Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов
-
Название:Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:202
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.
Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Әже-ау, былтыр мұндай емес ең... Құлағыңа не болған, неге естімейсің? -деді. Көптің ортасында отырса да, еріксіз жапа-жалғыз боп оқшауланып қалған әжесіне жаны ашып, құшақтап алдына жантайды.
Әжесі түсінді де, аз ғана босаңсып:
– Балам-ай, әжеңде қуыс кеуде болмаса, не сымбат қалды? - деп, өзінің дағдылы мұң-шыңына қарай беттеп еді. Баласы қимады.
– Жазыла ма өзі? Емдесе қайтеді? - деді.
Үй іші де, әжесі де құр күліп қана қойды.
Кәрі шеше күле отырып, баласының талабы қайтпасын дегендей қып:
– Үшкірсе, кейде ашылып қалады. Үшкірген жағады, - деді.
– Үшкірсе, мына балаң молда боп келді ғой. Үшкірт балаңа, - деп, Айғыз күлді.
– Үшкірсін, баласы үшкіріп берсін.
– Сорлы кәрінің көңліне о да болса демеу ғой!.. - деп үйдегі үлкендер, әсіресе, жеңгелер Абайдан шын бірдемені дәметкендей.
Абай бұған ішінен ыза болды. «Үшкіру, ішірткі жазу, қасида оқу» молдалықтың ел үйренген дағдысы екені рас. Бала көңліне қатты жиренішті көрінетін балгер, құшынаш сияқты, бақсымен тең молда, қожа аз емес. Абай соны еске алып, өз жайын мысқылдағандай болып, аз күлімсіреп отырды да, бір кезде оқыстан, әжесінің басын құшақтай ап, сыбырлай күбірлеп, бір нәрсені шұбырта жөнелді. Жұрт аңыра қарап отырып, басында дұғалық оқып жатыр екен деп еді. Кәдімгі молдадай шарт жүгініп алып, түсін томсартып жіберіп, шешесіне төніп отырып:
Юзі раушан, көзі гауһар,
Лағылдек бет ұшы ахмар.
Тамағы қардан әм биһтар
Қашың, құдрәт, қоли шиға. -
деп, көпшілік ұға қоймайтын өлеңді шұбырта беріп, даусын «тәбәрәк» оқыған молдаларша ұзайта созды.
Мұбада болса ол бір кәз
Тамаша қылса юзма-юз...
Кетіп қуат, юмылып көз,
Бойың сал-сал бола нига? -
деп кеп көзін жұмып, ернін жыбырлатып, әжесінің құлағын ашып «су-ф!» деп қойды. Бұл өзінің, биыл осы көктемде Науаи, Фзулиді оқып жүріп жазған өлеңі болатын. Отырғандар әлі де дел-салда. Күдік етушіден де шын дұғалық екен деушілер көп. Бала солардың шама-шарқын танып, мысқыл еткендей боп алдаңқырап келді де, енді шынын танытпақ боп, даусын ашық етіп қатайтып алды. Тағы да көзін жұмып, түсін томсартып, құран аударған молдадай, ілгері-кейін теңселе беріп:
Ұшады бозша торғай көдені ықтап, Басасың аяғыңды нықтап-нықтап, Кәрі әжем естімейді, нана берсін, Берейін өлеңіммен шын ұшықтап... -
деп кеп, тағы да «су-ф-ф!» деп қойды. Үйдің іші енді сезіп, ду күлісті.
Соңғы өлеңнің тұсында әжесі де түсінген. Ол, үні өшіп, сүйсініп күліп, баласын арқаға қағып, маңдайынан иіскеді.
Абай күлместен, мысқылдай қарайды. Әжесіне жабысып отырып:
– Қалай, құлағың ашылды ма? - деді.
– Е, жақсы боп қалды. Өркенің өссін, балам! -деп әжесі алғыс айтты.
Үлкендер бала мінезіне бір күліп, бір таңданып сүйсініп қалды. Қара сұр бала көптің көзі бір өзіне қадалғанда енді қысылыңқырап, қызарып еді. Бірақ, көзінде жайнай жанған от білінеді. Өзге балаларының ажарынан бөлек, қызулы, саналы оты бар сияқты.
Ұлжан тартымды болумен қатар, сыншы да ана. Баласының жаңағы мінезіне біраз ойлана қарап отырды. Биыл денесі өскелеңдеп қалған баласы, мінез жағынан да ересек тартқан сияқты. Ұлжан көппен бірге күлген жоқ еді.
Енді байқай отырып, ақырын мырс етті де:
– Балам-ау, қаладан молдалық әкеледі десем, нағашыңа тартып қайтқанбысың, немене? - деді.
Үлкендердің бәріне бұл өте түсінікті еді. Жаңағы бала мінезінің дәл шешуі сияқты болып, қайта күлдірді.
– Бәсе, Шаншар?
– Битан, Шитан!
– Тонтекеңнің жиенімін деп тұр ғой! - десіп, Абайдың нағашыларын есіне алысты. Өлерінде: «Жазыла-жазыла қожа-молдадан да ұят болды, енді өлмеске болмас!» деп кеткен Тонтай сөздері де көптің есіне түсті.
– Апа-ай, енді бақсы-құшынаш боп, елтірі-сеңсең жинағанша, Тонтекеңе тартқаным көш ілгері емес пе? - деп, Абай іле жауап берді.
– Жарайды, ендеше, ержетіп қапсың, балам, - деді шешесі.