Knigionline.co » Казахские книги » Родовой мотив / Тектік сарын

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон

Книга «Родовой мотив / Тектік сарын» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бэк тырс еткен дыбыс шығармаған-ды, бірақ мұны сезе қалған қасқыр ұлуды кілт доғарды. Ол дұшпанның қайда екенін анықтауға тырысып ауаны иіскелеген. Бэк құйрығын қайсайтып алып бұққан күйде айрықша сақтықпен табандарын санап басып алаңға шықты. Оның әрбір қимылында қатер бар еді, сонымен бірге бейбітшіл достығын ұсыну ниеті де жоқ емес-ті. Орман жыртқыштары дәл осылайша жолығады. Алайда Қасқыр Бэкті көрді де безе жөнелді. Бэк оның соңынан қуып жетуге екілене құмартып аршындай ұмтылған. Ол оны жағалай тал-шілік қопасы жапқан кепкен бұлақтың жырасына қуып тықты. Қасқыр Джо мен басқа да иттердің тығырыққа тірелгендегі әдетінше артқы аяқтарына шоңқия кетіп, әбігерленіп, шыр айналды да қалды. Ырылдап, жалын күжірейтіп, тістерін сақылдатты.

Бэк шабуылдаған жоқ, қайта өзінің бейбіт ниетін қалайда байқатуға тырысып, көкжалды төңіректеп көп жүрді. Әйткенмен қасқырдың күдігі басым еді және Бэк өзінен үш еседей ірі, әрі бір бастай биік болғандықтан қатты үрейленді. Бөрі бір мезетте сәтін тауып қашып берді де, қуғын қайта басталды. Анда-санда Бэк оны тағы да әлдебір қуыстарға қуып тығады да, бәрі қайтадан басталады. Қасқыр өте арық еді, әйтпесе Бэкке оны қуып жету оңайға түспесі анық-ты. Ол қашып бара жатып Бэктің басы бүйір тұсына іліккен кезде қорғана кету үшін орнында тұра қалып шыр айналады, бірақ алғашқы мүмкіндік туған сәтте салып ұрып жорта жөнеледі.

Ақыр соңында Бэктің табандылығы ақталды. Бөрі оның ниетінің зиянсыздығына кез жеткізген соң тоқтап бұрылды да, екеуі иіскелесе бастады. Осылайша достық қатынасқа көшкен бұлар өзара ойнауға кіріскен, бірақ ойындарында түз тағыларының қатігездігін жасыратын ширыққан, үрейшіл сақтық бар-тын. Қасқыр Бэкпен ойнап болған соң бар қимыл-әрекетімен өзінің ешқайда асықпайтынын көрсетіп һәм Бэкті соңынан еруі керектігін байқатып әрі қарай бүлкілдей тартты.

Екеуі ымырт қараңғылығында өзен арнасының бойын өрлей, одан түнерген тау сілемі басталған тұстан жоғары қарай қатарласа салды.

Су айрығының қарсысындағы ылдимен үлкен ормандары мен көптеген айдындары бар жазыққа түсті, солайша осы ағаш арасымен алға қарай желе берді. Сағаттар өтіп жатты, бір мезгілде күн де ту биікке көтеріліп, төңірек едәуір жылына түскен. Бэк ғажайып шаттыққа кенелді. Енді ол өзінің орманда ұшырасқан ағайынымен бірге түсінде де, өңінде де естіген сонау құзыретті сарынға қарай бірге беттеп бара жатқанын білді. Санасында әлдебір ежелгі естеліктер жедел жаңғырып, кезіндегі елес іспеттес шындықты қабылдағанындай осы түйсікке де тезірек үн қатуға құмартқан. Иә, дәл қазіргі құбылыс бұлдырап есіне түскеніндей, бұрын өзге бір дүниеде де басынан өткен болатын: бұл онда да дәл осылай еркін заулап келе жатты, аяғының астында жан баласының табаны тимеген жер, ал төбеде зеңгір көк төніп тұр еді.

Бұлар су ішу үшін бұлаққа аялдаған. Сол сәтте Бэктің есіне Джон Торнтон түсті. Ол отырды. Қасқыр қайтадан сонау сарын естілген жаққа қарай сала жөнелді, бірақ Бэктің орнынан қозғалмағанын байқап кері оралды да, мұны қалайда ілестіре кетудің әрекетімен тұмсығымен түрткілеген. Алайда Бэк одан теріс айналып, баяу басып, келген тұстарына қарай қайта тартты. Жабайы қандасы бір сағатқа таяу қатар жортып, ақырын ғана қыңсылаумен болған. Содан соң отыра кетті де танауын көкке көтеріп ұлуға кірісті. Бэк осынау қамыққан үнді әбден үзілгенше кетіп бара жатып ұзақ естіді.

Джон Торнтон Бэк станға құстай ұшып келіп өзіне бас салған сәтте түстеніп отыр еді. Ол қожайынына деген ессіз сүйіспеншіліктен оны жерге аударып тастап, үстіне қонжия кетті де бет-аузын жалап, қолынан тістелей бастады - бір сөзбен қайырғанда, Джон Торнтон айтпақшы "ақымақтануға" кірісті, ал иесі өз кезегінде итті басынан шап беріп, жұлқылап, аузына келген сөзді айтып әдетінше сүйсіне боқтаған.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий