Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу - Сакен Сейфуллин / Сәкен Сейфуллин
-
Название:Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:242
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Эта история о восстании 1916 года, о политической ситуации в Казахстане. В изданиях 1936, 1960, 1977 годов оригиналы 1927 года «Интеллигенция Алашорды, служащие, рабочие, казахские читатели» постепенно превращались в «тиранов, феодалов, врагов Советского правительства». В оригинальном тексте: «…Господа, которые учились, те, кто хотел стать джентльменом, приветствовали Бокейхана... В Омске, Семипалатинске Алекин был единственным, кто просил у Бога поздравления…», а в тексте 1977 года он сказал: «Казахские националисты не должны забывать, к чему может привести жестокая цензура и массовая пропаганда».
Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу - Сакен Сейфуллин / Сәкен Сейфуллин читать онлайн бесплатно полную версию книги
Бұған жұрттың көбі риза емес. Жалғыз-ақ казак-орыс риза. Бұл сөз кеште әрбір жерде әңгіме болып жатыр екен.
Сейіт Латыпов бізге бұл әңгімені түсіндіріп айтты.
— «Біз мұсылман қазақ-татар халқы болып, бұған қарсы болуымыз керек. Біз көп бола тұрып, орыстың әр түрлі уақ бөліктерімен бірдей болмауымыз керек. Құрама комитет (коалиционный комитет) болмасын. Сайлау жалпы болсын. Жұрттың бәрі сайлауға бірдей кіріссін. Комитетке сайланатын кісілердің спискесін әркім өзі жазып берсін. Жазған қағазын бүктеп, сайлау жәшігіне әркім өзі салсын. Сонан соң «Кімде-кім дауысты көп алса, сол комитетке өтсін», — делінді.
Бұл сөзді бәріміз де мақұл таптық.
— Бұлай болса, ертең бұрынғы қала басқармасының үйіне (Управоға) Омбыдан осы комитет сайлауын басқаруға келген бір комиссар жұртты жинайды. Сол жиналған жерде сөз сұрап алып, «Құрама комитетке» біздің барлық мұсылман халқы риза емес», — деп айтайық. Онан соң осы риза болмауды бастап отырған учитель қауымының бастықтары: Горбачев, Колтунов деген кісілер. Олар семинарияда тұрады. Мұсылман атынан қазір бір-екі кісі соларға барып сөйлесіп қояйық, — деді.
Мұны да мақұл таптық.
Ертең мұсылман атынан сөйлеуге жұрт Латыповты сайлады, қасына мені қосып берді. Сол жиналыстан кейін семинарияға барып, әлгі учительдердің бастықтарымен сөйлесуді және сол Латыпов екеумізге тапсырды.
Біз семинарияға келіп, Горбачев пен Колтуновқа кірдік. Екеуі бір үйде отыр екен.
Бұларды менің көргенім сол еді. Екеуі де семинарияның оқытушылары. Революцияның нұсқауына түсінген адамдар екен. Жастары отыз, қырыққа келген. Біз «мұсылман халқының» құрама комитет туралы қылған қаулысын айттық.
Бұлар мұсылмандардың бұл қаулысын тәуір көріп қалды. Бізге сайлау реттерін және басқа да сондай тәртіп реттерін түсіндіріп айтты.
— Ертең бұл сөзді айтатын жалғыз сіздер болмайсыздар, ертең бұл наразылықты жұрттың бәрі де айтар. Біздің учительдер қауымы азғантай болып отырып, үлкен қауымдармен бірдей комитетке кісі кіргізіп, көпшіліктің ақысын жемейді. Бұл «құрама комитет» дегенді шығарып отырған бұрынғы жаман құлықты адамдар. Бұлардың мұнысын істетпеу керек. Енді бөлінетін ештеме жоқ. Сайлау жалпыға бірдей, көпке бірдей болуы керек», —деді.
Біз біраз сөз сұрап, қош айтысып шықтық.
Ертеңінде Омбыдан келген комиссар бұрынғы қала басқармасының үйінде жиылыс құрды.
Бізде келдік. Жұрт жиылып жатыр. Үлкен үйге жұрт лық толып, иін тіресіп тұр. Омбыдан келген комиссар — бір семізше офицер төрде отыр. Қасында төрт-бес кісісі бар. Алдарында көк шұға дастарқан жапқан әдемі үстел. Жиылыс ашылды. Жиылыс ашылған соң әркім сөз алып, әлгі «құрама комитеттің» сайлау тәртібіне риза еместігін айта бастады.
«Мұсылмандардың атынан» Латыпов айтты. Латыпов сөйлеудің ретін біледі. Өзі батыл және ысылыңқыраған жігіт.
Көпшілік бірыңғай наразы болған соң «құрама комитет» болмайтын болды. Уақытша комиссия сайланып, қайтадан жалпы құпия ретпен уездік-қалалық комитет сайланатын болды.
Орыс, қазақ, татар сөйлесіп списке жасадық. Және бір спискені орыстардың бір жігіті жасапты.
Сонан соң тағы да жік-жік болып, бес-алты списке жасалып, сайлау болды. Сайлаудың ішіне біз де кірістік. Қазақтан комитетке бір-екі-ақ кісі өтті. Қазақтан кісінің аз өткен себебі — қазақтың сайлау тәртіптеріне әбден түсінбегендіктері болды.
Сайланған комитет елге үгіт-насихат, баяндама қылдыруға кісілер жібермек болды.
«Комитет кісі жіберуді маған тапсырды», — деп Ялымов оқыған қазақтарды медресеге жинады. Бардық. Кейбір оқусыз адамдардың да жиналыстардан қалмайтыны келді. Ақмола жатақтарының пысық бір бастығы біздің Балапан деген кісі келді. Ялымов жиналысты ашып көпіріп, «өзім-өзім» деп сөйлеп отырды. Қырға бірнеше кісі шығаратын болдық.