Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов
-
Название:Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:243
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Путь Абая» - известный во всем мире роман-эпопея М. Ауэзова, который поднял казахскую художественную литературу и принес в мировую литературу эстетический вкус и энергию. Автор рассказал о народе Казахстана и его традициях. Абай – человек, обладающий творческими и деятельными качествами с индивидуальностью в искусстве речи. Роман высоко ценят многие зарубежные писатели, среди них Луи Арагон, Н. Тихонов, Б. Матип.
Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Құнанбай мен Ызғұтты алда келедi екен. Артынан шұбырып, қоршап келе жатқан кiсi көп. Бiрақ, қалың жұрт алдыңғы бөлмеде қалды. Ол да жасаулы, үлкен бөлме едi. Онда да ас әзiрленiп жатқан. Мынау үйге Құнанбаймен iлесе, осы үйдiң иесi Тiнiбек кiрдi. Құнанбайдың көп уақыттан бергi сыйлас құдасы да, досы да өзi. Қала байы, сыпайы, таза киiнген. Отырыста да жайылып отырмайды. Ұлжанға ерсi көрiнген бiр әдетпен бала шәкiртше жүгiнiп отырды. Жоғары шық дегенге шықпай, Мәкiштiң ғана жоғарғы жағынан кеп жайғасқан. Онда да Құнанбайдың шынысын өзi әперiп, қызмет қып отыру үшiн әдейi осы араны алған екен. Имам, хазреттердi күтiп алатын, өздерiнше дағдылы, тәрбиелi отырыс, кiшiлiк отырысы. Ишан пiрдiң алдындағы мүриттер бейнесiндей.
Құнанбай Ұлжан жанына отырды да, Мәкiш пен Абайдың жүздерiне қарады. Үй iшiнiң қабағын әрқашан сергек, танығыш көзбен болжай қарайтын әдетi едi. Бұл жолы балаларын әсiресе барлағандай. Құнанбайдың өз түсi бұл кезде кәрiлiктiң алғашқы ызғарына анық iлiнгендей. Кешеңдеп кеп ағара бастаған сақал-шашы, жетпiске iлiнiп болғанша, бурыл ғана боп келiп едi. Қазiр ағы деңдептi. Бет, маңдайында ажымы тереңдеген. Бiрақ бойы әлi сұңғақ, әлi етiнен арылған жоқ. Жүрiсте, отырыста Құнанбай әлi тiп-тiк.
Қазiргi бет ажарында қобалжу да жоқ. Өз ойын өзi қинап, алаң еткен кiсi емес. Мәкiштiң екi көзi қызарып, өңi қуқыл тартқанын көрдi де, жылағанын бiлдi. Алдыңғы бөлмеден жаңа кiрiп, бiрiндеп келiп үстел жанына отырып жатқан жақындар iшiнде Тәкежан, Оспан, Жақып, Майбасар, Ғабитхан бар едi.
Бұл жолға Құнанбай бiр жыл бұрын бекiнген болатын. Бекiнумен бiрге былтырғы көктемнен берi қарай, жаз бойы, күз, соғым кездерi босын, бәрiнде қайта-қайта мал сатқызып, ақша жиып әзiрленiп келген.
Сүйтiп, пұл – уайым емес. Қиын сапар уайым болса, ол – кәрiлiктiң тақаулығы, қайрат қайтқандығы. Соны әсiресе көп ойлап, Құнанбай осы жолға өзi баратын ниеттi Ызғұттыға да ниет етiп, оны қасына жолдас еткен. Ол көптен бергi сенiмдi серiгi болатын. Жол киiмiн осы қалада Мәкiшке су жаңа қып тiккiзiп киiнген Ызғұтты, қазiр де Құнанбайдың дәл өз қасында отырғаны сол. Жасы қырықты жартылап асып бара жатқан Ызғұтты әлi күнге жиырма бестегi жiгiт күйiндей ширақ, қайратты, сергек болатын.
Тыстан келген соң Құнанбай аз уақыт үндемей отырып, шай iшiп, ыстық самса жеп, тоңазыған ет жеп тойып алды.
Дастарқан басына отырмаса да, бұл үйге кiрiп Құнанбайдың жүрер алдында қасында отырып қалғысы келген жақындар бiртiндеп кiре түсi, көбейiп келе жатыр. Жүрер шақта үй-iшi, бала-шағаға оңашарақ айтпақ бiр сөзiн Құнанбай осы бөлмеде, осы үстел басында айтармын деп едi. Ендi аз бөгелсе, жұрт тағы кернеп кететiн сияқты.
Мәкiшке тағы бiр рет көз тастап, ойлана түстi де Құнанбай үн қатты: