Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон
-
Название:Родовой мотив / Тектік сарын
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:54
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...
Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги
Бұланның мүйізі тарам-тарам ағаш іспеттес алып басы бірте-бірте салбыраған үстіне салбырап, өзі сүйретілген үстіне сүйретіле берді. Енді ол тұмсығын жерге тіреп, құлақтары салбырап ұзақ меңірейіп тұруды әдет қылған, ал бұл мезгілде шауып барып шөл қандырып алған Бэк дамылдауға кіріседі. Ауыр тыныстап, қызыл тілін салақтатып, еңгезердей бұланнан көз айырмай жатқан сәтте маңайдағы дүние өзгеше күйге түсе бастағандай көрінеді. Түйсінеді: айнала төңірек құбылып барады. Мұнда бұландармен бірге көзге көрінбейтін басқа да бір тіршілік иелері пайда болған сияқтанады. Солардың келуінен орман да, су да, ауа да діріл қағып тұрғандай сезіледі. Мұны Бэкке өзінің көзі де, құлағы да, тұмсығы да емес, ішіндегі әлдебір жаза баспас ғажайып қабілеті жеткізеді. Бәлендей тосын құбылысты көрген де, естіген де жоқ, алайда қоршаған ортада өзгеріс болғанын, айналада беймәлім бір жан иелерінің аласұрып жүргенін білді. Сөйтті де қазіргі бастаған ісін аяғына жеткізіп болғаннан кейін төңіректегі дүниені жақсылап зерттеуді ұйғарды.
Ақыр аяғында төртінші күннің соңына қарай кәрі бұланды титықтатып біткен. Бір күн, бір түн бойы жемтігінің маңайынан ұзамай, ішініп, тойынып алды да, соның қасында айналшақтап жүрді де қойды. Одан дамылдап, отығып алған соң Джон Торнтон есіне түсті де, желе жортып станға қарай бет түзеді. Ол үйге қарай шым-шытырық жолда шатыспастан, компас ұстаған адамның өзі қиналатындай бейтаныс мекендерде ешбір жаңылыспастан, сенімді түрде бірнеше сағат бойы жүйткіді.
Бэк жолшыбай маңайдағы үрейлі жаңа өзгерістерді біртіндеп қаттырақ сезіне түскен. Енді жағалай мұның жаз бойы бақылаған көріністерінің мүлдем бөлек тіршілік басталған секілді. Мұны бұл жолы Бэктің ішкі түйсігі ғана сездірмеген болатын. Жоқ, ол жөнінде құстар сайрап, ақ тиіндер өзара күңкілдесіп, тіпті желдің өзі сол туралы гулеген. Бэк бірнеше мәрте аялдады, таңғы самалды иіскелеп, одан өзін жылдамырақ жүруге итермелеген хабарды андады. Әлде енді ғана таянып келе жатқан, не болып үлгерген жайсыз оқиғаның лебі дегбірін қашырған. Ол ең соңғы су айрығынан өтіп стан орналасқан алқапқа түскенде абайлап, жүрісті баяулатты.
Үш мильдей өткен соң жаңа іздің үстінен түсіп, желке түгі тікірейіп кеткен. Іздер станға, тура Джон Торнтонға қарай бастайды! Бэк сақтықты бұрынғыдан да күшейтіп жөнеп берді.
Бүкіл түйсік сезімдері ширыққан ол бәрін бірдей жайып салмағанымен талай жайттан хабардар еткен деректерді жіті қабылдады. Өзі жүгіріп келе жатқан жолмен мұның алдында ғана беймәлім адамдардың өткенін иісінен білді. Мүлгіген орман өзінің тыныштығымен-ақ ішіне әлдебір қатерді бүгіп тұр. Құстар да үнсіз қалыпты, барлық ақ тиіндер де ғайып болған, Бэктің көзіне бір ғана нәрсе түсті: өзінің жалт-жұлт еткен сұрғылт сұлбасы кепкен сұп-сұр бұтақтармен астасып, ағаштардың бөлшегінше солармен біте қайнасып кетіпті.
Бэк көлеңке іспеттес сонша жеңіл, әрі жылдам жылжыған, кенет оның тұмсығы белгісіз көлденең күштің ықпалымен бір бүйіріне қарай жалт бұрылды. Тосын, бейтаныс иіс ырқымен жүрген ол бұта арасынан Нигті көрді. Төбет бір қырынан жатыр. Өліп қалған. Тәрізі, осы жерге дейін сүйретіліп келіп жан тапсырған сияқты. Қос бүйірінен бір-бір жебе сорайып тұр.