Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:141
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.
Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Бала кезінде Тұрардың тамағында баспасы бар болатын. Сәл суық тисе, денесі қызып, тамағы қырылдап шыға келетін. Ахат атасы бір күні баланың басын екі тізесінің арасына қысып алып, аузын ашып, саусағын көмейіне тығып жіберіп, барлығып тұрған баспаны мыжып-мыжып тастаған. Аузынан ірің аралас қан аққан. Ахат оның тамағын көкемарал қайнағымен қайта-қайта шайғызған. Бірақ бала кезінде біртоға, көп сөйлемейтін Рысқұлов, есейе келе көпшілік алдына шығып, сарнай-сарнай сөз сөйлеуге мәжбүр болды да (тағдыр шығар), сондайда тамағы кенет кеуіп қала беретінді шығарды. Адам жаратылысында оның денесінде артық-ауыс мүше болмаса керек, тамақ безінің де атқаратын өз қызметі болады екен, ол тамақ құрғатпай, ылғалдап тұрады екен. Рысқұловта ол жоқ...
– Мұның бір себебі, – деді Рысқұлов сөзін сабақтап, – Түркістан Компартиясы Крайкомның осалдығы. Крайком дәрменсіз. Өздеріңіз білесіздер, Крайком үш тармақты: «Крайкомның өзі, мұсылман бюросы, шетел коммунистерінің (чех, венгер, неміс т.б.) бюросы. Мусбюроға күллі Түркістандағы мұсылман қауымынан шыққан коммунистер қарайды. Бұл – Түркістандағы коммунистердің тоқсан бес пайызы. Сондықтан да сол тоқсан бес пайыз Крайкомды емес, Мусбюроны таниды. Мұны біздің Орталықтан келген кейбір жолдастар, яғни Түрккомиссия: Мусбюро Крайкомға бағынбай кеткен, өзінің өкілеттігін арттырып жіберген деп айыпқа балайды. Ал Мусбюроны мен басқарамын, демек мені айыптайды. Сөйтіп, Түркістанда Коммунистік партияның үш орталығы, үш комитеті өмір сүріп келеді. Формальді түрде басшылық Крайкомда болғанымен, үш комитет дербес тұрып жатыр. Бұл, әрине, дұрыс емес. Бұл қырсықты біржола жою үшін, үш тармақты біріктіріп, пәрменді біртұтас Крайком құру керек. Біртұтас Коммунистік партия болсын!..
Элиава алдымен қол соғып жіберді. Оны басқалар да қостап ала жөнелді. Голощекин тіпті сексеуілдің жігеріндей қолдарын тұңғыш рет аямай шапалақтады.
Партиялық біртұтастық жолында Рысқұлов өзі басқарып отырған өте пәрменді комитеті – өлкелік мұсылман бюросын – Мусбюроны құрбан етуге дайын. Мусбюроны жойып, Крайкомды күшейту идеясы Голощекинге де, Куйбышевке де, Элиаваға да, Рудзутакқа да қатты ұнады.
Бірақ келесі бір сәтте бұлар ептеп секем ала бастады. Рысқұлов біртұтас коммунистік орталық болуын талап етті де, ізінше ол партияның атын «Түрік коммунистік партиясы» болсын деп ұран тастады. «Түркістан – Түрік кеңестік республикасы» деп аталсын деді.
– Түркістанның өзі «түрік елі» деген сөз емес пе?» «Түркістан» сізге несімен ұнамайды? – деп айқай салды әлдекім.
Рысқұлов бұл сұрақты күткен. Бірақ кім қоярын білмеп еді? Баяғы «досы» Клевенцов екен. Жауап беруге дайын болса да, баяндаманы белортасынан үзіп тастап, беймезгіл сұраққа жауап беру керек пе, жоқ па? – дегендей Президиумға қарады.
– Сұраққа жауап соңынан беріледі! – деп Низамеддин Ходжаев Клевенцовты тыйып тастады.
Тегі, Клевенцов шошаңдамай тұра тұрғанда да болатын еді. Әйтпесе, баяндаманың арғы жағы әлгі сұраққа егжей-тегжейлі, негізделген жауап еді ғой.
«Түркістан» деген ұғым бізге отаршылдықпен бірге келген. Қазіргі шекарасындағы Түркістанды генерал-губернатор фон Кауфман құрған. Түркістан өлкесі фон Кауфманның, одан кейін билік құрған он екі генерал-губернатордың патшалығы. Оның шекарасынан тысқары жерде көптеген түркі халықтары тұрады. Басқаларын айтпағанда, мына іргелес жатқан «Киргизский край» дегеніміз – Қазақстан. Онда қазақтар тұрады. Патша заманында да, ұятымызға орай, әлі де «киргизы» деп жүргеніміз – қазақтар. Ал сол қазақтардың жартысына жуығы Түркістанда да, жартысынан көбі «Киргизский крайда». Ұятымызға орай, біз әлі күнге дейін сол халыққа патша тартып алған төл атын да қайтарып бере алмай жүрміз. Ал енді сонда қалай болады? Әлгі қазақтар жарымы Түркістанда, жарымы «Киргизский крайда» жүре бере ме?
Жоқ, бірігуі тиіс. Ол үшін Түркістан емес, Түрік республикасы керек. Қазақтар да – түріктер.