Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин
-
Название:Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:166
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.
Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги
Сондай күндердің бірінде Бұқар жырау Бурабай көлінің жағасында «Абылай алаңы» атанған жердегі хан Ордасына келді. Жыраудың Абылайды білгеніне жарты ғасырдан асып кеткен-ді. Жоңғар қолына «Абылайлап» жеке шапқан жас жігіт әлі күнге дейін жыраудың есінде. Жігіт ағасы болып Қалден Церенге тұтқынға түскен Абылайды да жырау ұмытқан жоқ. Бетінің тамыры бір бүлк етпей, адам қанын белшеден басып жүрген бүгінгі Абылай да жыраудың көз алдында. Осының бәрін білетін жүзге келген жырау Абылайдың дәл қазіргідей құты қашып, әбігерленген кезін көрген емес. Қартая бастаған хан, қарсы алдындағы бір затқа көзі тұрақтамай, қолындағы қамшысын білеп жұрттың апшысын қуырып жүр.
Хан аулының ақ үйлері әлдеқашан жығылған. Сары атан, қара інгендерге әлдеқашан артылған. Көш алды қозғалып та кеткен. Күнгей жаққа қарай айдалған үйір-үйір жылқылар мен қотан-қотан қойлары да әлдеқашан Көкшенің хош иісті қырқа белестерінен асып үлгірген. Бұл әбігер — хан аулының көшу әбігері. Осыдан үш күн бұрын Абылай хан Ордасын елімнің көне астанасы Түркістанға көшірем деп жариялаған. Сол сағаттан бастап хан ауылы әбігерге түскен. Төскейдегі жылқыға, жеке қонған ағайын-туысқа хабаршы шаптырылған.
Әрине, хан ордасының Түркістанға көшірілуі, қазақ елінің кене астанасын іздегендіктен емес еді. Қазір қай астананың кәне, көне еместігіне қарайтын Абылайда мұрша жоқ-тын...
— Япырмай, жеттіңіз бе, жырауым? — деді Абылай, аттан түсіп жатқан Бұқарды көріп, — жолыңызда, әйтеуір, ешкім кедергі болған жоқ па?..
— Қазір жол бойы толған адам ғой, — деді жырау ойын ашып айтпай.
— Иә, қазір жол бойында тонаушы көп. Жұрт бұзылды ғой!
Бұқар жырау тағы бір ой тастады.
— Қартайғанда дүние біткеннің бәрі жаман көрінетін әдеті.
— Жоқ, одан емес! — деді Абылай.
Сөзімді ешкім тыңдап тұрған жоқ па дегендей, Абылай жан-жағына қарады.
— Мен бұл арада отырсам, мына жұрт хан етіп қалдырмайды!
Бұқар жырау жағдайға енді түсінді.
— Орыс қалаларындай қала салам деген өзің емес пе едің...
— Қарғыс атсын мұндай қалаларды! — деді Абылай қолын сермеп. — Бұл қалаларды мен тек губернатор, жандаралдар ғана билейді деп ойлайтынмын. Астанасында қатын патшаның тұратынын да білетінмін. Түбі олармен тіл табысармын деуші едім. Бірақ менің ойлағанымдай болмай шықты. Бұл қалаларда бастықтарына бағынғысы келмейтін бүлікшілер де тұрады екен. Келімсектерден үлгі алған құл-құтан, малшы-жалшы, кедей тобыр індет келгендей әбден бүлініп барады.
— Хан Абылай, енді міне шыныңды айтып тұрсың! — деді Бұқар күлімсіреп.
— Неге жалғызсың, жырау? Үнемі қасыңа еріп жүретін серіктерің қайда? Қазір біз жолға шығамыз ғой...
— Жоқ, мен осы арада қаламын! — деді Бұқар жырау, әлдеқайдағы көкжиекке көз жіберіп.
...Алтын сәулесі бүлдіргенді, жидекті жасыл даланы нұрға бөлеп, күн жоғары көтеріле берді. Көшкен жұрттың орнында қалған оттар сөнуге айналған. Төбе басындағы Бұқар жырау күнгей жаққа қарап әлі түр. Алыстағы белестен асып, хан көші біртіндеп жоғалып барады. Көкжиектен көтерілген сағыммен ойнап, Абылайдың ақ туы бұлдыр қағады...
ЭПИЛОГ
Бір мың жеті жүз сексен бірінші, Ұлу жылы Түркістан өлкесіне өте ауыр жыл болды.