Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов
-
Название:Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:42
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В отместку за гибель младшего брата, Бактыгуль Тектигул крадет у богатого Салмена, виноватого в гибели, лошадь. Узнав об этом Салмен избивает Бактыгула, тогда Бактыгуль обращается за помощью к Жарасбаю. Он ему не помог, не выдержав, Бактыгуль убивает Жарасбая…
Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Иесіз таудың ішіндегі жалғыз үйлі кедей сол түрдегі момын сұр жалғыздық тіршілігіне қанағат қылып, ошақ басының жылылығында, сол ошақ ауданындай кішкене сүйкімді ауданда өмір сүріп, оған қанағат етіп күнелтуші еді.
Бақтығұлды үйіне сақтап, пана болуды қауіп көрмеген:
– Басыңа күн туған.азамат екенсің. "Жалғыздың жары – құдай" деген ғой. Бірде болмаса бірде: бір кемпір-шал бар еді-ау деп есіңе аларсың. Осы үйді өз үйіңдей көр де жата бер. Жауыңнан құлақтас болып тұрармыз. Мына балаларымды інідей көр! – деп Қатубай көп-көп жұбату достық сөздерін айтқан.
Осы түннен бастап, Бақтығұлдың ең сенімді досы осы үй болды да, Бақтығұлға да үй іші өздерінің бір азаматы, туысқаны сияқты қарасты.
Екі-үш күн бұрын Бүргендегі кәрі досына кеткенше, көбінесе Бақтығұл осында болатын; бірақ күндіз отырмайды: ерте кетіп, түнде кеш келеді. Сондықтан бұл ауылды мекен қылып жүргенін әзір ешкім білген жоқ-ты. Бақтығұл күнде бір үлкен аң атып әкелетін. Үй іші соны азық қылады. Соңғы Бақтығұл кеткен күннен бері төмендегі көршілес ауылдардан Қатубай көп сөз естіген.
"Пәлен деген бір қашқын бар дейді. Болыс соны ауылдарына жолатпасын, керсе – хабар ғылсын, болмаса ұстап берсін депті. Осы маңдағы елге де хабар айтыпты" дескен сөзді де естіді. Бірақ үндеген жоқ, елеген жоқ-ты. Кешегі күні Бақтығұлды іздеген қуғыншылар төменгі ауылдарда топтанып жүргенін де көрген.
Бұл маңайға олар бұрын бүйтіп ұзап келген жоқ-ты. Тек бір сыбысты естіп, біреудің хабарымен келсе керек. Бақтығұл келіп, қуырдақ пен шай ішіп отырғанда, Қатубай мен бәйбішесі соны айтты да:
– Қарағым, сақ бол, кездесіп қалар, – десті. Бақтығұл бұл жайды естіген соң, түндегі ауылдың өзіне көрсеткен шырайын еске алып, қуғыншыны солар көзеп жібере ме деп қауіп ойлады да, шайды тез ішіп, атқа мінді.
Әркашан ауылдан шыққанда елсізге бет алып, жоғары қарай өзенді жағалап, тауға тартып кететін.
Сол әдетпен төмендегі бір тіктеу бетті қиялап отырып, Талғар суының жағасына келді.
Алыстан "мен мұндалап" азынап, сатыр-сұтырымен сайды жаңғырыктырып ағатын Талғар қасына келгенде, барлық асау суық түсімен жанды шошыта-ды. Биік таудың өр кеудесінен қадімдік қалың мұз, ақ қарынан шығып, жартасты құздарды жарып, ылдиға қарай ағатын. Сол жолында кейде шапшып құтырып, кейде бүктеліп тулап, ойнақ салып кетеді. Жайын-суық қайрат иесі көк долы судан Бақтығұл көзін ала алмай, жартасты жағалап келе жатты. Жаздыгүні бүл су бұдан да күшті, бұдан да мол болып аққұла болып ағады. Кәзірде күз болған соң, шарасы кеміңкіреген сияқты.
Бірақ сонда да өткел бермейді. Әлі де жыны жетеді. Түбіндегі кесек-кесек жұмыр тастарды осы күнгі ағынның өзі-ақ сатыр-сұтыр айдап, біріне-бірін қажастырып, соғыстырып жатыр.
Кәзіргі Бақтығұлдың келе жатқан жері – Талғардың сайды құлдап, тар шатқа тықылып, тік еңісте суық дыбыспен құлап ағатын жері. Қазанда қатты қайнаған судай, өне бойымен түгел бұрқылдап қайнап жатқан сияқты. Ұзақ бойы түгелімен бүрк-сарқ етіп тасиды. Талас салып, жарысып екпіндей жөнелген жік-жік ағын бұйра толқындар жүз жыланның сумаң қағып жарысқанындай. Өрттен, қуғыннан қашып, дүркіреп жосыған көп жайынның жөңкілуіндей. Шаттың аяғы тік біткен мұрыншақ тас. Шың тастың ішінде, биік құздың арасында иіріліп аққан су бір мүйістен екіншіге қарай шыққанда, тау қойнынан шыққан құсықтай ақтарыла жөнеліп, екінші мұрыншақтан бұрылғанда жер тесігіне сүңгіп, құйылып жатқандай болады. Қалың биік, алып жартас бір ұртына бір өзенді сіміріп жұтып, жер астына әкетіп жатқандай. Мұрыншақтан аса беріп, асау су жоғалып жатыр.