Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:141
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.
Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Рысқұлов тосылып қалды. Әңгіме бірден осылай басталып кетеді деп күтпеген. Диваев сөзін тағы тасқындатып алып кетті.
– Мен сіздің мусбюрода болатын күніңізді әдейі аңдып келдім. Крайкомда болатын күніңізде бара алмаймыз. Өйткені коммунист емеспін. Болмайын деп болмағаным жоқ, жасы түскір тым ұлғайып кетті, иә... Мусбюро да партиялық мекеме, бірақ сіз дәл осы қызметте, дәл мына креслода менің өтінішімді тыңдайды деп келдім.
– Айтыңыз, Әбеке, айтыңыз.
– Айтсам, қазір біздің Ташкентте бір-ақ институт бар. Оның өзі толар-толмас. Бұрынғы учительская семинария ғой. Қазір мұғалімдер институты. Түркістан сияқты өлкеге университет керек. Университет! Ол бүкіл Түркістанға ортақ, күллі Орта Азияның білім анасы болуға керек. Яғни – САГУ. Осындай игілікті іс істеп, университет ашып берсеңіз, халқымыз риза. Халық сізге қазірдің өзінде қарыздар. Fаламат жақсылық жасап, елді аштықтан құтқарып жатырсыз.
Сіз енді халық үшін басқа еш нәрсе істемесеңіз де, тек аштық ажалынан алып қалғаныңыз үшін ғана милләт сізді құрметтеп, төбесіне көтеріп, тарихқа алтын әріппен жазып қоюға тиіс. Мен төрімнен көрім жақын шақта тұрған кезде, сізге жағымпазданып, жалпаңдайтын жағдайым жоқ, иман шынымды айтып отырмын. Халық мұны әлдеқалай ұмытып кетсе, тауфихсыздық болар еді, ұмытпайды, сірә.
– Рақмет, Әбеке, – деді Рысқұлов сөзден тағы да тосылыңқырап қалып. – Университет болады. Орталыққа, Ленинге жазамыз. Бірақ дәл бүгін ашылмайды. Мүмкін, келесі – жиырмасыншы жылдан ашылып қалуы. Қазір ашаршылық, жан-жақта – майдан.
– Мен дәл қазір ашып бер демеймін. Дәл қазір негіз де жоқ. Әуелі негіз керек, мамандар керек. Ол біздің Түркістанда жоқ. Бүгінгі күннің қиын-қиын жұмыстарын атқара жүріп, бір мезгіл болашақты да ойлап қойған лазым дегенім ғой. Шал адам ақылгөй келеді. Ғафу етіңіз, шаруам бітті. Сіздің әрбір секундіңіз зәру, уақытыңызды алуға хақым жоқ, – деп Диваев креслодан тұра беріп еді, Рысқұлов:
– Асықпаңыз, Әбеке, – деді. Көмекшісіне қоңырау қағып шақырып, шай сұратты. – Әлгі тілегіңіз орындалады. Мен сізге өкімет атынан уәде беремін. Енді өз жұмысыңыз туралы айтыңыз. Осы сіз ғой, қателеспесем, башқұртсыз. Ал қазақ тілін, әдебиетін, күллі дастан, жырларын қалай игеріп алдыңыз? Мен таңғаламын.
Диваев Рысқұловқа көзін қысыңқырап, сынай қарап қалды да:
– Башқұрт, қазақ деген бір емес пе? Біз түрікпіз ғой, – деді. – Сіз шыннан Ұлы Түрік мемлекетінен бейхабарсыз ба? Ұлы Түрік қағанаты мұхиттай тасыған бір дәуірде. Ал мұхиттың тасуы бар да, қайтуы бар. Түрік қағанаты қайтқан кезде, әр жерде ойдым-ойдым көлдер мен көлшіктер қалған. Соның бірі қазақ, бірі башқұрт, бірі өзбек, бірі қырғыз, бірі сақа, бірі ноғай, бірі түрікмен, бірі малқар, бірі құмық, тағысын тағылар. Ал негіз бір, тілдің ұясы бір. Тіл дегеніміз – анамыздың ақ сүтіндей. Мен мұны несіне айтып отырмын? Ғафу етіңіз, мұның бәрін сіз менен гөрі жақсырақ білуіңіз мүмкін ғой.
– Шынын айтсам, көп білетінім рас. Бірақ сізге жету қайда! Әсіресе тарих терең ғой.
– Өткеніңді ұмытсаң, келешек сені де ұмытады. Айтпақшы, тағы бір өтініш. Мен этнограф-фольклористпін ғой. Халықтың ауыз әдебиетін сіз басқарып отырған өкіметтің газеті «Иштрякюн», «Ұлұғ Түркістан», «Ақжол» тағы басқалары жариялап тұрса, тіпті кітап болып шықса игі еді. Халықтың өз қазынасын өзіне қайтаруға тиісті емеспіз бе?
– Редакторларға парман беріледі, Әбеке.
– Ал сау-саламаттықта болыңыз...
– Тоқтаңыз, Әбеке! Он алтыншы жыл, шілде айы. Қара күйме. Ташкент, Шымкент, Әулиеата, Мерке жолы. Әулиеатадағы керуен-сарай. Ротмистр есіңізде ме?
– Тоқтай тұрыңыз, тоқтай тұрыңыз. Сондағы жап-жас жігіт сізсіз ғой, жолдас Рысқұлов.
– Иә, мен едім. Этнограф-жолаушы сіз едіңіз ғой, Әбеке.
– Айша бибі күмбезі. Сол ауылдың аты әлгі Черняевтің бір офицерінің атында еді той. Голо... Голо...
– Головачевка.
– Иә, Головачевка. Әлі солай атала ма?
– Әлі солай.
– Қиянат қой. Енді сіз өзгертерсіз.