Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов
-
Название:Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:243
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Путь Абая» - известный во всем мире роман-эпопея М. Ауэзова, который поднял казахскую художественную литературу и принес в мировую литературу эстетический вкус и энергию. Автор рассказал о народе Казахстана и его традициях. Абай – человек, обладающий творческими и деятельными качествами с индивидуальностью в искусстве речи. Роман высоко ценят многие зарубежные писатели, среди них Луи Арагон, Н. Тихонов, Б. Матип.
Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Ей, менiң балаларым, дос-жарым, iнi-туғаным! – деп, ойлы, салқын көзбен айнала жұртты шолып өттi. Үй-iшi жым-жырт, шай да құйылмай тоқтап қалған едi. Құнанбай кеудесiн көтерiңкiреп, қарсы алдына жалғыз көзiн салмақпен қадай отырып, сөйлеп кеттi: – Сендер менi осы сапарға қимайтын сияқтанасыңдар. "Қартайған шағында қайда шырқап барады, қайта оралып көрмеймiз-ау, кеткенi-ау" деп, есiркеп қарайсыңдар! Осыларың мынау жолға менi қимау емес, маған осы жолды қимау болады. От басында немереге, ас басында келiнге, мал басында малшыға "әй, өй" деп отырып өлетiн бай-бай шал боп өтсем, не мұратқа жетер ем!? Бұл сапар менiң ендiгi қалған тiрлiгiмнiң мұраты. Бәрiңе айтар бiр өтiнiшiм, осы жолда ақ бұйрықты ажал сағатым жетiп, қаза тапқаным естiлер болса, сол шақта да бiрде-бiрiң менi аяп, мүсiркеп: "әттең өкiнiп өлдi-ау, арманда кеттi-ау" деп еске алма. Оларың маған достық емес. Сендер ұзақ жасар жастықты мен де армансыз жалын құшып, жасап өткем. Әлi сендер алда татар балды да, зәрдi де татып өткем. Аз ба, көп пе, бұйрықты күндердi туыс боп, бауырлас боп, бiрге кештiк. Сол маған қанағат. Үбiрлi-шүбiрлi боп, тiршiлiк кешiп жүргенмен, әрқайсымыздың өлiм қазамыз өз бетiмен, оқшау келедi. Тобыңнан, шоғырыңнан айыра келедi. Ол келген соң, қай жерде келгенiнде, қай сәтте келгенiнде не таңдау бар? Қуыс шатты ең соңғы мекенi еткен кәрi арқардың келте соқпағындай.аз тiрлiгiм қалды. Менiң ендiгi қысқа жолыма сендер де ендi кешiрiм етiңдер. Жыламастан-сықтамастан аттандырыңдар! Айтпағым осы. Ал ендi, бiздi аттандырудың қамына кiрiсiңдер! – дедi.
Ызғұттыға қарап, қамыңа кiрiс дегендей белгi еттi. Ол орнынан тұра бергенде Тәкежан, Ғабитхан, Оспан сияқты жастың бәрi iлесе тұрды. Абай да әке қасынан тұруға ыңғайланып едi, Құнанбай бұны тiзесiнен алақанымен ақырын басты да:
– Жә, тапқаның мен танығаныңды сен мәлiм етшi, балам! – дедi.
Абай қалтасынан сиямен жазылған бiрталай мол қағазды шығарып, Ызғұттыға көз салып:
– Менiң тапқаным бәрi осы қағазда. Ызғұтты аға, осыны жаныңда сақтағайсың! – дедi.
Абай Ызғұттыға осы қағазын берiп жатқанда, Құнанбай жолдағы үлкен шаhарлардың атын тағы бiр рет қайта сұрады. Абай қазақ даласындағы құм, шөлдi Қарқаралыдан қосылатын Өндiрбай қалпенiң өзi бiледi деп, жолдың бер жағын сөз қылған жоқ. Тәшкенге шейiн қазақ iшiмен барысады. Одан арғы қалалардан анықтап атап, көп қайырып айтып бергенi – Самарқан, Мәру, Мешhед, Асфаhан, Абадан едi. Осыдан ары жол не Арабстанның сахарасымен өтпек. Болмаса тiптi жайлысы, кемемен айналып жүрiп отырып, Мекенiң өз тұсынан апарып түсiрмек. Қысқасы, бұл жерден ең төтесiн атағанда, көп кiтаптан Абай байлаған жол сорабы осы едi. Әкесiне күнбе-күн оқып бiлген дерегiн бүгiн ғана емес, бұдан бұрын да айтқан-ды. Жолдағы елдердiң өзге тiрлiктерiн, географиялық жағдайларын, кәсiп, шаруа салттарын көп-көп әңгiмелеген болатын.
Қарқаралыдан Құнанбайдың осы сапарына бiрге ермекке серт еткен Өндiрбай қалпе қосылмақ едi. Қазiр жүргiншiлер Ертiстен шалқайып, қазақ сахарасының қалың ортасына қарай тартпақшы. Кейiнгi жолда бұлар мiнетiн көлiк неше алуан боп ауыса берер, бiрақ дәл Семейден Қарқаралыға шейiн арбамен жайлырақ боп жүрiп баруды Тiнiбек әсiресе қатты мәслихат еткен.
Құнанбай мен Ызғұтты мiнетiн кең күйме Тiнiбектiң үлкен қорасында жегулi тұр. Қыстан сұлымен шыққан, қазiр iшiн тартып, тоқ жараған қалың сауырлы, қан жирен аттың тройкасы доғаны сiлкiтiп, үнi мөлдiр жез қоңырауды шылдырата түсiп, ауыздығын шайнап, жиi-жиi пысқырынып қояды.
Азықтар, көрпе-жастықтар, әлденеше қабат жазғы, қысқы киiмдер болсын, барлығы да күймеге түгел салынып болған-ды. Қарқаралыға шейiн Құнанбайды осы күймемен шығарып салатын Мырзахан көшiр орнына отырғалы бiрталай уақыт болды.