Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:140
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.
Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Әлгінде бүйірінен қамшымен нұқыған мосқал қазақ енді өзіне қадалып қалыпты. «Ал, бол, айт!» – деп тұрғандай көзқарасы.
Одан әрі жүздеген, мыңдаған көздер өзіне қадалғанын қас қағым сәтте аңғарды. «Сөйле!» – деді өзіне өзі.
– Патша, патша дейсің, Атамырза. «Патша, патша!» – деп лепіргенде балағыңнан кірген жел танауыңнан шығады. Патша уәдеден тайған жоқ па? Қазақтардан әскерге адам алмаймын деген антын бұзған жоқ па? Антын жұтқан кімді аяйды? Соғыс жүріп жатқанына үш жылдың жүзі болды. Кімге керек ол соғыс? Қан төгіп жатқан халық. Тауқымет артып жатқан халық. Ал патша болса, тағын ойлайды. Халық қырылған жерде патша тағының амандығы кімге керек?! Мен де кеше ғана Ташкенттен келдім. Ондағы жұрт патшаға адам бермейміз деп аттанысқа шықты. Соноу Торғайда, анау Жетісуда, мынау Қырғызда халық көтеріліп жатыр. Дүйім халық көтерілсе, патша да, губернатор да, ояз да, мынау тұрған пристав та түк істей алмайды. Алтау алауыз болмай, төртеу төбедегіні алайық. Қарулан, халайық! Ойталдағы Ақкөзге барып қосыл. Бытырамай бір кісінің баласындай бол! Бес саусақ жұмылса – жұдырық, жұмылмаса – құрыдық. Патша қазақ жігіттерін майданның қара жұмысына алмақшы. Ол не деген сөз? Ол окоп қазады, қолындағы бар қаруы күрек болады деген сөз. Сонда қалай? Германдықтар мылтық пен зеңбіректен оқ жаудырса, окоп қазып жатқан қазақ оларға қарсы күрек лақтыра ма? Білгіш болсаң, осыған жауап берші, Атамырза?!
Атамырзаның аузына құм құйылған жері осы болды. Ол қазір мектепте мұғалімнің сұрағына жауап бере алмай мелшиіп мұрнын шұқылай беретін әдетіне қайта басты. Дәрежелі мырза екенін ұмытып та қалса керек. Алысқа ұзап кете қоймаған екен азаматың. Ақылдан кемтар неме әлі жетіле қоймапты.
– Мынау қайдан шыққан бәле? – деді есін енді жия бастаған пристав.
– Бұл Тұрар деген бұзық. Есіңізде ме, ана жылы біздің тойда Ақкөзге ара түсетін тілмаш. Семашко мырзаның көмекшісі, – деп түсіндірді Атамырза.
– Мен бұл сұмды білемін. Ташкенттен бірге келдім. Иә, бұл Тұрар Рысқұлов. Қап, білсемші сол екенін! – деп ротмистр санын бір-ақ соқты.
– Әй, оңбаған, тоқтат! – деп ақырып қалды пристав. – Тоқтат! Солдаттар! Тыңда бұйрықты! Ұстаңдар ана сұмырайды!
Иін тірескен адамдарды нар-мінберден бөліп тұрған солдаттар алға кимелеп, Тұрар тұрған жерге жетпек болып ұмтылып еді, теңіздің толқыны теуіп тастағандай, қайта кейін жапырылып кетті.
– Бала! Енді тай! Біз қалқалай тұрамыз, – деді қатар тұрған мосқал қазақ. Ендігі аялдаудың, сөз сөйлеудің реті жоқ, базар үсті у да шу, шатыр-шұтыр, сапырылыс басталды. Тұрар торы атты топтан әрең шығарып, базардың солтүстік қақпасына қарай ығыстай берді. Артына бір бұрылып қарап еді, қалың нөпір оның соңынан дүрмек-дүрмегімен андыздап келеді екен. «Солдаттар емес», – деді өзіне өзі.
Қақпадан шыққан бетте Ойтал бағытын бетке алып, торы атқа қамшы басты. Нағыз шайқас жолына тұңғыш түскенін бар жан-тәнімен сезіп, ұшатын қанат біткендей, кең далаға «аттан!» – деп айқай салды. Осы сөзді әр тұстан қайталап, солтүстікке қарай андыздап бара жатқан аттыларды көріп, Тұрардың көзінен жас парлады.
* * *
Василий Терентьевич Кузьмин ұйқыдан ерте тұруға дағдыланған кісі. Селоның ең ірі байы, әрі атаманы болғандықтан өз дәрежесіне сай аспай-саспай сәске түсте бір-ақ тұрса да болар еді. Жоқ, Кузьмин ондай емес. Кузьмин өзінің бала-шағасына, жалшы-батырақтарына үнемі:
– Кто рано встает, тому бог дает, – деген өсиетті айтудан жалыққан емес. Бүгін де торғай шыр еткеннен төсегінен тұрып, ұйысқан қаба сақалын, бурыл шашын айнаның алдына барып тарап, бұрыштағы иконға шоқынар-шоқынбас, иығына кителін іле сала, тысқа шықты.
Батырақтары қорада жүр екен. Кулак бұған қуанып қалды. Мына қилы заманда жалшыларына сенбейін десе, бұлар бір мың болғырлар. Ерте тұрып, мал қамына кіріскен түрі бар.