Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:141
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.
Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Кешіріңіз, – деп Фрунзенің құшағынан сытылып шығып, перронның шетіне қарай кете барды. Перронның тақтай төсеген едені бітер жерден әрірек, қарағай бағанаға байлаулы ер-тоқымды, әбзелді бір сұлу ат тұр екен, Рысқұлов соған жақындап барып, жүгенін ұстай бергенде, ат басын кегжең еткізіп, тыпырши берді. Рысқұлов аттың мойнын шапаттап, жалынан сипаған соң, жануар тыншығандай болды. Рысқұлов оның жүнін қасылап, тұмсығынан сипалады. Аттың мойны салбырап, көзін жұмды. Тұмсығын Рысқұловтың омырауына үйкегендей болды. Сол кезде Рысқұлов аттың мойнына бетін басып, мелшиіп тұрды да қалды.
Перрондағылар аң-таң. Пойыз жүретін уақыт болды. Рысқұлов аттың мойнынан бетін ажыратар емес.
– Міне, нағыз киргиз, бұлар аттың үстінде туған ғой, – деп ыржиды Голощекин. – Рас айтам, бір жерде оқығаным бар.
– Сіздің оқығаныңыз бар, ал менің көргенім бар, – деп Фрунзе жақтырмай қалды. – Біріншіден, Филипп Исаевич, киргиз емес, қазақ. Екіншіден, осы қазақ, мен білсем, бұл атты танып тұр. Әкесі туралы маған айтқан бір әңгімесінде Тұрар суреттеген ат осындай сұлу, сүліктей мал болатын. Бұл, сірә, соны таныды.
– О-о, – деп Голощекин есесін қайтармақ болды, – Рысқұловтың әкесінің заманындағы жүйрік ат әлі тірі деп ойлайсыз ба? Сіз де қызық екенсіз, Михаил Васильевич.
– Голощекин жолдас, – деді Фрунзе ресми мақамға түсіп. – Нағыз ереуіл, қазанаттар тұқымсыз кетпейді. Тұрар Рысқұлдың баласы екені рас болса, сол Рысқұл мінген тұлпар аттың тұқымы неге болмауға тиіс?
Осы кезде вокзалдың ресторанынан құндыз бөрік, шибарқыт камзол, шоқайма көк етік киген бір қазақ қонышын қамшылай шығып, өзінің атына жабысып тұрған бөтен адамды көріп:
– Әй, бұл қайсың? – деп алға теңселе басып ұмтылған. Қамшысын сығымдап ұстай ұмтылған. Жақындап барып, әлгі адамның ұры емес екеніне көзі жеткендей болған соң:
– Саған не керек? – деген.
Рысқұлов аттың иесіне қарап тұрып:
– Айтыңызшы, бұл аттың тегін білесіз бе? – деді.
Масаң адам ойланып қалды.
– Білмеймін, әйтеуір Әулиеатадан ба, Меркеден бе, жоқ-жоқ, Алматыдан, иә, иә, Алматыдан. Нағашыларымыздан қалап әкелген. Әй, оны неге сұрадың? Мал ұрлатып па едің?
– Иә, – деді Рысқұлов бір күрсініп. – Баяғыда Қызыл Жебе деген керемет ат болған. Сол ма деп қалдым. Бәлкім, соның тұқымы шығар, кім біледі?
– Жолдас Рысқұлов! Жолдас Рысқұлов! Пойыз, пойыз! – деп айқайлады перрондағылар.
Масаң қазақ «Рысқұлов, Рысқұлов» дегенді естіп:
– Ойбай, бауырым, сен шыннан Тұрарсың ба? – деді.
– Иә, мен Тұрармын. Әкем Рысқұлдың тұлпары Қызыл Жебе еді. Қош-сау бол.
Масаң қазақ аузы аңқайып тұрып-тұрып, бір уақыт Рысқұловтың соңынан бір сүрініп, бір қабынып тұра жүгірді.
– Тоқта, Тұрар! Міне кет Қызыл Жебеңді, міне кет, бауырым.
Бұл кезде Рысқұлов көк вагонның үзеңгісіне аяғын сала берген. Артына бұрылып, әлгі қазаққа:
– Қай ауылдансың? – деп айқайлады.
Паровоз өкіріп-өкіріп жіберді.
Әлгінің не айтқанын Рысқұлов есіте алмады...
Пойыз Ташкенттен сытылып, қазақтың кең даласына шығып, көсіліп ала жөнелгенде, терезе алдында тұрған Рысқұловтың жанына Элиава келді.
– Тұрар Рысқұлович, сіз бұрын бұл жолмен жолаушы жүріп пе едіңіз?
Рысқұлов басқа дүниеден оралғандай, Элиаваның бетіне бағдарлаңқырай қарап:
– Иә, жүрдім. Алғаш 1915 жылы осы жолмен Самараға бардым. Оқу іздеп... Сондағы ауылшаруашылық институтына түспекші едім.
– Түстіңіз бе?
– Жоқ. Емтиханның бәрін үздік тапсырдым. Пішпек орман техникумын бітіргенім туралы аттестат та кілең үздік баға еді. Институтқа қабылдану жөнінде бұйрық беруге келгенде, ректор менің құжатымның шекесіне: «Мал баққан номад баласына егін шаруашылығымен айналысудың керегі жоқ», – деп жазып жіберіпті.
– Иә, содан? – Элиава Рысқұловты енді танығандай ентелей түсті.
– Содан не болушы еді, ректорға көзбе-көз жолықпақшы болып, қабылдауын үш күн күттім – қабылдамады. Ақыры кабинетінен шығатын кезді аңдыдым. Дәлізде алдын орап: