Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Кейде Геркулес өзінің жалпақ алақанына Джекті тік тұрғызып, қолын соза, бейне цирк ойыншылары сияқты, палубада жүретін. Геркулестің мұнысына жаны сүйсінген Джек, өзін алыпқа теңеп бәріне жоғарыдан қарайтын еді. Ол барынша салмағын салса да, Геркулес оны қаңбақ құрлы көрмейтін-ді.
Сөйтіп, кішкентай Джектің досы екеу болды: біреуі Дик Сэнд, енді біреуі Геркулес.
Ол көп кешікпей-ақ Дингоны үшінші дос етіп алды.
Дингоның адамға үйірлігі жоқ төбет екенін жоғарыда айтып өттік. Оның бұл қасиетінің өрши беруі, «Вальдектегі» адамдар иттің көңіл күйіне жақпағандығынан болуы да мүмкін. Бірақ «Пилигримге» келген соң, иттің мінезі жедел өзгерді. Шамасы, кішкентай Джек Дингоның ықыласын өзіне аударып алудың амалын тапса керек. Динго баламен құмарта ойнайтын; бұл ойын балаға да зор қуаныш, ермек болды.
Динго өте-мөте баланы жақсы көретін иттердің бірі еді. Джек те оны ешқашан зәбірлеп әурелеген жоқ. Төбетті бәйгі атына айналдырып алу, иттің ықыласын өзіне аударып ала алғандық емес пе? Қай бала болса да, мұндай атты аяғына дөңгелек орнатып әбден жасандырып қойған ағаш аттан анағұрлым артық көреді деп ойланбай-ақ айта салуға болады.
Кішкентай Джек Дингоға мініп мәз-мейрам боп үнемі шапқылайтын да жүретін, ит те өзінің кішкентай досының зауқы шапқан талабын арсалаңдап қуана-қуана қарсы алатын-ды. Өзі арық балада не жөнді салмақ болсын, үстіне мінген Джекті Динго тіптен ауырламайтын да.
Баланың мейірі қанды-ау, бірақ бұл жағдай камбуздағы қантты шығындатты.
Динго көп кешікпей бүкіл экипаждың еркесі болып кетті. Дингомен кездесуге жалғыз-ақ Негороның зауқы шаппай, аулақ жүретін болды. Неге екені белгісіз, алғашқы кездескен сәттен-ақ ит оны жек көре бастап еді.
Дик Сэнд пен Джек екеуі ескі дос қой, Джектің итпен айналысуы, екі достың арасындағы көптенгі татулықты салқындата алмады. Дик Сэнд өзінің қызметтен бос уақытын бұрынғысынша кішкентай досымен ойнап өткізетін-ді. Бұл екеуінің достасып кеткеніне миссис Уэлдонның да аса риза болғандығы өзінен өзі түсінікті.
Бір күні,— бұл февральдың алтысы күні болған еді,— миссис Уэлдон, капитан Гульге Дик туралы әңгіме айтты. Капитан жас матросты қызулана мақтады.
— Осы баланың тамаша капитан болып шығуына мен кепіл,— деді капитан.— Оның жаратылысында теңізге деген бір түрлі ерекше сезім бар, оның білімді өте тез меңгеріп ала қоятынына таңым бар және аз уақыттың ішінде қаншама нәрсе үйренді десеңізші!
— Мұның үстіне,— деді миссис Уэлдон,— адалдығы мен ақпейілдігі бар, жас та болса байсалды да ұқыпты бала. Мен оны көптен білемін, өмірі кісі ренжірлік іс істеп көрген емес.
— Несін айтасыз! — деп капитан іле түсті. — Бұл Дик деген жігіттің сырбазы ғой! Оны жұрттың бәрі жанындай жақсы көреді, әрине, бұл тегін емес.
— Сан-Францискоға барған соң,— деп сөзін жалғастырды миссис Уэлдон,— капитандық диплом алып шығуы үшін менің ерім оны теңіз мектебіне береді.
— Онысы өте жақсы,— деді капитан Гуль.— Диктің бір уақытта жақсы теңізші болып шығатынына сенімім мол.
— Бейшара баланың балалық шағы ауыр жағдайда өтті ғой. Бұл бала өмірдің ауыр мектебінен шықты...
— Диктің қиыншылық мектебінен алған сабағы бекерге кеткен жоқ. Адамды адам қатарына қосатын тек қана қажырлы еңбек екенін Дик жақсы білген.
— Ол осы күнде де дұрыс бағытта.