Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:141
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.
Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Мұндағы, Түркістандағы, мұсылман коммунистерінің ішінен екеуін айрықша атауға болады. Біріншісі – өзбектерден Тұрсынходжаев, екіншісі – қазақтардан Рысқұлов. Рысқұлов ақылдылығымен қоса, аса ірі де бай мінездің адамы. Мұнда Рысқұлов және оның тобы өте белгілі. Басқалардың бәрінен де Рысқұлов ерекше ақылды. Оның тобында іскер адам көп. Рысқұлов халыққа әбден танымал, ал бұлай деп Атабаев пен Төреқұлов жөнінде айтуға болмас еді.
Тұрар Рысқұлов – партия қайраткерлерінің ішінде аса үздіктерінің бірі. Түркістанда Кеңес өкіметі мен коммунистік партияның даму тарихындағы тұтас бір дәуір Рысқұловтың есімімен тікелей байланысты. Рысқұлов жолдастың есімі – төңірегіне партия қызметкерлерінің белгілі бөлігі топтасқан жалау, ту сияқты. Қажымас қайрат-жігері, аса ірі ұйымдастырушылық дарыны бар, принциптеріне мейлінше берік, бірбеткей Рысқұлов халық арасында мол беделге ие болып, аты аңызға айналды. Марксизмді тәп-тәуір меңгерген, білімді десең білімді, шешен десең шешен.
Сөйте тұра, ұлттық мотивтерге іші бұра береді. Міне, маған қолыма қалам алдырып, Сізге хат жаздырып отырған да осы жағдай. Таяуда болып өткен Түркістан Коммунистік партиясының бесінші конференциясында (ол кезде мен Түркістанға әлі келмеген едім) Рысқұлов біздің ісімізге зиянды ұсыныс жасап, ол ұсынысын конференция арқылы өткізіп жіберген.
Ең қиыны – Рысқұловтың сол қауіпті ұсынысын конференция түгелге жуық қолдап, қуаттаған. Тіпті біздің Түрккомиссияның мүшелері де, Рудзутактан басқасы, Рысқұловтың жетегінде кеткен. Егер біздің революция от-жалынында шыныққан аса белгілі қайраткерлеріміз Элиава, Куйбышев, Голощекин жолдастар Рысқұловтың айтқанына бас шұлғи берген болса, онда Рысқұловтың қандай пәрменді, сесті, логикасы темірдей берік, бетқаратпас қайраткер екенін өзіңіз де түсіне бересіз.
Ал оның «ұсынысы» дегеннің мәніне келетін болсақ, осындай дәті берік, ақылды адамның, іштей адал коммунист басшының көпе-көрнеу қатесіне қынжылмасқа болмайды. Ол Түркістан орнына «Түрік кеңестік партиясы», «Түрік кеңестік республикасы» дегенді шығарып, ұлтшылдық, бәлкім, тіпті пантүріктік жолға түсіп отыр. Рысқұловтың имандай сеніміне қарағанда, өзбек, қазақ, қырғыз, түрікмен т. б. түркі тұқымдас халықтардың бәрі бір-ақ ұлт, яғни түрік... Мұның ар жағы неге апарып соғарын өзіңіз білесіз. Мен Рысқұловтың бұл қатесін бетіне айтып, түсіндірген болдым. Бірақ ол илікпеді. Оны сөзбен жеңу қиынның қиыны. Енді міне, бізбен келіспеген соң, Мәскеуге аттанып, Сізбен жүздесіп, өз идеяларын сарабыңызға салмақшы. Ендігі мәселе өзіңізге байланысты, Владимир Ильич!
Коммунистік сәлеммен Фрунзе».
* * *
Перронға Рысқұлов, Низам Ходжаев алдымен шықты. Оларды шығарып салуға Сағдулла Тұрсынходжаев, Санжар Асфандияров, Файзолла Ходжаев, Әкмәл Икрамов, Қабылбек Сарымолдаев келген екен. Рысқұлов перронға шыққан соң, шығарып сала келушілердің арасынан Нәзір Төреқұловты, Сұлтекеңді – Сұлтанбек Ходжановты іздеп еді, олар көрінбеді.
Бұлардың соңын ала Мәскеуге жүретіндердің екінші тобы келіп жетті. Олар Элиава мен Рудзутак еді. Аттандырып салуға Фрунзе, Куйбышев, Голощекин келіпті.
– Демек, жүретін болдыңыздар ғой, – деді Фрунзе Рысқұловтың қолын алып тұрып.
– Солай болды.
– Менімше, Элиава, Рудзутак бәріңіз бір вагонда болғандарыңыз дұрыс еді-ау.
– Өзі де солай. Егер олар қаласа, бір вагондамыз, – деді Рысқұлов.
– Бәсе, өзім де солай сеніп едім, – деп Фрунзе Рысқұлов пен Рудзутакты қоса құшақтап тұрды.– Екеуіңіз – екі полюс сияқты болып тұрғандарыңызбен араларыңызды ажыратпас арқау барына сенемін.
Рысқұлов Фрунзені зейінмен тыңдай тұрса да, көзі басқа бір жаққа қадалғандай болды. Аздан соң: