Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон
-
Название:Родовой мотив / Тектік сарын
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:54
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...
Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги
Джон Торнтонның адамдар мен табиғатқа қоятын талабы аса қатал емес-ті. Қуаң, жабайы орындар оны сескендіре қоймайтын. Қалтасында бір шымшым тұз бен иығына асқан мылтығы болса жетіп жатыр, ормандар түкпірінде қанша жүргісі келсе, сонша жүреді. Оның тіршілігі үндістердікіне ұқсас, ешқашан да ешқайда асыққан емес һәм сапар кезіне азығын аңшылықпен табады. Аң-құс ұшыраспаса сол баяғы үндістердің сабырымен оған ертелі-кеш бір кездесетініне деген бекем сеніммен жолды жалғастыра береді. Олардың шығысқа тартқан ұлы саяхаты кезіндегі азықтары да аңшылықтан түскен жас еттен тұратын еді, ал шанадағы жүктері - негізінен жабдықтар мен қажетті құрал-сайман, жоспарлары ұзақ уақытқа лайықталған болатын.
Аңшылық, балық аулау, жаңа, бейтаныс орындарда адасу Бэкті алаңсыз сайрандатты. Бұлар бірде апталап жол жүрсе, бірде әлдебір жерлерге жеткенде шатыр тігіп тастап жетілеп жатады, сондайда иттер босайды, ал алтын іздеген адамдар тоң жерді немесе жынысты қопарып, оны от жанында науамен ертелі-кеш шаймалауға кіріседі. Кейде аш жүреді, кейде ас та төк молшылыққа кенеледі - оның бәрі жолшыбай кездесетін аң-құстың мөлшері мен саятшылықтың сәтіне байланысты келеді. Жаз да жетті, жүктерін сүйреткен адамдар мен иттер салға отырып көгілдір тау көлдерімен жүзіп өтті, ағаш дінінен шабылған ескі қайықтарға мініп, бейтаныс өзендердің ағысы арқылы бірде жоғары өрлеп, бірде еңіске қарай құлдилады.
Айлар өтіп жатты, бұлар осынау жан баласы жоқ, ал егер айдаладағы лашық туралы аңызға сенсе, кезінде біреулер жүрген беймәлім өңірдің жабайы алқабын кезіп шарқ ұрды да жүрді. Өзендер арасын бөліп тұрған тау жоталарынан асты, қаншама мәрте боранға да ұрынды. Жалаңаш шың-құздарда, ормандар мен мәңгі қар шекарасында суық күн сәулесіне жылына алмай талай дірдек қақты. Шыбын-шіркейлер бұлты қаптаған жылы алаптарға түсті, көшпе мұздардың аясынан піскен қойбүлдірген мен әсемдігі жағынан Оңтүстіктің гүлдерімен тайталасатын гүлдерді терді. Күзде кезінде құс базары болған, ал қазір мұңды да үнсіз, әлдебір тіршілік белгісінен ада тек өкпек жел гулеген, таса тұстарында су қатып, баяу сылдырлаған күйрек толқындары қуаң жағалауға ұмтылған сиқырлы көлдер мекеніне жеткен.
Сөйтіп мұнда өздеріне дейінгі баяғыда-ақ ескіріп кеткен адам ізін іздеп екінші қысты өткерген. Бірде мүлгіген орманда әлдебір сүрлеуге тап болды. Бұл өте ескі соқпақ еді -оларға тозған лашық тіпті қол созым жерде тұрғандай көрінді. Алайда осынау жалғыз аяқ жолдың қайдан басталып, қайдан аяқталатыны белгісіз еді және мұны кімнің не үшін таптағаны да жұмбақ-тын.
Тағы бір жолы бұлар аңшылардың уақыт тоздырған жер кепесіне кездесті онда Джон Торнтон шіріген көрпе арасынан шақпақ таспен атылатын ұзын ұңғылы мылтық тауып алған. Ол мұндай қару түрін жұрт солтүстік-батысқа жаппай ағыла бастаған алғашқы жылдары Гудзонов шығанағы компаниясы шығарғанын білетін, онда дәл осындай бір мылтық алу үшін осынша биік қатталған құндыз терісінің теңін беретін. Қираған заттар ішінен кезінде осынау күркені салып, көрпе арасына мылтығын тастап кеткен адамды еске түсіретіндей басқа ештеңе табылмады.
Одан қайтадан көктем келді, бұлар ұзақ қаңғығаннан кейін ақыр аяғында аңызға айналған лашыққа емес, кең алқаптағы алтын топырағына кезіккен. Кеннің молдығы сонша, шаятын науа түбіне сары майдай іркіліп қалатын еді. Үш жолдас кезуді доғарды. Бұлар күніне мың доллардың таза алтын құмы мен кесек алтынын шаймалауға кіріскен. Ал жұмыс күнде істеледі. Алтынды әр қалтаға елу фунттан бөліп, бұлан терісінен жасалған қапшықтарға салды. Ал оларды шырша бұталарынан тоқып салған күркелерінің алдына ағаш қаттағандай қалап қойды. Өздері ауыр жұмысқа әбден берілгендіктен уақыттың да қалай заулап жатқанын аңғармаған еді. Күндер көрген түстей зулай берді, ал қазына қоры үйілген үстіне үйіле түсті.