Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин
-
Название:Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:166
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.
Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги
— Сен де мәңгі-бақи тірі тұра алмайсың. Абылай? Кесілген теректей бір күні сен де құлайсың. Сонда денең бұзылып бітпей-ақ қанмен желімдеп құрған хандығың ыдырай бастайды. Со кезде бар айыбың, су жыланның басындай шошайып-шошайып шыға келеді. Сенің сүйегің қурап қалса, заман осылай тура берсе, Божбанның жетінші ұрпағы бес батырының қалай өлгенін ұмытпайды. «Болашақ» дегенде менің айтарым осы, Абылай. Төгілген қанды қалай жапсаң да бәрібір шүберектің бетіне шығады. Заманымыз дүрбелең болды деп, дөрекі іске жол беру күнә. Қиянатты істеу жеңіл, жою қиын. Ал сол қиянатты өрбітіп жүргендер кімдер? Мына сен, хан Абылай. Кіші жүздің ханы Нұралы, Қоқан әмірлері, Қырғыз манаптары. Патша мен боғдыхандар!
— Сонда мені мадақтаған толғауларың жалған болған ғой?
— Ол толғаулардың бәрі сенің ұстаған жолыңа сенгендіктен туған. Бірақ менің сол сенімімді ақтамадың, Абылай!
Екеуі тағы біраз уақыт үндемей қалды. Күн батуға айналғанда, Абылай атының басын тартып, қолдың қонатын жерін көрсетті. Бұл бір құрақты қара судың жағасы еді. Жігіттерінің хан шатырын қалай тігіп жатқанын Абылай бір мезет қарап тұрды да тағы Бұқар жыраудың қасына келді.
— Сен айтқан пәлсапаларды емес, басқа жәйттерді ойлаудамын, — деді ол бір түрлі қажыған кейіппен, — қиянат пен әділеттік, зұлымдық пен жақсылық. Бұның бәрі мен бастаған іс емес... Ойға қалдырған басқа дүние. Хандығың берік емес дедің — бұл сөзің шындық. Бірақ менің хандығымның осалдығы қанмен желімделгенінен емес...
— Сонда неде?
— Орыстың Омбы тәрізді қалаларында талай рет болғанымды өзің де білесің. Сол қалаларға келісімен күзетшілерімнен бөлініп, көшелерін жеке аралайтынмын... Жан-жағыма қарап, көргенімді ойға сап ұзақ жүретінмін. Орыс қалалары біздің шығыс елінің көшелері қыңыр-қисық Бұхар, Хиуа, Самарқант секілді емес... Көшелері түп-түзу, кең, бірі мен бірінің арасы мөлшерленіп бөлінген.
— Он да не тұр? — деді Бұқар жырау. — Самарқанттың көшелері тар, қисық болғанменен Ақсақ Темір зиратының, Биби ханум мешітінің қайда екенін тауып баруға болады ғой...
— Жоқ, мәселе онда емес, басқада. Шыңғысхан әскері несімен күшті боп еді, есінде бар ма?.. Өзінің тәртібімен, іріктеліп құрылған санымен күшті емес пе еді. Әр түменде он мың жауынгер болған. Әр жауынгер өзінің орнын білген. Бүкіл әскер сол қалпымен жүріп отырған. Әр сыпай жанындағы көршісі жайында жауапты еді. Осылай темір тордай боп қатып қалған қалың қол Шыңғысхан тірі кезінде шебін бұзбай шабуыл жасап, бүкіл әлемнің тең жартысын жаулап алған. Ал үлы хан өлісімен алдымен түмендер тәртібі бұзылды, біріне-бірі кесірін тигізе бастады...
— Иә, сосын?
— Шыңғысханның тәртіпті, мызғымас түмендерінен қорыққан басқа халықтар енді өздерінің өмірін сол Шыңғысханның түмендеріндей қатал тәртіппен құра бастады. Тіпті көшелерінің арасына дейін өлшеп қойғандай. Міне, бұл елдердің күштілігі қайда жатыр! Болашақтары да осында! Барлығы белгіленген, мөлшерленген! Егін еккен, қала салған. Қаласынан да, егінінен де ешкім қашып кете алмайды. Төрт тағандап жерге жабысып қалған. Жердің үстін былай қойып, астына да кіріп барады. Өскеменде көрдім, үстіндегі топырағын аршып, астынан темір мен қорғасын алып жатыр. Сол темірден зеңбірек пен соқа құяды. Ал біз болсақ малымыздың соңынан құла түзде қаңғып жүрміз. Даламыз үлкен деп мақтанамыз. Бірақ ол да қаншаға барады дейсіз. Көршілеріміз бізді жан-жағымыздан қысып келе жатыр. Егер егін егіп, қала салып, кен қорытып үйренбесек, түбі құрып кетуіміз де ғажап емес.
— Ертегіге айналған сонау көне заманда қазақ жерінде де қала салынып, егін егілген, — деді Бұқар жырау. — Сосын сенің бабаң Шыңғысхан келді, көш соңынан шұбатылған шаңдай біз де соңынан ердік. Сол күннен бастап дүние әлем-тапырық боп, шатысып, кетті ғой...
— Ұлы бабам қиратқан қалаларды, мүмкін, маған қайтадан тұрғызу керек болар?
— Орыс қалаларынан неге көзіңді алмайтыныңды енді түсіндім! — деді Бұқар жырау. Оның көзқарасында әрі таңырқағандық, әрі қобалжығандық бар еді....