Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон
-
Название:Родовой мотив / Тектік сарын
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:54
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...
Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги
Иттер мүлде іссіз қалған — тек анда-санда Торнтон атқан жабайы құстарды алып келеді, сөйтіп Бэк от жанында күні бойы ойланып жатады да қояды. Осынау бос сағаттарда көзіне әлдебір қысқа аяқты жүндес адам жиі елестер еді. Солайша алауға сығырая қараған Бэк еміс-еміс есіне түсетін әлгі адаммен қиялында өзге бір әлемді кезіп жүреді.
Сонау басқа дүниеде, тәрізі, үрей салтанат құратын болуы керек. Басын тізелерінің арасына тығып, алау қасында бүк түсіп ұйықтап жататын жүндес адамды бақылаған Бэк оның қатты мазасызданатынын, түсінде жиі шошынатынын, ал оянған сәтінде түн-түнекке үрке қарап, отқа тамызық тастайтынын аңдар еді. Егер бұлар теңіз жағасында жүрсе бақалшақ жинаған жүндес оның ішін сол бойда-ақ қаузап жеп алып, жан-жағына алақ-жұлақ қорқа соқтай қарап, қатер белгісі білінген алғашқы сәтте-ақ құйындай ұшып безе жөнелуге даяр тұратын. Орман арасымен ың-шыңсыз өтеді - алдыда жүндес, артта Бэк. Екеуі де әрдайым аса сақ, құлақтары елеңдеп, танаулары желп-желп етеді, өйткені адамның да есту мен сезу қабілеті тура Бэктікіндей өте күшті. Жүн басқан адам жердегі жүйріктігіне сай ағашқа да тым шебер өрмелейді. Бір бұтақтан екінші бұтаққа жармасқан ол кейде он-он бес фут ара қашықтықтағы ағаштан-ағашқа әуеде құстай қалқып, емін-еркін секіре береді. Өзін ағаш басында жерде жүргендей-ақ өте епті сезінеді. Бэк жүндес адам қолдарымен бұтаққа қатты жармасып ұйықтап тұратын ағаш түбін қорыған түндерін есіне жиі түсіреді.
Бэкке елестейтін түкті адаммен тектес бұрынғыша қараңғы орман түкпірінен естілетін әлдебір сарын пайда болған. Ол Бэктің тынышын алып, түсініксіз құмарын оятады. Бэк әлдебір бұлыңғыр шаттықты, мазасыздықты, неге екені беймәлім сарынды сағынышты сезінеді. Кейде сонау сарын естілетін орманға қарай жүгіріп, оны көзге көрінетін нәрседей сол жақтан іздейді, сөйтіп көңіл күйіне қарай кейде ақырын, кейде өршелене үреді. Тоғайдағы суық мүкке немесе биік шөп арасындағы ылғал топыраққа тұмсығын тығып, солардың иісін тұшынып, рақаттана түшкірінеді. Немесе бейне бір торуылда жүргендей дауылдар құлатқан ағаштардың тасасын да сағаттап жатады, айналадағы әрбір дыбысқа жіті құлақ түріп, көзін бақырайтып селт еткен қозғалысты аңдиды. Мүмкін осында жатқанда өзінің тынышын алған сонау түсініксіз сарынды торитын болар. Осыны не үшін жасайтынын өзі де білмейтін еді: еркінен тыс әлденеге бағынған ол бәрін де ырықсыз атқаратын.
Осылайша қазір жеңімпаз түйсіктің құзырына бағынып алған. Кейде станда жылы жерде қалғып жатады да, кенеттен басын шалт көтеріп, әлденені тыңдағандай құлақтарын түреді, одан атып тұрып айдалаға қарай безе жөнеледі, сөйтіп орман арасында немесе жазық алаңқайда ерсілі-қарсылы сағаттап шапқылайды. Кеуіп қалған өзендердің табаны бойымен жүгіріп, орман өмірін бақылауды қатты ұнатады. Күні бойы көк майсада маңғаздана басқан яки қанаттарын сілкіп бір орыннан екінші орынға ұшқан құрларды бақылауға ыңғайлы шілік түбінде жатады. Бірақ Бэк бәрінен бұрын жазғы ақ түндерде шапқылап, тоғайдың мимырт, бұйығы сыбдырына құлақ түруді, адамның кітап оқығанындай, дыбыстар мен белгілерді пысықтауды, сонау өңінде де, түсінде де өне бойы естілетін тылсым сарынды іздеуді көбірек ұнататын.
Бірде түн ішінде шошына атып түрегелді де, көздерін кең ашып, дірілдеген тұмсығын ауаға тосты. Түк терісі тік тұрып, одан жел тербеген толқындай жапырылды. Орманнан әлгі сарын алғаш рет ап-анық естілген. Бұл жегімдегі иттердің даусына ұқсайтын да, ұқсамайтын да күңірене ұлыған үн болатын. Бэкке өте таныс көрінді, - иә, мұны бір кездері естіген! Ол бірнеше аттап ұйқыдағы стан бойымен жүгіре жөнеліп, ың-шыңсыз заулаған күйі орманды бетке алды. Ұлу өте жақын жерден жеткен сәтте Бэк керемет сақтық сақтап, ақырын жүріске ауысты. Ақыр аяғында ашық алаңқайға тақалды да, ағаштардың арасынан басын қылтитып тұмсығын көкке көтере ұлып отырған үлкен арық қасқырды керді.