Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Гулей соққан ыстық жел шаһар маңының майда құмын көкке көтеріп, жан-жануардың көзін аштырмай, тұтығып тұрды. Жаз шыққалы бір тамшы жаңбыр көрмеген сұр топырақты тақыр дала арса-арса боп жарылып кеткен... Табиғаттың осынау қияпат қысымы жетпіске келіп хал үстінде жатқан Абылайдың да тынысын тарылта берді. Бірақ ол бүкіл денесі құрысып, жүрегі қабынып, ауыр науқас өкпесіне біздей қадалса да, дауыс шығарып сыр беретін емес. Шоғы сөнген қоламтадай күннен-күнге бозара түсіп, сөніп бара жатты. Иә, бұл ауру сонау Үмбетей жырау келіп, Бөгенбай батырының өлімін естірткен күннен басталған-ды. Со күні Абылай бір түрлі қобалжуда еді. Үш жүздің ел-жұрты өзін Үлкен Орданың ханы етіп боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтерген күнінен сегіз жыл өткен соң, Абылай бүкіл қазақ ханы етіп бекітуін сұрап, баласы Тұғымды бас етіп, Петербургке елшілер аттандырған. Бекерге қауіптенбеген екен, Екінші Екатерина қатын патша оны тек Орта жүздің ғана ханы етіп тағайындады. Бұл хабарды естігенде Абылай бармағын шайнап, теріс бұрылып кетті. Тұғымды Петербургке аттандырғанда, қанша қобалжығанмен де, «Мүмкін, қатын патша бекітіп қалар» деп үлкен үміт күтіп еді. Со үміті орындалмай, қапаланып отырғанында Арқадан, Баянауыл жақтан бір топ жуан қоныш, түлкі тымақ, кіселі күміс белбеулі ақсақалдар Ордаға кіріп келген. Ханға тәжім етіп сәлем берісіменен Үмбетей жырау босағада бір тізерлей отыра қап, қарлыққан кәрі даусымен, өлім естіртетін әуенге салып, бір термені шұбырта жөнеліп еді:

Ей, Абылай, Абылай,

Абылай ханым, бұл қалай?

Бұл қалайдан сескеніп,

Сөзімді қойма тыңдамай,

Талай істер басыңнан

Өтіп еді-ау жасыңнан

Қиын, қызық әрбір жай, —

деп Үмбетей жырын бастай бергенде-ақ сұлық отырған Абылай, бойын жиып алған. «Қай батырым, не қай жанкүйер ақсақалым қаза болды екен?» деп шошына қарап еді. Бірақ жырау тоқ етерін айтпай орағытып, алдымен Абылайдың қасында қандай батырлар болып, қандай ерлік істер істегенін біраз жыр етіп келді де, кенет оқ тиіп құлаған қоңыр қаздай сұңқылдады:

Ей, Абылай, Абылай,

Сөзімді тыңда тағыда-ай!

Өзіңнен біраз жасы үлкен

Дөмпеш таудай басы үлкен,

Жасыңда болған сырласың,

Үлкен де болса құрдасың ,

Сексеннен аса бергенде

Қайрылмас қаза келгенде

Батырың өлді — Бөгенбай! —

дегенде Абылай жүрегі қабынып, не дерін білмей, сілейіп отырып қалған.

Бөгенбай-сынды батырдың

Береке берсін артына-ай,

Сабыр берсін халқына-ай,

Жасаған ие жар болып,

Бейіште нұры шалқығай —

деген ең ақырғы жыр шумағын әзер тыңдады.

Баянауылда өлген батырдың құрметіне Абылай ел жинап, құран оқытып, қазасын осы Түркістанда өткерді. Сол күннен бастап өз денесі құрысып, жүрегі қабынатын кесел пайда болды. Бірақ, бұл дерт айында, жылында бір ұстап, Абылайдың әдейі тәубесін келтіргісі келгендей, әрі-бері қысып, артынан тарқап кететін. Ал сол кесел, міне, үш айдан бері, ханды тұрғызбай біржолата басып алды. Абылайдың есін жиюынан талықсуы көбейіп кетті. Бүгін де сондай халде еді. Әлсін-әлсін ұстап жанында отырған Бұқар жыраумен өлер алдында қоштасып, іштегі арманын сыртқа шығаруға да мұршасын келтірмей қойған. Сөйтіп қиналып жатқан ханның, тек түс ауа ғана тілдесуге шамасы келді. Көңіліндегісін айтып қалайын дегендей асыға тіл қатты.

— Құдайдан жалғыз ғана тілегім бар еді, Бұқар аға, алар болсаң қан майданда жүргенімде ал деуші едім, — деді ол ақырын көзін ашып. — Көрдің бе, міне, елу жыл оқ дарымай келіп, ақыры бір шаншудан ажал таппақпын. Өмірде бар тілегімді бергенде, құдай бүл тілегімді неге бермеді екен.

Бұқар жырау «өлмейсің» деп оның көңілін жұбатқан жоқ. Адамның өңменінен өтетін үлкен өткір көздеріндегі нұрдың сөніп бара жатқанын көрді де ең болмаса сөйлесіп қалайын дегендей, Абылайдың төсегіне жақындау отырды.

— Иә, Абылай, — деді сөзді әріден толғап, — елу жылдан астам ат үстінде болдың. Батыр да атандың, ақыры хан тағына да отырдың. Бірақ соның бәрінен не қалды?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий