Дон Кихот І - Мигель де Сервантес
-
Название:Дон Кихот І
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:358
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом
Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги
Өнер саласында Испанияда бұл кезеңде жазушылардың, суретшілер мен ғалымдардың айрықша талантты тобы еңбек етті. Сервантес, Лопе де Вега, Кальдерон, Тирсо де Молина, Кеведо, Гонгора, Греко, Веласкес, Мурильо сынды тұлғалар өмір сүрген бұл дәуірдің (ХҮІ-шы ғ. екінші жартысы мен ХҮІІ ғ.) “Алтын ғасыр” аталуының өзі тегін емес. Инквизиция мен өкіметтің айрықша қатыгездігіне қарамастан испан мәдениеті үшін бұл шын мәнінде де “алтын ғасыр” болған-ды.
Алайда, елдің еңсесі көтеріліп, екпіндеуі ұзаққа созылған жоқ, кешікпей-ақ халық күйзеліске ұшырады. Оған себепші монархияның мәжігүндігі болатын. Солтүстікте — Нидерландыда, оңтүстікте — Африка жағалауында, шығыста — Италияда иеліктері бар, мұхиттың арғы бетінде жатқан Американың асыл металл өндіретін кеніштерін қол астына қаратқан Испания билеушісі әлемдік монархия құруға ниеттенді. Осы мақсатты іске асыруға бағытталған әрекеттер халықтың әлеуетін азайтып қана қоймай, ақи-тақи діңкелетті. Американдық колониялардан ағылып келіп жатқан алтын мен күмістің көптігі ақшаны құнсыздандырды, Испанияның өз жеріндегі кеніштердің жұмысын тоқтатты, түрлі кәсіппен айналысуға, соның ішінде жүн және жібек маталар тоқу секілді орта ғасырлық өнеркәсіптің маңызды салаларымен шұғылдануға деген ықыласты жойды. Егін егу мен мал өсіру кәсібі де тоқырауға тап болды. Ал, бір соғысты аяқтап, екіншісін бастап жатқан әлемдік монархия болса армия мен флотты толықтыруға үсті-үстіне жаңа контингент талап етіп, халыққа салынатын салық санын көбейтіп жіберген еді. Осының салдарынан пайда болған экономикалық дағдарыс, аштық пен жалаңаштық жұртты күн көрудің жаңа амалын іздеуге мәжбүр етті. Еті тірі пысықайлар мұхиттың арғы жағына жол тартып жатты, бірқатары армияда қызмет етуге сұранды. Бірақ, мұндай жолы болғыштар онша көп емес-ті. Істейтін іс таба алмай тентіреп жүргендер әлдеқайда басым болатын. ХҮІ ғ. соңында Испаниядағы қаңғыбастар мен қайыршылар саны жүз елу мыңға (еркектер, әйелдер мен балалар) жетті. Халықтың екінші бір тобын монахтар мен католик дінінің басқа да өкілдері құрады: 1570 жылы он миллиондай өз тұрғыны бар Испаниядағы діни қызметшілердің саны жеті жүз мыңнан асты. Шаруасы шайқалған дворяндардың — жерден қол үзген идальголардың қарасы көбейіп, олардың арасында ештеңеге зауқы соқпайтын әрі-сәрілік, қызық қуушылық пен жалқаулық, діни фанатизмге ден қоюшылық, өмірді көрген түс секілді уақытша бірдеңе деп бағалауға бой ұрушылық дағдысы орнықты.
Сол тұста ғұмыр кешкен испандардың өмірі қиян-кескі оқиғаларға толы, мейлінше мазасыз, күні ертең не боларын болжап біле алмайтындай берекесіз болған-ды. Алайда бізге ғұмырбаян түрінде жеткен тағдырлар арасында Сервантестің пешенесіне жазылғандай кепті бастан өткерген бірде бір жан баласы жоқ. Шыр етіп жарық дүниеге келгеннен қабірге барып енгенге дейінгі аралықта осынау ұлы адамның көрмеген қорлығы, шекпеген мұқтаждығы, тартпаған тақсіреті кемде-кем. Ол өмір бойы кедейшілікте күн кешті, үш рет түрмеге түсті, Лепанто маңайындағы шайқас кезінде 1570 жылғы 7-ші қазанда ауыр жарақаттанып, мүгедек боп қалды, одан соң бес жыл Алжирде тұтқында болды... Бірақ, көз аштырмай төпелеген бақытсыздықтар оның жігерін жасытып, жүрегін қарайта алмады, азапқа толы өмірінің ақыр соңына дейін ақыл-ой айқындығы мен шығармашылық танымының тереңдігін, адамға деген сүйіспеншілігі мен өмірге деген іңкәрлігін жоғалтқан жоқ. Испан халқына тән қайырымдылық пен парасат, намысшылдық, қайсарлық пен табандылық секілді ізгі қасиеттің бәрі де осынау данышпан адамның бір басынан табылатын.
Мигель де Сервантес Сааведра 1547 жылғы 29 қыркүйекте Алькала-де-Энарес қаласында дүниеге келді. Әкесі Родриго де Сервантес емші болатын, шешесінің есімі Леонора де Кортинас еді. Қаламгер олардың төртінші боп көрген баласы-тұғын, шаңырақта одан басқа тағы да үш ер бала мен үш қыз бала болды.