Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу - Сакен Сейфуллин / Сәкен Сейфуллин
-
Название:Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:242
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Эта история о восстании 1916 года, о политической ситуации в Казахстане. В изданиях 1936, 1960, 1977 годов оригиналы 1927 года «Интеллигенция Алашорды, служащие, рабочие, казахские читатели» постепенно превращались в «тиранов, феодалов, врагов Советского правительства». В оригинальном тексте: «…Господа, которые учились, те, кто хотел стать джентльменом, приветствовали Бокейхана... В Омске, Семипалатинске Алекин был единственным, кто просил у Бога поздравления…», а в тексте 1977 года он сказал: «Казахские националисты не должны забывать, к чему может привести жестокая цензура и массовая пропаганда».
Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу - Сакен Сейфуллин / Сәкен Сейфуллин читать онлайн бесплатно полную версию книги
Жиылысқа Орынбордан, «Қазақ» газетінен Міржақып келді. Тез одан соң Ақмолаға облыстық комитеттен екі қазақ жігіті — Әділұлы, Кемеңгерұлы деген комиссарлар келді. Олар келген соң, уездік қазақ комитетін аштық. Қазақ комитеті қазақ істерін басқаратын болды. Бірақ күш, үкімет уездік комиссардың қолында.
Әлі де уездік съездер (жиылыстар) болып жатыр. Кеңестер болып жатыр. Әрбір кеңеске қазақ атынан, уездік қазақ комитетінен кісілер кіргізіп жатырмыз.
Қазақ комитетінің төрағасы — Дүйсенбайұлы деген қазақ адвокаты, оның орынбасары мен мүшелері: Әділұлы, Кемеңгерұлы, Шегенұлы, біраздан соң Айбасұлы және тағы басқалар. Ақмола уезінің бірсыпыра іс білетіндерін қызметке жинап алдық. Қазақша баспахана орнатып, газет шығармақшы болдық. Ақша жинап, Дүйсенбайұлын машина мен қаріп сатып әкел деп Қазанға жібермекші болдық. Мені уездік комитеттің төрағасы қылды. Енді қайтадан Ақмола уезінің барлық қазақ елдеріне комитет сайлаушы кісілер жібердік. Болыстық комитеттерді қалай сайлау керек екенін, елге қандай «уағыз» айтудың керек екенін айтып және бұрынғы елді езген, жәбірлеген адамдар болыстық комитеттерге сайланбауларын тапсырып, сайлауға шыққан комиссарларымызға нұсқа жасап бердік. Және шығаратын газетімізді елден алатын кісілерден ақша жинап келуге «газетке жазылу дәптерлерін» беріп жібердік.
Ақмола уездік комиссары мен қазақ комитетінің арасы енді жаман бола бастады. Өйткен себебі мынау: мен бір жұмыспен елге шығып кетіп едім. Бір күні бір митингіде уездік комиссар Петровты біздің Рахымжан Дүйсенбаев Қазаннан қайтып келген бетінде сөгіпті. Петровтың бір жаман сөзіне қарсы шығып сөйлеп, Петровты провокаторсың (провокатор) депті. Әрине, бұған комиссар шамданып, Дүйсенбаев «мені жәбірледі... балағаттады...» — деп сотқа берді. Біз Дүйсенбаевты қорғап, Омбыға — облыстық комиссарға, облыстық қазақ комитетіне, облыстық Совдепке Петровты айыптап, өзімізден басқаға білдіртпей телеграмма бердік.
Қазақ комитетінің үш-төрт мүшелері сол комитетте жататынбыз. Дінмұқамбет Әділұлы, Бірмағамбет Айбасұлы, Кемеңгерұлы, мен — төртеуміз бір бөлмеде жататынбыз.
Күндегідей бейқам ұйықтап жатыр едік... Түн еді. Біреу келіп есікті қақты. Ояндық. Есік аштық. Бұ кім десек, қағаз таситын поштабай екен.
— Немене? — дедік.
— Сіздерге повестке! — деді.
— Ә? Кәне?.. Не қылған түн ішінде повестке?..
Оқыдық. Рас, повестка. Орыстың уездік комитеті бізді асығыс мәжілісіне түн ішінде шақырыпты. Үрпиісіп бірімізге біріміз қарастық. Тағы поштабайға:
— Бұл не қылған жиылыс?.. Кім бар онда? — дедік.
— Білмеймін не қылған жиылыс екенін. Маған «шақырып кел» деп, осы қағазды берді. Комитеттің мүшелері өздері ғана жиылысып отыр! —деді.
— Барайық, — деп бәріміз де тез киініп алып жөнелдік.
Қазақ комитетінің мүшелерінің бәрін де шақырыпты. Тысқа шығып, жүгіріп, өзге мүшелерді де пәтерлерінен тұрғызып алдық. Жолшыбай Баймағамбет Өгізтайұлы деген қазақ комитетінің бір мүшелерінің есігін қағып оятып алдық.
Баймағамбет — патша заманында начальникке тілмаш болған кісі. Орысшаны тәуір білетін адам.
— Ойбай, қазір асығыс жиналысқа шақырып жатыр, жүріңіз! — дедік. Баймағамбет шошып кетті, састы.
— Е, немене екен? Немене екен? — дей берді.
Қорықса да болмай алып жүрдік. Ай қараңғы. Түн ішінде көше-көшемен дедектеп бір топ «қазақ комитеттері» келе жатырмыз. Қала жым-жырт ұйықтап жатыр. Көшеде адамдар көрінбейді. Аспан алабұлт. Ашылған бұлттардың араларынан күлімдеп жұлдыздар ғана қарайды. Албастының көзіндей, қараңғыда терезелері жылтырап, тұнжырап үйлер тұр.
Біз өңшең «қазақ комитеттері» сау аяңдап келеміз. Баймағамбет қорқып сөйленеді:
— Япырым-ай, ә?.. Неге шақырды екен?.. Не болып қалды екен?.. Бір сұмдық болды ғой. Ә-ай, балалар-ай! Осы байқаңдар деп талай айтып едім, болмаушы едіңдер. Ал енді! Бір сұмдық болған ғой. Патша орнына қайта мінген ғой, — дейді.