Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин
-
Название:Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:166
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.
Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги
Сұршақыздың оққа ұшқанын аңғарып қалған Абылай, жалт бұрылғанда, қыз ағасы Қаныбектің де жерге құлағанын көрді. Атынан түсіп қыздың қасына барды. Бір тізерлеп отырып, қыздың әлі нұры сөніп бітпеген қарақат көздерін жапты.
— Кім атты Сұршақызды? — деді айналасына қарап.
— Ағасы Қаныбек батыр, — деді күзет бастығы.
— Неге атты?
— Білмедім.
Хан құлап жатқан Қаныбекке қарады.
— Ананы кім атты?
Бұл кезде жасы мосқалданып қалған Қапан мерген алға шықты.
— Мен.
— Неге аттың?
— Егер мен оны атпағанда, ол сізді ататын еді. Садақ жебесін сізге қарай меңзеді.
Абылай бұл оқиғаның мәнісін енді түсіне бастағандай болды. Жүрегі алай-түлей боп өртеніп, Сұршақыздан айрылып қалғанына қатты өкініп тұрса да, тіс жарып сыр бермеді. Тек әлден уақытта барып:
— Жер ортасына келгенде бір қуанышқа жеттім бе деп едім, құдай, оны да қимадың ғой, — деді күбірлеп.
Жұрт айбарлы Абылайдың сақал-шашы бозарып, мүлдем қартайып қалғанын жаңа байқады. Кенет оның үлкен қанды көздері жарқ ете қалды.
— Жігіттер, екеуін бірдей ардақтап қатар қойындар! — деді жігерлі үнмен. — Тағдыр осылай шешкен тәрізді...
Ағалы-қарындасты екі жас бір зиратқа қатар жерленді... Осы уақытқа дейін Түркістанның күншығыс жағында «Құндыз төбе» деген төмпешік бар. Бұл екі жастың қабірі.
...Ұлы жүздің басты рулары қатынасқан, жеңіске арналған атаулы той болды. Осыдан екі жеті бұрын ат құйрығына байланған жігіттің туысы, кеше ғана қаза болған Жәнібек, Қаныбек пен Құндыздың туған нағашы ағасы Қоңырат руының араларында ештеңе болмағандай, ақсақалы Нұрғазыға Абылай қымыз құйылған күміс кесені өз қолымен ұсынды.
Сонан соң тоқсанға келсе де әлі тұғырдан таймаған Бұқар жырауға қарады.
— Адам дегеннің қандай екенін ұқтың ба, жырау... Қан мен жасқа бөлесең ғана олар сені жақсы көре бастайды!..
— Көп кешікпей, тағы да жаман түс көреді екенсің, хан Абылай!
Хан мен ақынның арасында бұл әңгіме ұзақ жылдан бері келе жатқан таластары еді...
...Хан ордасы орнаған теріскейдегі Көкшетауға қарай қалың қол алдында хан мен жыршысы келе жатыр. Көптен бері бұл екеуінің бір сапта қатар жолға шыққаны осы. Жасы ұлғайған сайын Абылайдың мінезі қатулана түскен. Ханның мінезі қатуланған сайын Бұқар жырау одан алыстай бастаған. Бір кезде ақылшым деп көкке көтерген Бұқар жыраудың сөзіне, соңғы жылдары, хан құлақ қоймайтын болған. Сөз қасиетін жоғары бағалайтын Бұқар жыраудың мінезі, кейде ханның қитығына тиіп, кейітіп те тастайтын. Жырауды әдейі ашуландырғысы келгендей оның көзінше Абылай бұрынғыдан ары ширығып қатая беретін.
— Иә, адам деген осындай, — деді Абылай, жаңа ғана үзіліп қалған ойын қайта жалғап. — Бір сомын тартып алып, он тиынын қайтарып берсең жұрт сені әділетті билеуші санайды!
Бұқар жырау ханға көз қиығын аударды да қойды.
— Қартаяйын деген екенсің, Абылай.
— Сенен кәрі емеспін ғой.
— Мен ондай кәрілікті айтпаймын, алдияр... Адам деген ақ пейіл, сенімпаз келеді... Оның бұл қасиетін күлкі етуге болмайды.
— Бұл сөзіңе қарағанда, мен емес, өзің қартайып қапсың...
— Жоқ, мен бұрынғымнан ақылды бола бастадым...
— Мен де, жырауым!
Бұқар жырау бұрылып артына қарады. Біраз жұрт ауылдарының тұсына келгенде бөлініп кетіп, соңдарында азғантай ғана жігіттер қалыпты.
— Біздің сөзімізді ешкім естімейді, Абылай... Оңашада сұрамақшы едім, айтшы... Божбандарды неге ат құйрығына байлауға бұйырдың? Оларды саған қарсы қоймақ болған өзіңе жақын адамдары еді ғой. Және Божбандар Қоқан хандығына дәл бүгін көше қоямыз демеген-ді. Ел арасы елегізи бастағаны рас. Жел сөзге еріп қопарыла көтерілуі де мүмкін еді. Ал сен... Ақылшы жіберіп тоқтау айтудың орнына, қамыс арасына жігіттеріңді тығып қойып, Әлім ханға тілдесуге бара жатқан адамдарын ұстап алдың. Сосын Божбан атаулының бәрі осындай деп, бықпырт тигендей еттің. Неге бүйттің?
— Бұның бәрін сен қайдан білесің, жырауым?