Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу - Сакен Сейфуллин / Сәкен Сейфуллин
-
Название:Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:242
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Эта история о восстании 1916 года, о политической ситуации в Казахстане. В изданиях 1936, 1960, 1977 годов оригиналы 1927 года «Интеллигенция Алашорды, служащие, рабочие, казахские читатели» постепенно превращались в «тиранов, феодалов, врагов Советского правительства». В оригинальном тексте: «…Господа, которые учились, те, кто хотел стать джентльменом, приветствовали Бокейхана... В Омске, Семипалатинске Алекин был единственным, кто просил у Бога поздравления…», а в тексте 1977 года он сказал: «Казахские националисты не должны забывать, к чему может привести жестокая цензура и массовая пропаганда».
Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу - Сакен Сейфуллин / Сәкен Сейфуллин читать онлайн бесплатно полную версию книги
Патшаның не себепті түскеніне алғашқы уақытта қазақ елі түсіне алған жоқ. Бірақ қазақ елінің бәрі — ақ патшаның түскеніне жалпы қуанды. Патшаны қазақ елі «жерімізді алды, суымызды алды, өзімізді қорлады, солдат алатын болды, дінімізді жояйын деп жүр...» — деп, жек көруші еді. Орыс патшасымен соғыс қылған жұрттың тілеуін тілеуші еді. Жапониядан жеңілгенде қазақ елі «Ә-ә, бәлем!.. Шоқ!»—дегендей болып еді. Оның үстіне 1916 жыл қазақ жүрегіне қан қатырып, кек болып еді.
«Патша түсті» —деген хабарды алысымен Омбыдан, Ақмоладан хат ала бастадым. Омбыда, Ақмолада бірге жүрген, бір ниетті жолдастардың бәрі-ақ алды-артына қарамай, патшаның түскеніне мәз болып, жиылыстарға — топтарға араласып, «жалпы қазақтың пайдасын қорғап», әлеумет істеріне, саясат істеріне қатынаса бастаған көрінеді. Әрине, алғашқы күндерде большевиктерді білмейді.
Тез Ақмола қаласына келдім. Елде де, қалада да патша түскен соң топ-топ жиылыс. Гу-гу сөздер. Күн сайын жиылыс. Күн сайын митинг.
Екі күнде бір комитет сайлау. Екі жердің бірінде бюро сайлау.
Жиылыс сайын, митинг сайын сөйлейтін «ораторлар» — шешендер, көсемдер шыққан. Бұрын көп көрінбей, білінбей жүретін адамдар жиылыс майданына шыққан. Жиылыс сайын шығып сөйлейтін болған. Қала халқы гу-гу қайнаған. Екпіндеген. Барлы-жоқты, жөнді-жөнсіз сөз жүндей сабалған. Неше заманнан бері халықтың айтуға аузы бармай жүрген сөздер енді бүрк-бүрк қайнап шыққан. «Николай жауыз, қан ішкіш, Николай залым...» — деген сөздер әркімнің-ақ аузында. Бұрынғы приказшік, шолақ саудагер, алыпсатар, учитель, техник, мұғалім, хатшы, переводчик, фельдшер, доктор және басқа осындай адамдардың бәрі енді әлеумет пен саясат майданына шығып, «халық атынан» сөйлеп, көсем болып алыпты. Қала халқы жік-жікке бөлінген. Мәселен: казак-орыс, мещан, мұсылман (татар-қазақ), учительдер қауымы, қаладағы солдаттар. Бұлардың әрқайсысының өздерінің бөлек-бөлек жиылыстары бар. Қала менен даланы басқаруға жалпы комитет сайлаған. «Құрама комитет» (Коалиционный комитет) бұрынғы приставтарды түсіріп, олардың орнына жаңа кісілер сайлаған. Крестьянский начальниктер түсірілген. Уез түсіріліп, оның орнына комиссар сайланған.
Мен де келіп, қаладағы қайнап жатқан қалың сөздің ортасына кіріп кеттім. Мен қалаға келсем, қалалық-уездік құрама комитет сайланайын деп жатыр екен.
Сайлау туралы сөз болады деп қала қазақтарының «көсемдері» медреседе жиылып жатыр екен.
Мен де бардым. Медресенің бір үлкен бөлмесіне лық толған қазақ. Сөзді бастап отырған оқыған жігіттер. Мен де сөзге кірістім. Ортаға түскен әңгіме: «не қыламыз?» деген мәселе. Патша түскен соң халыққа саяси ерік тиген соң, бұқара халық не қыларын білмейді. Бұл мен киліккен жиналыста «не қыламыз?» деген мәселеден мынадай сөздер туған:
«Елде қазір үкімет жоқ... Оған не қыламыз? Елді билеу керек. Қалай билеу керек? Бұрынғы болыстарды не қылуымыз керек?.. Мына, қалада сайланайын деп тұрған уездік-қалалық құрама (коалиционный) комитетке қырдағы ел атынан кісілер кіре ме? Қанша кіреді, қалай?..»— деген талқыға түскен.
Әркім ойындағысын айтады. Әркім не қыларын білмейді. Тәжірибе жоқ, тәртіп жоқ, жоба жоқ.
Сөйлеген кісілер көбінесе күрмеліп, малтығып, көт айнала сөйлейді. Көбінесе тура ұсыныс кіргізе алмайды. Көбінесе бір сөзден бір сөзге көшеді. Бірақ әйтеуір сөз көп... Біраз сөйлеп отырып, ертең тағы да жиналмақ боп тарқадық.
Ертеңіне ноғай-қазақ болып тағы да медресеге жиналдық. Ноғайдың бір-екі оқыған шолақ саудагерсымақтары өзгеден гөрі «көсемдік» қылады екен: Сейіт Латыпов, Шәріп Ялымов, — бұлар ағып тұрған сөз. Өздері батыл, өздері екпінді, өздері «күллі мұсылман атынан» сөйлейді екен.
Бұл жиналыстағы әңгіме мынау: «Ертең қалалық жаңа уездік құрама комитет сайланғанда, көбіне-азына қарамай, әр халықтан, әр таптан, әр қауымнан, әр ұйымнан кісілер бірдей кіреді екен. Мәселен: мұсылманнан, казак-орыстан, мещандардан, славодкадан, солдаттардан, учительдер қауымдарынан — бәрінен құрама комитетке кісі бірдей кіреді екен.