Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон
-
Название:Родовой мотив / Тектік сарын
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:54
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...
Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги
Тағы да жүз ярдтай өткен Бэк Торнтон Доусонда сатып алған жегім иттердің бірінің үстінен түсті. Ажал тырнағына іліккен ит тура жол жиегінде ирелеңдеп жатыр. Бэк оған қайырылмай айналып өте шықты. Стан жақтан бірде баяу, бірде күшейе түскен дауыстар күмбірі жетеді, - ол бірқалыпты әуен ырғағы болатын. Жер бауырлай жылжыған Бэк орман жолының аяғына шыққанда қадалған жебелерден жайраға ұқсап етпеттеп жатқан Ганска тап болды. Дәл сол сәтте Бэк шырша бұтағынан жасалған өздерінің лашықтары жаққа басын бұрғанда назарына іліккен көріністен қатты тіксінді. Тұла бойы ызадан жарылып кетердей қалшылдаған. Ол қаһарлана, кәрлене ырылдай бастағанын өзі де аңғармады. Бір сәт бұрқ еткен долылық ақыл-айлаға ерік бермеді. Бэк естен айырылған еді, оған себеп Джон Торнтонға деген ғажайып махаббат болатын.
Күркенің орнын айнала билеп жүрген ихеттер кенет өздеріне қарай заулап төніп келе жатқан бұрын-соңды кездеспеген аңның үрейлі ырылын естіді. Бойын кек құмары билеген Бэк бұларға өртке тиген дауылдай соқтыққан. Ол ең жақын тұрған біреуді бас салып (ихеттердің көсемі-тін), кеңірдегін суырып алғанда қан фонтанша атқыды. Бэк құлап түскен үндіске қайта тиіспей келесісіне ұмтылып оны да алқымдап тастады. Енді оны тоқтату мүмкін емес-тін. Тобырға қырғидай тиген ол өзіне қарай қардай бораған жебелерге қарамастан бәрін баудай түсіріп қырып-жоюға кіріскен. Ол найзағай отындай ойнақтап жүргендіктен өзара тығыз ұйлыққан үндістердің атқан оғы бұған дарымай, өз адамдарын жайрата бастаған. Бір жас аңшының алапат күшпен Бэкке лақтырған найзасы екінші бір аңшының кеудесінен тиіп, арқасынан бір-ақ шықты. Сол тұста сұмдық үрейге бой алдырған ихеттер жын-шайтанға тап болдық деп бақырып-шақырып орманға қарай тұра безді.
Бэк ағаш арасымен бұландарды қуғанындай өкшелеп бұлардың да іздеріне түскен сәтінде, расында да, дию-періге ұқсап кеткен еді.
Бұл ихеттер үшін қарғыс атқан күн болды. Тоғайдың тұс-тұсына ту-талақай болып қайтқан олардың аман қалғандары арада бір жеті өткенде ғана түкпірдегі алаңқайда бас қосып, шығындарын түгендеуге кіріскен.
Ал бұларды қуудан шаршаған Бэк бос қалған станға қайта оралды. Ол ұйқыда жатқандықтан әлгілер көрпесінің астынан шығып үлгертпей өлтіріп кеткен Питті тауып алды. Айнала төңіректе Торнтонның аянбай шайқасқанын әйгілеген белгілер сайрап жатыр. Бэк сол іздерді жағалай иіскелеуге кіріскен. Іздің шеті терең тоғанның жағасына алып келді. Жиектегі суға басы мен алдыңғы аяқтарын сұғына, қожайынына адалдық танытып, ең соңғы сәтке дейін ұзамаған Скит жатыр. Кен шаймаланғандықтан лайланып кеткен балдырлы тоғанның түбінде не бар екені белгісіз. Ал онда Джон Торнтон жатыр еді. Бэк оның табан ізінің суға дейін барғанына көз жеткізді, бірақ қайтқан ізі жоқ.
Бэк күні бойы біресе тоған басында отырып, біресе стан ішін шарқ ұрып шарлаумен жүрді. Ажалдың не екенін білетін еді: адам қимылдауды доғарады, одан тірілер арасынан мүлде жоғалады. Ол Джон Торнтонның өлгенін, енді қайтып келмейтінін түсінді де, құлазып сала берді. Бұл аштық секілді түйсік екен, бірақ азынаған осы бостық жанға бататын сияқты, ол қуысты ешбір азықпен толтыра да алмайсың. Аталған сырқаттың аялдан ихеттердің өлігіне қараған кезде ғана басылатынын аңдады. Сол сәтте оның кеудесінде керемет өрлік пайда болды, ол ешқашанда өз-өзін дәл мұнша асқақ сезінш көрмепті. Өйткені бұл ең асыл аң адам өлтірді ғой, түптеріне сойыл мен азу заңы бойынша жетті. Өліп жатқандарды тамсана иіскелеген. Сөйтсе, адам өлтіру оп-оңай көрінеді! Әшейін итті өлтіруден де жеңіл. Жебелері мен найзасы және сойылдары болмаса олар мұнымен, мына Бэкпен күш сынасуға дәрменсіз екен.