Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин
-
Название:Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:166
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.
Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги
— Адамзатқа әрқашанда қуат беретін үміт деген ұлы күш бар. Ол ақылыңды қанағаттандырып қияға самғатады. Жігеріңді қамсыз қайрай көк темірге салдыртады. Мен де бұл дүниеден көп нәрседен үміттенген едім, жеткен жерім осы болды. — Абылай ауыр күрсінді де тағы үндемей қалды. Аздан кейін қайта сөйлеп кетті. — Үмітсіз тек шайтан дейді қазақ. Жоқ, ол бекер екен. Ең үмітсіз — көктемі мен жазы өткен, терең тамырлары қайта жасармастай боп семген кәрілік екен. — Ол тағы қинала күрсінді, — әрине, жетпіс екі жас кәрілік пе? Бірақ басымнан өткен қилы-қилы кезеңдерге көз жіберсем, мың жыл жасағандаймын. Жоқ, мазасыз ой, бітпес тартыстан, тәнім емес, жаным қартайыпты. Ал жаныңның қартайғаны — шын кәріліктің келгені, алдағы үмітіңнің тегіс сөнгені... Үмітіңнің сөнгені — ол сенің өлгенің! — Бұл аурудан жазылсам да, жаным шаршаған кәріліктен жазыла алмайтыным кәміл. Жазылудың да керегі жоқ секілді, бірақ сөйтсе де өлгің келмейді екен, әлі де жер басып, күн сүйіп жүре тұрсам дейсің...
— Иә, хан Абылай, мың жасасаң да өлім әрқашанда ерте.
— Солай екен! — Абылай ауыр күрсінді. Сосын өзін өзі кекеткендей езу тартты. — Өлгелі жатып, өлім әуестей, неге осыншама қақсап кеттім. Менің айтайын дегенім басқа еді. — Ол енді сәл ширақ сөйлей бастады, — Хиуа тұтқынынан өзімді алып шыққан Ораз құлдан бастап мен дүниеде аз адамның қанын төккен жоқпын. Майданда да өз қолыммен сан ер жүрек, албырт жасты ат жалын құштырдым... Жазығы бар, жазығы жоқ, талай адамның қаны мойнымда... Өмір бойы, қазақ тәрізді азғантай ел қасқыр тектес келсе, сол жөн деп ойладым. Өйткені ол өз тіршілігі үшін алыса да, жұлыса да біледі. Қазақ елі де сол қасқыр тәрізді өз тағдыры үшін күресе алса ғана, тірі қалады деп ұққам... Заман тек өзін де, басқаны да аяуды білмейтін күштінің заманы... Мен елімді соған баулыдым. Өзімдей болуын көкседім. Бірақ мұным, міне, өлер алдында ғана түсіндім, дұрыс емес екен... Ел болып жер бетінде қалудың басқа да жолы бар сияқты... — Ол тағы шаршай сөйледі. Кенет тағы басын сол көтерді, — өзің көріп отырсың, маған енді бұның бәрінің қатысы жоқ... Тек енді сен маған мынаны айтшы, осы менің құдай алдында күнәм көп пе? О дүниеге барғанда мүңкір-нәңкір «сен күнәкарсың» деп гүрзісімен ұрып жүрмей ме, осы сұрағыма жауап берші, жаным тынышталсын.
Елу жылдан астам майдандас болып жүріп, бір рет те Абылайдың ажалдан қаймыққанын көрмеген Бұқар жырау, оның о дүниеге барғанда мүңкір-нәңкір гүрзісінен қорыққанына таң қалды. Әйтсе де ол Абылайдың өлер алдында сонау өзі төккен көп қаннан шошып жатқанын ұқты... Бұқар жырау жауап беріп үлгірген жоқ. Абылай ақырғы рет ышқынып демін алды да, көзін мәңгі жұмды.
Бұқар жырау ұзақ уақыт құлпытастай шошиып отырып қалды. Бір мезетте ұйқыдан оянғандай, алдында жатқан Абылайдың қан-сөлсіз сұсты бетіне қарады.
Ол енді ақырын күбірлеп сөйлеп кетті.
Аза күнде қан жылап
Қайғыдан қара бұлт тұрар.
Қурай кенет жас құрақ
Ақ қайың сәтте морт сынар.
Ажал, сенде жан болса
Тілімді удай салар ем,
Бетіңді етіп қан-жоса.
Тоқтатар сөз табар ем!
Жеңілді Бұқар сөз таппай,
Құм бітеді көмейін.
Кешір, ханым Абылай,
Қара тасқа не дейін?
Білсең де өстіп өтерін,
Дүние саған болды тар.
Жалғыз тәубе етерім:
Артыңда қалған атың бар.
Бұқар созыла тұра келіп
Абылайдың бетін жапты.
Сосын аяғын ілбіп басып сыртқа шықты.
— Уа, халайық, — деді дауыстап. — Шаңырағың құлап жерге түсті, хан Абылай дүние салды!
Үш жүз аза тұтып Абылайды Қожа Ахмет Яссауидің мешітіне жерлегеннен кейін, Бұқар жырау Сарыарқаға қайтты. Халқымен тағдыры бір қарт ақын артына бұрылып қарай-қарай, терістікке ұзай берді...