Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов
-
Название:Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:42
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В отместку за гибель младшего брата, Бактыгуль Тектигул крадет у богатого Салмена, виноватого в гибели, лошадь. Узнав об этом Салмен избивает Бактыгула, тогда Бактыгуль обращается за помощью к Жарасбаю. Он ему не помог, не выдержав, Бактыгуль убивает Жарасбая…
Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Қария, несін айтасың! Осы айтқаның – кітап сөзіндей. Тұзым – жеңіл, бағым ашылмай, қырсық шалған сорлы кедеймін. Бүгін сонымның бәрін шағайын деп, мына мырзаға әдейі келіп ем. Бейіліме қарай, жақсы сөз айттың. Дуалы ауыз қариясың ғой. Дегенің болсын, ақсақал! – деді.
Бұл кезде болыстың баласы Жанғазы шешесінің жұмсауымен қора жаққа барып, екі келіншекті шақырып келіп, үш-төрт кісі боп, арқарды аттан түсіріп алып, үйге қарай алғызып жөнелді. Болыстың шолжаң өскен баласы арқардың алдыңғы бір борбайын ұстаған болып келе жатып, оның үлкен мүйізді басымен алдындағы келіншекті итермелеп, бөксесіне соғып барады. Арқар семіз болғандай: етті, мол денелі.
Болыс жаңағы әңгімеге жауап бермей, соған қарады. Тек іштей Бақтығұлды соншалық арамсынған ниеті жоқ.
Болыс қасындағы екі қарияның бұл шаққа шейін үндемей тұрған біреуіне жаңағы Бақтығұл сөзі көбірек ой салыпты. Ол бұған жылы шыраймен қарады.
– Байғұсым, жақсы лепес – жарым ырыс деп, өзіңнің ниетіңде жақсылықты ойлаған бірдеңе бар тәрізді-ау! Осы сендей тентек өмірдің әр тарау ой-қырын көріп-көріп келіп, кейде бір жақсылыққа ден қойып, көшелі кісі болып кетуші еді. Әлде сөйткелі жүрмісің? – деді.
Бұл шал Шалқар болысындағы Сәрсен деген -басты бидің бірі. Болыспен беті бірыңғай, тілеуі жақсы, достығы күшті болғандықтан, соңғы сайлауларда Жарасбай қалдырмастан, ұдайы би сайлатып жүретін. Оған да дән ырза болды.
– Айтқаның рас, Сәке, үлкен ниеттің үстінде тұрғаным анық. Осы елдің игі жақсысының алдынан арылайын деген тілеудемін, – деп еді.
Болыс күлді де:
– Ойлағаның шын сияқты: ат үстінен-ақ айтып жатырсың. Бірақ ендігісін жайланып, жата-жастана айтарсың. Әзірше үйге жүріңдер, – деді.
Бақтығұл:
– Мырза, мақұл айтасың, көңлім сол оймен лепіріп тұрған соң, шапшаң айтып жатырмын. Әйтпесе жайланып айтатын сөзім осы екені, көп екені және рас.
– Ия, макқұл, мақұл, – деген қариялардың да дауыстары шықты.
Ымырт жабыла бастағанда қонақтар қораға кіріп, үйге қарай жүрді.
Болыс отыратын үлкен тамға шам жағылған. Іші жылы, жарастықты жайлы екен. Есіктен төрге шейін жайылған қызыл кілем. Төрде көрпе. Оң жақта үлкен, сәнді, жалтыраған жұмсақ орыс төсегі. Соның тұсына тұтқан түкті, сары ала кілем де үйдің ішін қуантып, жақсы ұядай түрлентіп тұр. Жыртық киіз үйде арқасынан суық өтіп, бүрсеңдеп жүретін Бақтығұлға мынау үй, бір қонып кетер болса да, үлкен сый сияқтанды.
Көңлі талай күнгі кірбеңінен жадырағандай. Өз тірлігінің жетімсіреген жүдеу күйін шағып, бой жазып, бұрын-соңды бастан кешкенін айта бастады.
Жұрт оның әңгімесін енді көбінше үндемей тыңдап отырып, кешкі шайды ұзақ ішті. Қозыбақ аулынан көргендерін Бақтығұл бастан-аяқ түп-түгел сөйледі. Ең соңында бұған абақтыны да әзірлеп кеткен ашу мен кіжінуді айтты.
Болыстан басқа үлкендер – бәйбішеге шейін сезге араласып, Бақтығұлға істелген істі шектен асқан зорлық деп таныды. Бұл сөз тұсында Бақтығұл:
– Жалғыз жүрген саяқ болған соң, әлі келген содырлар ойына келген қастығын істеп, түгіңмен жалмап кетуге жиренетін емес, – деген.
– Оның рас, сені аямай-ақ жанышқан екен Қозыбак, – деді Сәрсен ақсақал.
– Аяу қайда! Мен, солар айтқандай, көк биенің ұрысы болсам, олар тапа-тал түсте ұрлықтан да сұм-сорақы іс етпеді ме? Бәрі де сол жаңағы панасыздығымнан. Енді не де болса, бір жақсының қасында ат-қосшысы болсам да, ығына паналап жан қалмаса, атар таң, шығар күн жоқ па дедім.
Осындай сөздермен Бақтығұл өзінің шер-мұңын шерте берді.
Болыс бұған тіс жарып, ішін ашып, ешнәрсе демеді: өң-теріс деген жок, тек Бақтығұлдың сөзін тоқтатқан да жоқ. Өз ішінен ол Бақтығұлды ер жігіт көретін. Бүгін сөз білетін, орнымен ұстаса, көп керекке жарайтын еті тірі, есті кедей екенін байқап отыр. Айтар сөзге орамды Бақтығұл болыстан басқа үй ішін де тегіс тіліне нандырып, өз жайына қандыра берді. Бәйбіше мен Жанғазының Қозыбақ аулын жамандаған сөздері де естілді.