Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов
-
Название:Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:202
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.
Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги
«Әй, анау да көк желкеден ұрады-ау!» - деп жасқаншақтап келе жатыр еді.
Қуғыншы ойлағандай-ақ шоқпарды жөндеп суыртпады. Тақымынан толық шығарып алғанша бастырмалатып кеп, Жұмабайдың қалың қара тымағын көзіне қарай баса кигізіп жіберіп, сол сәтте шоқпарға жармасты. Жұмабайдың басын көтеріп, тымағын түзеуге мұршасы келмеді. Тартысуға да қорғаншақ, шабуға да мүгедек болып қалды. Сүйткенше, жырынды жау мұның жаңағыдай сасқалаңымен пайдаланып, шоқпарды да тартып алды.
Енді, ақ боз ат та бірдемеге тіреліп тоқтағандай. Жұмабай зорға дегенде бойын түзеп ап, жаңа ғана тымағын кейін қайырып қап еді.
Қараса, бұның шоқпарын тартып ап, ақ боз аттың алдынан көлденең шығып, қазір шек сілесі қатып, үнсіз күліп тұрған бағанағы шәкірт бала. Өзі айтқан «Құнанбайдың бөлтірігі» - Абай екен.
Баладан қорыққанына Жұмабай ұялды да, ыза болды.
– Өй, балам-ау, мына жер - жау жатағы. Бұл ұрының ойнағына кеп алып, жаман ырым бастағаның не қылғаның? - деді.
Байтас та күлген бойында қайта оралып келеді екен.
Абай өзінен үлкен кісінің қорыққанына қатты ырза еді. Жұмабайдың неге ашуланғанын ұғып тұр. Қоңыр жүзі қызарып, төмен қарап қысыла күле беріп, бөркін айналдыра бастады. Кәдімгі «жолбасар» ұрыларша шапан-бөркін айналдырып киіп, мұрны мен аузын қызыл орамалмен таңып алып, Жұмабайды қуғанда тағы сол ұрыларша, «даусымды танытпаймын» деп, мыңқылдап сөйлеп бұйрық берген. Байтас қорықса, қорықпаса да сыр алдырған жоқ Сондықтан, Жұмабайдың ашуын алыстан танып, мәз болып күліп келе жатып:
– Құла бестінің төбелін де жоқ қыпты, қарай гөр өзін! - деді.
Жұмабай да жаңа байқады. Бала бестінің төбелін саз балшықпен баттастырып тұрып сылап қойыпты. Жұмабай кісілікті кісі. О да күлкі бола бергісі келмейді. Енді бұ да уақиғаны ойынға айналдырғысы кеп, мысқылдап:
– Өй, ұқсамасаң тумағыр! «Ұры Тобықты, ұры Тобықты!» деп Керей, Уақ зар қағады. Қаршадай баласына шейін ұры болудың жөнін жете біліп тұр. Зар қақпай қайтсін Керей, Уақ!.. - деп өзі де күлді.
Жұмабайдың қалаға бұ жолы не жұмыспен барғанын Абай дәлді білмейді.
Бірақ, оның Байтасқа айтқан бір сөзінде Құнанбай тапсырған бір жұмыспен барып келе жатқаны мәлім боп еді. Абайдың бұрыннан байқауынша, бұл Құнанбайға қадірі бар кісі. Абайға ашуланып, ренжіп барса, алдымен әкесіне шағады.
Осыны еске алып кеп, Абай енді күлкіден тыйылып, жаңа қатарласқанда:
– Жол ұзақ. Ұйқы ашар болсын деп ойнап ем, ғайыпқа бұйырмаңыз, Жұмеке! - деді. Енді тіпті сыпайы. Сызылып тұр.
Жұмабай жас баланың пішініне ырза болып қарады да, үндемеді. Байтас Абайды құрбысындай қағытып:
– Жарайсың, «ғайыпқа бұйырмаңыз». Сенің мынауың, менің: «Көшкенде жүк артамын сары атанға, айтамын не бетімді Ойке апама?!» деген өлеңім сияқты болды-ау! - деді.
Абай жете түсіне алмады.
– Қалай дейсің, Байтас аға? Ойке апа деп кімді айтасың?
– Е, Ойке апаны білмеушімең? О несі екен?!
– Бәсе...
– Бәсе, Ойке апа деген біздің қатын. Былтыр ала жаздай серілік құрып, ел қыдырып, қыз-келіншекпен сауық-сайран салмадым ба? Содан, аяғы қызық бітіп, үйге қайтатын да мезгіл жетті. Енді қатынға қалай қарарға да, не деп барарға да бет жоқ. Сонда әдейі бетінің зәрі қайта берсін деп, «Не бетімді айтамын Ойке апама...» деген өлеңімді өзім ауылға бармастан бір-екі күн бұрын айтқызып, жолдастарымды жіберіп жатып ем. Сол осы күні мәтел боп кетіпті, -деді.
Абай да, Жұмабай да қызығып тыңдасты. Өзі сері, әнші, сұлу Байтасқа екеуі де - бірі кәрі, бірі жас бала - қызғана да, тамашалай да қараған еді.
Абайдың көз алдына Ойке деген жеңгесі де, Байтастың былтыр жаздағы әншіл, сауықшыл жолдастары да толық елестеді. Естіген әңгімесінің бәрін еңсесімен ынтыға тыңдайтын бала бұрын Байтаспен сырлас, әңгімелес болмаса да, жаңағының аяғы немен тынғанын білгісі кеп, қызығып келе жатты. Байтастың құрбыдай қалжыңдағанын пайдаланып:
– Ал, Ойке апаңа не бетіңді айттың сонымен, Байтас аға?.. - деп жабыса түсті.