Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Байтас бұған күліп, енді іріленіп қарап:

– Не бетімді айтушы ем? Сорлы қатын алыстан әнмен арыз айтып жатқанға шыдасын ба? Келсем, алдымнан өзі шығып, атымды байлап жатыр, - деп, Жұмабай жаққа қарап, иек қағып қойды.

Абай үндеген жоқ. Ішінен «алдаған екен ғой» деп байлады.

Сол әңгіме жүргіншілердің таңертеңнен бергі қатты жүрісін Найманкөктің ақырын бүлкегіне әкеп салған еді.

Шәкірт бала ауылға асыққан, лепірген күйіне қайта келіп, тағы да тебіне жөнелді.

– Уә, қой деймін, бала! Ат зорықтырасың!

– Жапа-жалғыз ұзап кетіп, жауға жем боласың! - деп, екі жолдасы тағы тежей бергісі келді.

Бірақ қаладан, жабырқау медреседен жаңа құтылып, енді үйіне, ауылға жетуге асыққан шәкірт бала ол сөздерді тыңдайын деп ойысқан жоқ.

Үлкендер қорыққан Есембай да, тіпті ұрылар да Абайға сондайлық жат, суық боп көріне алмады. Ұры десе, осы елдің өздеріндей қазақтары. Көп болса:

киімдері, ер-тұрманы ғана жаман; қолдарында сойылдары ғана бар. Ондай ұрылар жайында Абайдың естіген әңгімелері соншалық көп. Кейде, тіпті, сарытоқым ұры болған - ел ішіндегі үлкендердің өз аузынан естіген әңгімелері де ұмытылмайтын. Қайта, бір кездесіп, дәл жауға шапқан пішіндерін көрсем деген, іште жүрген ынтықтығы да болатын.

Ал, «Қарауыл биігі анау, жасырын жырасы мынау» деген Есембай -Найзатастар болса, ол Абайдың өз аулының аса мәлім қоныстары. Көктем мен күз уақыттарында, жылында екі рет осы жерлерге Құнанбай ауылдары келіп қонып, ұзақ уақыт отырып, жайлап та кететін. Анау көрініп тұрған төскейдің сай-саласы, бие бауы, ауыл қонысы, қой өрісі - барлығы да соншалық таныс, жақын. Тіпті, былтыр боқырауда, күзем үстінде қалаға оқуға кеткенде дәл осы қоныстан, Есембайдан кеткен болатын. Сонда тайға шапқан, асық ойнаған құрбы балаларымен жаяу жарыс жасап, асыр салған ең соңғы бір ыстық қоныс осы болатын. Қыс бойы ауылды, елді сағынғанда есінен кетпейтін соңғы күндері дәл осы Есембайда өткен.

Енді кеп: «бұл жерде ұры бар, сұмдық жер, бәле жатқан жер» деген сөздің қандайы болса да көңілге дарымайды. Жазықсыз сары биік, көкшіл қоныс, ақ көделі әдемі өлке мұнарланады. Барлық айналадағы кең дүниеге, әсіресе мынау өзі туған сахра, өлке белдеріне соншалық бір туысқандық ыстық сезіммен, кешіріммен де қарайды. Жабыса, сағына сүйеді. Үзілмей, қатаймай, бір қалыппен желпіп соққан әдемі салқын қоңыр жел қандай рақат. Осы желмен құлпыра, толқып, су бетіндей жыбыр қағып шалқып жатқан алкүрең көде мен селеу далалары... дала емес - теңіздері қандай! Сол даладан көз алмай, тоя алмай, үнсіз телміріп, ұзақ-ұзақ қарайды. Шамасы келсе, бұл жерлерді құбыжық көру емес, үрке қарау емес, құшағын керіп аймалар еді. Сылап-сипап:

«Мен сені сағындым, өзгелер жаман жер десе, мен олай демеймін. Тіпті, қойныңа тыққан ұры-мұрыңмен де жатсың, бөтенсің демеймін» деп қараған сияқты.

Тағы да шапқылап, қара үзіп, алыстай берді. Болмайтын болды.

– Артында қалып, майырға ерген лаушыдай қашанғы текіректейміз. Бұл қорлықты көргенше кел, Жұмеке, біз де аттың басын қоя берейік, - деп, Байтас бурыл атты ағыза жөнелді. Жұмабай да еріксіз шапты.

Аздан соң Абай бұларды тосып алып, енді үшеуі бірдей ұзақ-ұзақ жарысуға айналды.

Қорықтан шыққалы таңертеңнен бері бөгелместен тартқан үш салт атты, аттарын қан сорпа қылған қалпында, кешкі екінді кезінде Көлқайнардағы Құнанбай аулына, Абайдың өз шешесі Ұлжанның отырған аулына кеп жетіп еді.

Көлқайнар суы мөлдір мол бұлақ болғанмен, кең қоныс емес. Жайлауға қарай, Шыңғыс асқалы беттеп келе жатқан елдің үш-төрт ауылы қоныпты.

Бұның бәрі «Құнанбай ауылы» деп аталады. Өзінің ауылы мен жақын туысқандарының ауылдары.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий