Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов
-
Название:Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:202
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.
Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Бала ес білгеннен бері қарай әкесінің қабағын жұтаң қыста күн райын баққан кәрі бақташыдай бағып, танып өскен. Әкесі де бұл баласының сондай сезгіштігін өзге баларынан артық санаушы еді. Ұялғанды, жауап айтпағанды кешірмейтін әке мінезі Абайға мәлім. Ол сабырлы, момын пішінмен:
– Шүкірлік, әке, - деп біраз тұрды да: - ат барған соң, дәріс тамам болмаса да, хазіреттің рұқсатын, фатиқасын алып қайттым, - деді.
Тіпті ересек адамша сөйлеп қапты. Баланың бұл ерте әзірлеген жауабы еді.
Әкесінің қасында тұрған Майбасар мен соның атшабары екен. Майбасар Құнанбайдың тоқал шешесінен туған інісі. «Төрт тоқал» атанған туысқандарының бір тоқалынан осы Майбасар. Бұны биыл Құнанбай өзі аға сұлтан болғаннан кейін, осы Тобықтыға болыстық старшын еткен-ді.
Майбасар Абайдың жауабын ұнатып тұрып:
– Өзі, тіпті, көшелі кісі боп қапты! - дей беріп еді, Құнанбай оның сөзін аяқтатпастан Абайға:
– Бар, ана шешелерің жаққа бар, амандас, балам! – деді.
Абайдың күткені де сол еді. Әлі тосып, бар қозғалысын алыстан қарап, әңгіме етіп тұрған шешелерге қарай бұрылғанда Абай қайтадан өзінің жасына лайық қуанышты бала қалпына келе қалды. Арт жағында жорға Жұмабай Абайдың бүгін оны қорқытқанын әңгіме қып жатты. Бала енді асығып, өз шешесіне қарай жақындай беріп еді, Жұманның қатыны, Қалиқа деген бір жеңгесі:
– Телғара! Айналайын Телғара! Соқталдай азамат боп кетіпсің-ау! - деп, мойнынан құшақтай алып, бетінен сүйді. Тағы бір жеңгесі - Ызғұттың қатыны Тобжан да сүйді. Содан кейін үлкен қатындар және осы топтағы үлкен еркектің, ағалардың да бір-екеуі сүйіп жатыр. Абайды шын балаға айналдырып жіберген осы сүйістер еді. Ол қысылып қызарғанмен қашып та құтыла алатын емес.
Наразы боларын да, құптарын да білмеді. Бірнеше үлкен қатындардың көзінен жас та көрінді.
Барлық үлкеннің құшағына амалсыз кезек-кезек кіріп болып, енді сытылып, шешесіне қарай баса берді. Абайдың өз шешесі Ұлжан мен екінші шешесі, сұлу жүзді - Айғыз қатар тұр екен.
Бала топтан шыға бергенде, Айғыз күліп:
– Пай, жаман қатындар сілекейлеп, баламыздың бетінен сүйер жер де қалдырмады-ау, - деп паңдана күлді де, Абайды көзінен сүйді.
Кезек өз шешесіне келгенде, ол сүйген жоқ. Қатты бір қысып, бауырына басып тұрды да, маңдайынан иіскеді. Абайдың әкесіндегі тартымды салқындық шешесіне де көптен бері мінез болған. Бала осыдан арғыны күтпеуші еді. Бірақ, баурына басқанның өзінде де Абайдың жүрегін қатты-қатты соқтырған аса бір өзгеше жақындық білінді. Ана құшағы!.. Ұлжан көп ұстаған жоқ.
– Әжеңе бар, әнеки! - деп үлкен үйдің алдына қарай бұрып жіберді. Кәрі әжесі Зере бәйбіше, таяғына сүйеніп, ұрсып тұр екен.
– Жаман неме, маған бұрын келмей, әкеңе кеттің-ау! Жаман неме! - дей беріп, қасына, құшағына немересі барғанда, «жаман неменің» артынан ілезде:
– Қарашығым, қоңыр қозым... Абайжаным... - деп кемсеңдеп, жылауға айналып кетті.
Әжесі құшақтаған бойында үлкен үйге кірген Абай, ымырт жабылғанша осында болды. Шешелері бұған біресе қымыз, біресе тоңазыған ет, біресе шай ұсынып тықпалай берсе де, баланың бойына ас батпады. Жөндеп ішкен де жоқ.
Күні бойғы аштығы да ұмытылған сияқты.
Ас бере отырып, бойлары үйреніскен сайын, шеше, жеңгелері баладан:
– Елді сағындың ба, кімді сағындың?
– Молда болдың ба?
– Оқып болдың ба? - деген сияқтыларды қайта-қайта сұрады. Абай өзге сұрақтарға жөнді жауап берген жоқ. Жалғыз-ақ кімді сағындың дегенде:
– Оспан қайда? Ол қайда жүр? - деп өзінің кіші інісі, тентек Оспанды бірнеше рет сұрап еді.
Ұлжан басында ол сұрауын елеусіз қалдырып, артынан тағы бір айналғанда:
– Е, жүр-дағы жынды неме. Бүгін осында маза бермеген соң әжең екеуміз қуып шыққамыз, - деп әжесіне нұсқады.
Әжесі өзіне байланысты бір нәрсеге ишара қып отырғанды көріп:
– Не дейді? Не деп жатырсыңдар, естімедім, - деп еді, Абай Оспан жайын айтып кеп, қатты сөйлеп: