Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Мырзалар, гимназист екендеріңді көріп тұрмын. Басбұзар киргизға ара түскендерің үшін басшыларың бастарыңнан сипай қоймас, аулақ жүріңдер! – Урядник қоқилана қалды. Салт атты ер-тоқымын көтеріп, қабасақалдың қолындағы шылбырды тартып еді, қабасақал:

– Атты бермеймін, айып төлейсің, сонан соң аласың атты, – деді. Күйіп кеткен жолаушы ер-тоқымды аттың үстіне лақтыра салып, қамшымен қабасақалды бастан ала тартып кеп жіберді. Қабасақалдың шекесінен қара қан бұрқ ете түсті.

– Міне, бұл соттың ісі! Енді түрмеде шірисің, айуан! – деп урядник наганын кезенді...

Қазір Рысқұловтың алдында отырып, Фрунзе осы бір жайды еске алды. Бірақ ол зорлық-зомбылық келмеске кетті ғой деді өзіне-өзі. Кеңес өкіметі енді ондай қиянатқа жол бермейді. Мұны Рысқұлов та түсінеді. Бірақ психологияны жаңа заманға бірден ыңғайлау оңай емес. Қарғыс атқыр ескінің елесі Рысқұловтың есінен шықпай тұрғаны сондықтан. Мұны мен, әрине, түсінемін. Бірақ ұлт мәселесі бұл жолмен шешілмейтінін бұл түсінбесе амал не? Әйтеуір, түркі тұқымдастар іріленіп, күшті болса екен дегеніне көне қою қате ғой. Бұл пантюркизмге тартатын жол ғой. Оған үлкен тосқауыл керек.

Рысқұлов дәл қазір Фрунзенің соноу алыс Алматыны оймен аралап қайтқанын білген жоқ. Бірақ қолбасшының кекшіл көздерін мұң шалғанын байқады. Рысқұлов тағы біраз қасарысса, Фрунзе илігетін сияқты көрінді.

– Ал түптің түбіне келсек, тіпті ұлтқа бөліп жатудың керегі жоқ, – деді Рысқұлов үнін жұмсартып. – Бізге бірлік, бірлік арқылы ірілік керек. Өзіңіз білесіз, күні кешеге дейін республикада коммунистер партиясы үш ұдай болып келді: Мусбюро (оны мен басқардым), крайком, шетелдік коммунистер секциясы. Крайком ұйтқы бола алмады. Беделі қалмады. Көпшілік, тіпті Шығыс елдері де Мусбюроны мойындап, тек соны ғана таныды. Ал бұл келеңсіз жайт екенін түсініп, үш тармақты біріктіріп, крайком беделін көтеру жөнінде мәселені бірінші көтерген мен болатынмын. Ақыры солай болды да. Кешегі V конференция солай шешті. Демек біртұтас партия бар, оны өзбектікі деп, қырғыздікі, қазақтікі деп бөлшектемейміз ғой.

– Сондықтан да «түрік» дегеніңіз түсініксіз. Ұсақ ұлттардан безіп, ірі ұлт болуға ұмтылуыңыз жұмбақ. – Фрунзенің көзі қайтадан қатулана бастады.

– Оны мен әлгінде ғана түсіндірдім ғой. – Енді Рысқұловтың даусы қатая түсті. – Бүкіл Шығыс алдында «түрік» дегеніміз – жарнама. Шығысты сіз социализмге мылтықпен айдап әкеле алмайсыз. Шығысты социализмге, Кеңеске қарай икемдейтін Түркістан, ондағы түркі халықтары. Егер сіз сол түркі халықтарының бірігуіне жол беріп, өзге ірі халықтармен терезесін тең етсеңіз, Шығыс, сөз жоқ, сізге тәнті болады. Тәнті болады да кеңеске қарай қол созады.

– Ол рас та шығар. Бірақ мен «түрік» яки «түркі» деген халықты Түркістанда бар деп білмеймін. Мен бала кезден қырғызды, қазақты, өзбекті білемін.

– Сол айтып отырғандарыңыздың бәрі де Түрік дейтін ұлттың жаңқалары екенін түсінгіңіз келмейтіні өкінішті. Тарихты түсінгіңіз келмейтіні қалай, Фрунзе жолдас? Тарих сізге Колчак емес қой тас-талқанын шығарып жүре беретін.

Фрунзе күліп жіберді. Көздерінен сәуле шашырап, жанарының айналасын ұсақ әжім тұта қалды. Орнынан тұрып келіп, Рысқұловтың иығына қолын салды.

– Ал бірақ, Тұрар Рысқұлович, сіздің Нәзір Төреқұлов туысқаныңыз өзбек, қазақ, қырғыз, түрікмен, тәжікті осы дәл бүгін жеке-жеке республика етіп, шекараларын бөлуді талап етеді. Бұған қалай қарайсыз?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий