұршақтатып отыруы көлденең кісіге ерсі көрінеді ғой, сонда да болса жолдастарына жаны ашыған алып көз жасын тоқтата алмай жылай берді.
— Жылама, достым,— деді миссис Уэлдон.— Сіз жолдастарыңызға қосыласыз, бұған менің сенімім кәміл!
Миссис Уэлдон, Альвецтің факториясында болған жағдайды бірнеше ауыз сөзбен Дикке айтып берді.
— Мүмкін,— деді ол сөзін қорыта келіп,— біздің Казондеде қалғанымыз қауіпсіз болар ма еді, кім білсін...
— Демек, мен босқа әуреленген екем ғой. Сізді қатерлі жолға шығарыппын...— деп ренжіді Геркулес.
— Жоқ, жоқ, Геркулес, миссис Уэлдон байқамай айтып қалды,— деді Дик.— Адам саудасымен шұғылданған оңбағандардың миссис Уэлдонды алдап қақпанға түсіруге әрекеттенуіне күмән жоқ. Бәріміз бірге қашуға тиіспіз, және Негороның Моссомедеске қайтып оралуынан бұрын теңіз жағалауына жетіп үлгеруіміз керек. Онда жетіп алсақ бізді Португалия үкіметі қамқорлығына алады, ал Альвец өзіне тиісті жүз мың долларды алуға келген кезде...
— Ол оңбаған қақбас, жүз мың доллардың орнына жүз мың сойыл жейді,— деді Геркулес қызулана сөйлеп.— Басқа ешкімді қатыстырмай-ақ онымен есепті өзім айырысамын!..
Миссис Уэлдонның Казондеге қайта баруды ойына да алмайтын болды. Ендеше, қайткенде де Негороның алдын орау керек. Қалай да болса осы жобаны жүзеге асыруға Дик Сэнд бел буды. Ақырында, өзенді төмен ағып мұхит жағалауына жетсек деген жас капитанның арман үміті жүзеге асатын болды.
Өзен солтүстікке қарай ағып жатыр. Өзеннің ағыс ыңғайына қарағанда оны Конгоға барып құяды-ау деп шамалауға дәлел бар. Ендеше біздің қашқындар Сан-Паоло де-Лоандқа барудың орнына, Конго сағасында болады. Олар енді өздерінің жолы болатынына алаңсыз сенді, өйткені Сан Паоло де-Лоандтан күтетін жәрдемді Гвиней орталығынан да күтуге болады.
Дик Сэнд бұл жолы су өсімдігінен құралған көшпелі аралдарды101 пайдаланамыз деп шамалаған еді. Бірақ қашқындардың бақытына қарай, Геркулес кезіп жүріп әлдеқалай бір қайықтың үстінен шыққан. Кездейсоқ олжаның ойдағыдай пайдасы тиді. Бұдан артықты тілеудің де қажеттігі жоқ. Бұл қайық жергілікті халықтың өзенде жүзетін шағын қайығы емес, ұзындығы отыз фут келетін кең қайық еді. Бұған жолаушылар еркін сыйды. Өзеннің қатты ағысымен төмен аққан қайық шапқан аттай жүйткіп бара жатыр. Ескек есіп қиналмаса да болады, басқару үшін бір ғана артқы ескектің өзі-ақ жетіп жатыр.
Дик Сэнд алғашқыда жергілікті халықтардың көзіне түспеу үшін тек қана түнде жүруге ұйғарып еді. Бірақ жиырма төрт сағаттың тең жарымын ғана пайдаланатын болса, жол екі есе ұзарады. Сондықтан Дикке мынадай бір ой келді: қайықтың үстіне кісі көзіне түспейтін етіп шөппен жауып қос тігу керек. Сөйтіп, қайықтың алды-артына құлаштай ашалы бақан орнатып, оның үстіне ұзын сырғауыл тастап қос жасады да үстін шөппен жапты. Қосқа жабылған шөп суға малынып тұрғандықтан, тіпті артқы ескекті де жауып көрсетпей тұрды. Енді қоспен бүркелген қайық кәдімгі көшпелі аралдың өзі болды да қалды. Сөйтіп, ешкімнің көзіне түспей күндіз де ағуға болады. Қайықтың бүркеншігін көшпелі арал екен деп тіптен құстар да алданып, қара жүнді, қызыл тұмсық шағалалар «rhinngas» мен ақ және сұр түсті балықшылар да жем іздеп қалқаға қонып жүрді.