Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу - Сакен Сейфуллин / Сәкен Сейфуллин
-
Название:Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:242
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Эта история о восстании 1916 года, о политической ситуации в Казахстане. В изданиях 1936, 1960, 1977 годов оригиналы 1927 года «Интеллигенция Алашорды, служащие, рабочие, казахские читатели» постепенно превращались в «тиранов, феодалов, врагов Советского правительства». В оригинальном тексте: «…Господа, которые учились, те, кто хотел стать джентльменом, приветствовали Бокейхана... В Омске, Семипалатинске Алекин был единственным, кто просил у Бога поздравления…», а в тексте 1977 года он сказал: «Казахские националисты не должны забывать, к чему может привести жестокая цензура и массовая пропаганда».
Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу - Сакен Сейфуллин / Сәкен Сейфуллин читать онлайн бесплатно полную версию книги
ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУ
Роман-эссе
(1927)
ТАРТУ
Тіршіліктің ескірген
Өнімсіз тәсілдерін тастап,
Өнімді өнер тәсілдерін жасаушы;
Ескірген надан әдетті,
Бақытсыз тұрмысты жойып,
Бақытты жаңа тұрмыс жасаушы;
Қазақстанның жас жұмыскер табының
Екпінді жастарына,
Ұлы өзгеріс, ұлы асудағы
Көрген,
Білген
Әңгімелерді кітап қылып
Тартамын.
Сәкен.
1926 жыл, 17 сәуір.
БЕТАШАР
Бұл «Тар жол, тайғақ кешу» әңгімесінің бас жағы бұрын «Қызыл Қазақстан» журналына бөлшектеніп басылған еді. Сол басылғандарды жиып, жөндеп, тағы қосып жазып кітап қылдым. Бірақ уақыттың тарлығынан асығыс жазылды. Сөзді шеберлеп, түзетіп тізіп отыруға уақыт жоқ... Мақсұт: 1916-17-18-19 жылдардағы тарихи қозғалыстың, ұлы өзгерістің (революцияның) Қазақстандағы өзім көрген, өзім білген оқиғаларынан баспа жүзінде қалдыру.
Мұнда талай кісілердің аттары аталды. Тарихи қозғалыстың көрген, білген оқиғаларын жазған соң, әрине, кісілердің аттары кірмеске болмайды. Мақсұт біреуді көтеру, біреуді жамандау емес. Зор қозғалыстың, зор өзгерістің әр кезінде, әр түрлі пікір, әр түрлі әрекет болған. Ол — тіршіліктің, тарихтың ісі.
Азын-аулақ қазақтан шыққан, ұлы өзгеріске қатысқандардың ұстазы Ресей большевик партиясы болып, революцияның жалпы жауларына қарсы шығысқанда, күрескен дұшпанының бірі «Алаш» еді.
Бұл кітапта «Алаш» туралы көп әңгімелер айтылды. «Алаш» туралы әңгімелер айтылғанда әлгі айтқандай сол Алашордада болғандарды айыптамақ ниетімен айтылып отырған жоқ. Тек тарихи мағлұмат ретінде ғана баспа жүзіне шықсын деген оймен айтылды.
«Алаш» деген,«Алашорда» деген болды. Оның Октябрь төңкерісіне қарсылық еткенін жұрт өзі де қазір тегіс көріп отыр. Ұлы өзгеріс, революция уақытында «Алашордада» болған адамдардың талайы адасқанын мойнына алып, Совет үкіметіне мойынсұнды. Талайы большевик партиясына кіріп те отыр. «Адасқанның айыбы жоқ қайтып үйірін тапқан соң».
Бұл кітапқа «Қызыл Қазақстанда» жазылған мақалаларымның «Тар жол, тайғақ кешу» деген атын қойдым. «Ұлы өзгеріс», «Ұлы өткел», «Ұлы асу» деген аттар ойыма келіп еді. Көзбен көргендерім кітапта көбірек айтылған соң, «Тар жол, тайғақ кешу» деген атты лайықтырақ таптым. Бұл атты, жалпы, суретті мағынада алдым. Газеттерден мағлұматтар көп кірді. Бірақ «Бірлік туы», «Жас азаматтар», «Үш жүз», «Тіршілік» газеттерінің керекті номерлері қолыма түспеді. Өйткені мен бұл кітаптың көп жерлері тарихи мағлұмат болуға жарар деп білдім.
Сәкен.
1926 жыл, 17 сәуір.
Қызылорда.
I. РЕВОЛЮЦИЯНЫҢ АЛДЫҢҒЫ ЖЫЛЫ – 1916 ЖЫЛ
Омбының учительская семинариясын бітіріп, 1916 жылы май айында Ақмола уезіне келдім. Күзге қарсы Ақмола уезінде Нұра өзенінің бойындағы Бұғылы елінде жаңа ашылмақ ауылдық школаға бала оқытуға тағайындалдым. Оқу басталуына екі-үш айдай бос уақыт болған соң, сол жылы жалпы Россияда болған ауыл шаруашылығының санақ қызметіне кірдім.
Ақмола уезінің барлық қазақ елін оңтүстікке және солтүстікке бөліп, екі жағынан екі санақ комиссиясы шықты. Оңтүстікке шыққан санақ комиссиясының бастығы Томск университетін сол жылы ғана бітірген Асылбек Сейітұлы болды. Солтүстікке баратын санақ комиссиясының бастығы мен болдым. Біз бес кісіміз. Аралап есебін алатын еліміз — он екі болыс ел.
Жаздың басы. Елге шықтық. Ақмола қаласынан күнбатысқа қарай шыға отыз бес шақырым Есіл бойындағы елге барып түстік. Елінің болысын, старшындарын жинап, келген жұмысымыз туралы түсіндіріп, елді жинатып, малының, жанының, егінінің, соқа-саймандарының, нұсқаларымыз бойынша санағын ала бастадық. Ол елдің санағын алып болып, Есіл бойын жағалап, екінші елге жүріп кеттік. Және ол елдің санағын алып болып, Ақмоланың «Ақсирақкөл» деген Атбасармен шектес, ең шеткі бір елге барып түстік. Елінің көбі «Шұбыра» деген жерде. Болыс, старшын, тілмаш, поштабайлармен «Шұбыраға» келдік.