Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон
-
Название:Родовой мотив / Тектік сарын
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:54
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...
Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги
Бэк екі тәулік бойы стан аумағынан шықпай өкшелеп, Торнтонды аңдумен болды. Соңынан бір елі қалмай, кенішке барса бірге барып, тамақ ішкеніне, кешке көрпе астына кіргеніне, таңертең одан шыққанына дейін бақылаумен жүрді. Әйткенмен арада осынау екі күн өткенде орманнан жеткен сарын Бэктің құлағына бұрынғыға қарағанда өткірірек һәм өктемірек естілген. Қайтадан дегбірсіздене бастаған оның есіл-дертін таулардың арғы бетіндегі дүбірлі алқап туралы, ормандағы қандасы жөніндегі, онымен бірге ұшы-қиыры жоқ тоғай кеңістігінде қатарласа жортқаны жайлы ойлар ала берді. Сөйтіп қайтадан орманға қашуды бастады, бірақ жабайы бауырын кездестіре алған жоқ. Құлағын ұзақ түндерде қанша түргенімен Бэкке оның жабығыңқы ұлуын қайтадан есту жазбапты.
Бірнеше күн бойы қайда болса сонда түнеп, станнан безіп кететін әдет тапқан. Бірде таныс су айрығы арқылы өтті де, қайтадан тоғайлар мен өзендер мекеніне жетті. Мұнда жыртқыш бауырласының ізін іздеп әуреге түсіп бір аптадай жүрген. Жолда өзі қаққан жабайы құс етімен қоректенді; сөйтіп еш бөгелместен жеңіл желіп алға қарай бүлкілдете салды да отырды, салды да отырды. Ол арғы сағасы алыстағы теңізге ұласып жатқан үлкен өзеннен арқан балық аулап жүрді. Осы өзенде бір ірі қара аюды жарып тастаған. Аю да тура Бэк секілді осында балық аулап жүр еді, кенет жабылып кеткен қалың маса түк көрсетпей, долданған күйі жандәрмен орманға қарай безе жөнелді. Оның дәрменсіздігіне қарамастан қиянкескі өткен айқас Бэктің бойында қалғып бара жатқан тағылықты дүр сілкіндірген еді.
Екі күннен кейін аю өліп жатқан жерге оралғанда он шақты құнудың осы олжаға таласып қырқысып жатқанын көрді. Бұл бара сала бәрін ту-талақай етіп жан-жаққа лақтырып тастады; қауып үлгермеген екеуі мертігіп, сол орында қалған.
Бэк тамақ асырау үшін жолыққан жан иесін жалғыз өзі жайпап, жеке күш-қуаты мен жаужүректігіне арқа сүйеп, жабайы табиғатқа үстемдікпен қарап. тек мықтылар ғана тіршілік ететін жағдайға дағдыланған нағыз қанқұмар тағыға айналды. Өз бойындағы күшті сезіну өрлікті оятқан. Бұл оның қозғалысынан, барлық бұлшық етінің қимылынан көрініп тұрар еді, әрбір әрекетінен сөзсіз-ақ әйгіленетін осы тәкаппарлық, тіпті, мұның онсыз-ақ тамаша түгіне де жаңаша өң беріп, жарқырата түскен. Егер тұмсығы мен көздерінің үстіндегі қоңыр дақ пен кеудесіндегі ақ жолақ болмағанда оны алып қасқыр екен деп қалар едіңіз. Әкесі сенбернерден тұлғасы мен салмақты алғаны болмаса, қалған қасиетінің бәрі овчарка шешесінен дарыған-тын. Тұмсығы қасқырдыкіндей ұзын, бірақ оныкінен үлкен, бас сүйегі де жалпақ әрі шомбал демесеңіз, пішіні бәрібір көкжалдардың бас қаңқасын есіңе түсіреді.