Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:141
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.
Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Әуелі қазақтарға қазақтың шын атын алып берейік, Әбеке. Біз әлі, ұят болғанда, «киргизбіз» ғой.
– Арада небары үш-төрт-ақ жыл. Сонда күймедегі орнын ротмистр тартып алған балаң жігіт үш-төрт жылдан кейін Түркістанды басқарып тұрады деп кім ойлаған?! Ғажап өзгерістер. Революция. Ал cay тұрыңыз, мәртебеңіз өсе берсін.
* * *
Әбубәкір Диваев солай деп кетті. «Біз түрікпіз ғой» дегені Рысқұловтың құлағында бұзылған патефонның табағындай қайта-қайта шыңылдап тұрды да қалды. Патефонның құлағын бұрай салсаң, дауыс өшеді. Ал мына үнді өшіретін айла табылар емес. Рысқұлов ұмытуға тырысып еді, түк шықпады. Диваев мұны керемет қарапайым, керемет сеніммен айтқаны сонша, Рысқұловтың миына қашап тұрып жазып қойғандай жатталды да қалды. Түркістанның президенті өзімен-өзі арпалысқан күндер өтіп жатты. Диваев айтқан Түрік қағанаты қайтып келмес. Ол – абсурд. Ірілік пен бірлік жоқ жерде – ұсақсың. Ал ұсақты әркім ұрып кете береді.
Ал енді кеңес жағдайында ше? – дейді Рысқұлов тынымсыз ойдың толқынына тұншығып. – Енді біз еркіндік алдық емес пе? Декрет бойынша теңдік те бар, еркіндік те бар. Декрет бойынша. Ал іс жүзінде сол Декреттің сәулесін әлдекімдер Түркістанға толық түсірмей, әлі тасалап тұрған сияқты. Оны тасалап қалатын қара құдірет болмаса керек еді. Бірақ күннің өзін де шала бұлт кейде көлегейлеп қалады. Демек, сол шала бұлтты ысырып тастауға тырысу керек, оны қалай біліп, қалай ысырарсың?
Оны Рысқұловтар білген де, күрескен де. Сол күрестің арқасында Кушекин тобы құлады. Ал сол Кушекин идеясын қуаттайтындар Мәскеуде де отырмағанына кім кепіл? Бухарин, мысалы, неге бізді «қуыршақ республика» деп ашықтан-ашық кекетеді? Сол кекесіннің ар жағында бір сұмдық жатқан жоқ па? «Қуыршақ республика», ал Рысқұлов «қуыршақ республиканың», «қуыршақ президенті» болмақ па сонда? Голощекин келіп: «былай істе, былай істе, аяғыңды қия баспа!» – деп желкеңе істік темір піскілеп отырса, әрине «қуыршақ президент» боласың. «Қуыршақ республика» атанып, күлкі болмас үшін, Түрік республикасы атану керек, бөлшектенбей, ірілену керек.
Әйтпеген күнде Рысқұлов «қуыршақ президент» күйінде қалады да, оның қол-аяғын қимылдатып, басын былай бір бұрып, олай бір бұрып отыратын Голощекин болады. Сондықтан бүгінгі конференцияда Рысқұлов жеңіп шығуға тиіс. Тек солай!
Рысқұлов қораның түкпіріне таман барып, беті қатқылдау қарды қос қолымен көсіп-көсіп, тазасын қос уыстап алып, аяз сүйген бетін ысқылап-ысқылап жіберді. Қараторы өңіне іштен бір жалын теуіп, дидары нұрланып сала берді.
* * *
Рысқұлов екі-үш жаңғақ шағып, қант орнына тістелеп отырып, шайды қою құйғызып, екі шынысын ішті де, екі қолын үстелге тіреп, дастарқандағы тандыр нан, мұздаған ет, піскен жұмыртқаға қадала қарап, тұнжырап бір пәс отырды да орнынан жұлқына тұра берді.
Бала сескеніп қалды: «Бір ісім ұнамай қалды ма?»
– Тамақ алмадыңыз ғой, – деп состиды.
– Е, құда, шабатын аттың жарауы жақсы. Тоқ ат барлығып қалады. Осы да жетеді, – деп Рысқұлов сары баланың тақыр басын сипады. Бала сол алақаннан шақшадай басы балқып бара жатқандай ыржиып күлді:
– Түскі тамаққа Мұхсина апай не дайындасын, аға?
– Түскі тамақ дейсің бе? Әуре болмаңдар. Түскі тамаққа бір бұйырғаны болар.
Конференция тұп-тура сағат тоғызда басталды. Оны Крайком, Турккомиссия, Мусбюро, Крайинбюро ұсыныстары бойынша Рысқұлов ашты. Президиумге Рысқұлов, Шакиров, Алиев, Н.Ходжаев, Домбровский, Голощекин жолдастар сайлансын деген ұсыныс түсті. Екінші жақтан қарсы ұсыныс шықты. Әлгі ұсынылғандарға қоса Тұрсынходжаевтың, Вройдоның, Вакстың, Соловьевтың, Купердің, Рудзутактың аттары аталды.
Не керек, едәуір айтыстан кейін, көпшілік дауыспен президиумға Рысқұлов, Домбровский, Н. Ходжаев, Шакиров, Алиев, Голощекин өтті.
Рысқұлов сайланған кісілерді президиумға шақырды.