Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов
-
Название:Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:117
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Трилогия Абдижамила Нурпеисова «Кровь и Пот» - это способ социального и психологического анализа, сплетение в две ткани одного каната. Автор повествует о стране народе, о его судьбе. Произволение в жанровом отношении не схоже ни с одним. Трилогия «Кровь и пот» состоит из романов: «Сумерки», «Свежесть», «Разруха». Название «говорит» о том, что мы мало встречаемся с Солнцем, светящим с потолка. Главный герой произведения постоянно томится, но в сердце его родной край занимает особое место. Любовь автора к своей культуре, природе, считывается в описании истории страны, песни Шалкара.
Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Күн кешкірсе де күндізгі аптап ыстық әлі күшінде. Жағаға келгелі жаман аттың бүйірі шығып, тойынып қалған еді. Еламан тоғын шайқағысы келмесе де, қазіргі асығыс жағдай амалын құртып, ауылдан шыға сала қамшы басты. Бірде сыдырып, бірде шоқытып, ақ пен қызыл арасында Бел - Аранның кезінен асты. Топырыш тұғыр қос бүйірін тепкілеп, қамшы салған сайын ыңыранып қайта - қайта құмалақ тастап келе жатқан-ды. Теңізді артқа тастап қалың бұйратқа кіре бергенде ілгергі жақтан түйдек - түйдек шаң шықты. «Жау ма?» - деп ойлады Еламан. Суық үрей жүрегіне шауып, ілгері жүрер - жүрмесін білмей екі ойлы боп тұрғанда, шаң арасынан жылқылар көрінді. Іле - шала жылқышылардың кешкі ауадан қиқу салған ащы даусы естілді. Алаяқ көк жылқылар тыныш даланы дүбірлетіп, селдей қаптап келіп қалды. Жылқы соңынан көш көрінді. Бұлардың да жүрісі суыт. Шаңырақ артқан түйелерге байлаған шелек, жез құман, жез легендер даңғыр - дұңғыр, дүрлігіп қатты жүріп келеді. Қаталап шөлдеген қатын, балалар көздері шүңірейіп, еріндері кезеріп кеткен. Кірпік - қасы шаң. Осы ыссыда көліктері де қара тер боп сабылып келеді екен. Еламан көш басындағы кісілерді іркіп, ат үстінен бір-екі ауыз тілге келді.
− Ойбай, жаудан қашып келеміз.
− Көп пе?
− Көрген жоқпыз. Біздің ар жағымызда отырған ауылды шапты...
− Ал, қайда паналамақсыңдар?
− Білмейміз. Бетіміз - теңіз жағасы.
− Ендеше, бет алыстарың дұрыс. Алдарыңда балықшы ауылы бар.
− Шырағым, өзің кім боласың?
Еламан жауап берместен атына қамшы басты. Тоң ат бір бауыр жерден кейін өрге қарай шапқандай өкпесі қарлығып, ырсылдай бастады. Жамалдатқырдың жүрісі секілді шабысы да жаман. Төрт аяғын төрт жаққа сілтеп, түйеше тапырақтайды. Еламан оның өлгеніне қарайтын емес. Шабысы жайылып бара жатса қос өкпеге тепкілеп, басқа көзге сабалай түседі. «Апыр-ай, үлгере алсам жарар еді. Мына жамалдатқыр далаға тастамаса қайтсін?» Жары жолдан ауғанда ат болдырды. Тұла бойы малшынып терлеп, танау қағып ырсылдап келе жатып, жазатайым тұяғын жусан қақса да сүрініп кетеді. Алдағы қоңыр жалға әзер шыққан-ды. Сонан ылдиға салғанда алдыңғы аяғын індігешке тығып алды да, омақата құлады. Алаңсыз отырған Еламан ер үстінен ұшып кетті. Ат мойнынан асып, екі-үш рет домалап түсті. Сол бойда ұшып тұрды да, аттың шылбырына жабысты.
Ат қозғалмады. Танауынан қан кетті.
* * *
Ұлықұм бойын жайлаған Тілеу - Қабаққа қарасты бірнеше ауылды түрікпен шапты деп есіткенде, Тәңірбергеннің жүрегі мұздай болып еді. Олардан бір күндік жерде, Қаралакөпте отырған өзінің ауылы есіне түскенде жас мырзаның жаны қыдырып сыртқа шықты, ішке кірді. Кіммен ақылдасарын, қапелімде не істерін білмей сасқанда, ойлап тапқан жалғыз жұбанышы - бәлкім, бай ауылдарды шапқасын қоясы толған жау қазақ жеріне ілгерілеп кірмей, ырғап - жырғап кейін қайтар деп, өзін-өзі алдарқатып жұбатса да, бәрібір жаны байыз таппады. Осы жолы түрікпендер өткенде бұларда кеткен кегін қайтармақ боп, қанына қарайып келе жатқаны анық. Ендеше, көре қал, олар тырнағына іліккенді талай бермей, қаһарын бұған тігіп келе жатпасына кім кепіл?
Тәңірберген бір жігітті аулына шаптырды: «Тез көшсін! Қалаға жақын отырған қалың елдің ішіне кірсін. Мен де кешікпей жетем», - деді.
Түрікпендердің хабарын есіткен жұртта ес-түс жоқ. Досқа қарасты жігіттердің қабағы түсіп кеткен. Бәрі де пәленің қайдан шыққанын біледі. Олардың білетінін Тәңірберген де білді де, бұл арада тұрақтамай, қарасын батырып, тезірек тайып тұрғысы келсе де, күндіз жүру қауіпті болғасын күннің батқанын күтті. Жау келетін жаққа қарауыл қойды. Өзі де биік шоқалақтың басында төңірекке көз сап тұр еді, қасына Қалау келді. Қатарласуға бата алмай, бір қадам кейін тоқтап:
− Мырза, - деп дүңк етті. Даусы ұнамсыз. Аузына су толтырып алғандай, былдырлап, -мөку - сөку не керек, мырза... өзің пылай... пата алмасаң... пилігін маған пер. Қарындас менікі ғой. Құдай алдында да сұрауын өзім көтерем. Күнә - сауапын да мойныма алып, қойныңа сап перейін, - деп оғаш тілек білдіріп еді.