Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов
-
Название:Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:243
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Путь Абая» - известный во всем мире роман-эпопея М. Ауэзова, который поднял казахскую художественную литературу и принес в мировую литературу эстетический вкус и энергию. Автор рассказал о народе Казахстана и его традициях. Абай – человек, обладающий творческими и деятельными качествами с индивидуальностью в искусстве речи. Роман высоко ценят многие зарубежные писатели, среди них Луи Арагон, Н. Тихонов, Б. Матип.
Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Сонымен көктем күнiнiң түске жақындаған шағында, екi қабат үйдiң барлық астыңғы, үстiңгi бөлмелерiнен қалың жұрт ақтарылып шыға бастады. Көпшiлiгi қыр киiмiн киген ел адамдары. Бiрақ солармен қатар, қаланың саудагер, шәкiрттерi, қалпе-хазреттер сияқты қонақтары да көп. Бұларға Құнанбай Тiнiбектiң қолымен садақа бергiзiп, бәрiнiң тегiс фатиқасын алған .. Бұл реңдi қонақтар асқа тойып, қалтасына да ырза болып жымия күлiсiп, көңiлдене шығып едi.
Ендi осы топтың алдында Құнанбай өзi боп арбаға қарай келе жатқанда, бұл мiнетiн күйменiң көлеңкесiнде отырған бiр екi адам орнынан тұрып, Құнанбайға қарсы жүрдi. Алыстан сәлем берiп, Құнанбайдың алдына тақап келген бұл екеудiң бiреуi – сақалына бурыл кiрген Дәркембай. Қасындағысы – жыртық шапанды, жүдеу жүздi, жалаң аяқ, аяғын қалың күс басқан, 10-11 жасар бала едi. Дәркембай тақап келiп, Құнанбайға "жол босын" айтып, соған iлес жылдам сөйлеп кеттi:
– Құнеке, алыс сапарға бет алып, құдай жолына кетiп барады екесiз. О да мүсәпiрлiк сапар дейдi ғой. Кетерiңде бұндағы бiр шын мүсәпiрдiң арызын тыңдап кетсең деп тосып отыр ек. Мына баланың арызы бар, "құдай үшiн айтып бер" деп менi ертiп әкелдi! – дедi.
Құнанбай қабағын түйiп, тiксiне қарады да, жүрiсiнен бөгелiп қалды.
– Мен дүние сөзiнен аулақ кетiп бара жатқан жанмын. Арызың болса, менен өзгеге айтпаушымең? – деген едi.
– Өзгеге емес, өзiңе айтылатын арыз едi, Құнеке.
– Менiң басымда сөзi бар, неғылған бала бұл?
– Сөзi өз басыңда болған соң келiп тұрмыз.
Құнанбай айналадағы топтан, әсiресе, қаланың саудагерлерi, молдасы, қалпесiнен қымсынып қалды. Көзiн бiр рет қырын тастап едi, жұрт тегiс аңырып, дағдарып қалыпты. Майбасар Дәркембайды ендi танып, оны Құнанбайдың жолынан қақпалап әкетпек болды.
– Дәркембаймысың?! "Арызым" деп, аттанғалы тұрған кiсiге не деп оралып тұрсың сен? Тұрсаңшы былай! – дедi. Соңғы сөздерiн күбiрлеп айтса да, зiлмен тастады.
Бiрақ Дәркембай одан ығысқан жоқ. Ендi үнiн қатайтыңқырап, мына топтан Құнанбай мен Майбасардың қысылып тұрғанын байқап, әдейi даурыға сөйледi.
– Бұл баланың арызы – мың да бiр қарып-қасердiң арасында өзiң құлақ салатын сөз. Құдай жолына барарда, әдейi құлақ салатын сөз.
– Бұл не қылған бала? Арызы не? Айтшы шапшаң! – деп Құнанбай әлi де түйiлген қабақпен ендi ызалы үн қатты.
– Бала баяғы Борсақ Қодардың немере iнiсi. Бұл Көгадайдың баласы. Сонада Қодар өлгенде, жалғыз iнiсi Көгадай Сыбанда жалда жүрiп, жырақта қалған. Өзi өмiр бойы шала жансар, ауру адам едi. Алты жыл болды. Көгадай да өлдi. Сонымен Қодардан жалғыз қалған ұрпақ осы мынау жетiм бала Дәрмен! – деп Дәркембай баланы танытты.
Бетiне бозғылданып түгi шыққан, жүзi жүдеу шекесiнде көк тамыры бiлiнген, сүйектерi адырайған бала тұр. Бiр көзiн кiр шүберекпен таңып апты. Дәрмен көзiнiң жасын зорға тыйып, иегi дiрiлдей түсiп, Құнанбайдың жүзiне жаңа қарады. Құнанбай бұны да оқтай атып тұр екен.
– Несi бар едi бұл баланың менде?
– Несi жоқ едi, Құнеке? – деп, Дәркембай Құнанбай көзiне өткiр көзiн қадап, сыншыдай бақты.
– Айт ендеше, бұның мендегi сөзiн. Жүр былай дедi Құнанбай. Ол Дәркембайдың сөзiнiң арты ауыр болатынын тез болжады. Топ алдында сол сөздi түгел айтқызса, өзiне өзi соққы тигiзгендей болатынын сезiп, Дәркембай мен баланы ықсыра, қалың топтан шет бөлiнiп шықты.