Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Солайы солай ғой оның, — деді Санчо, — алайда мені, денеңіздің бір мүшесін, көрпеге салып қақпақылдап жатқанда, басым дуалдың арғы жағында болды емес пе, менің қалай әлсін-әлі әуелеп жатқаныма қарап тұрды емес пе және бұл кезде оның дәнеңесі де кеткен жоқ, егер бас ауырғанда дене де ауыруға тиіс болса, онда дене ауырғанда бас та онымен бірге ауыруға міндетті ғой.

— Сонда сен, Санчо, өзіңді көрпемен қақпақылға салғаны менің жаныма батқан жоқ дегенді айтқың келе ме? — деп сұрады Дон Кихот. — Ендеше, егер осыны айтқың келсе, ендігі әрі бұлай айтушы да, ойлаушы да болма, өйткені сол кезде менің жаным сенің тәніңнен де гөрі қаттырақ қиналған болатын. Дегенмен, бұл әңгімені кейінге қалдыра тұрайық, сосын бәрін тағы бір талқылап, ақылға салып көрерміз. Ал енді қазір, достым Санчо, селомызда жұрттың мен жайлы не деп жүргенін айтшы. Мен жайында қара халық, идальголар мен кавальеролар қандай пікірде екен? Жүректілігім, ерлік істерім мен әдептілігім турасында не дейді жұрт? Баяғыда ұмыт болған рыцарьлық орденді қалпына келтіру және күллі әлем бойынша қайта жасақтау жөніндегі бастамам жайында қандай қауесет бар? Тоқ етері, Санчо, осы жайларға қатысты құлағың шалған әңгіменің бәрін түгел айтып бергеніңді қалаймын. Және ештеңе бүкпей, боямаламай баян етуге тиіссің, өйткені шын берілген вассалы өз сеньорына шындықты жарамсақтықпен әрлемей, жалған кішіпейілдікпен жаба тоқымай сол қалпында жеткізуі керек. Сен біліп қойғын, Санчо, шындық атаулы патшалар құлағына жағымпаздық шапанын жамылмай шырылдаған қалпында жеткенде қазір мүлдем басқа заман орнаған болар ма еді, қайтер еді; сонда өткен ғасырлар біздікімен салыстырғанда темір ғасыр тәрізді боп елестер еді, ал біздікі, әлбетте, алтын ғасыр секілді боп көрінер еді. Өзімді мазалап жүрген өзіңе мәлім жәйттер жайындағы барлық шындықты түгін қалдырмай айқын да түсінікті етіп баяндауың үшін, Санчо, осы сөзімді жадыңда ұста.

— Бұл айтқаныңызды бұлжытпай орындаймын, қайырымды мырзам, — деді Санчо, — бірақ мынадай бір шартым бар: бар шындықты тыр жалаңаш қалпында, басқа ештеңе кигізбей, өзіме қандай киіммен жетсе сол күйінде көз алдыңызға көлденең тартуды хош көрсеңіз, артынан ашу шақырмауыңыз керек.

— Түк те ашуланбаймын, — деді Дон Кихот. — Қысылып-қымтырылмай-ақ, тұспалдамай-ақ айта беруіңе болады, Санчо.

— Ендеше, сізге алдымен айтарым, — деп сөйлеп кетті Санчо, — халық сізді, тақсыр, нағыз нақұрыс деп біледі, мені де кеңкелес санайды. Идальголар айтады, сізге, тақсыр, идальго атағы аз көрінгендей, есіміне дон атауын тіркеп алды, бар-жоғы екі-үш жүзім сабағы мен тулақтай ғана жерге ие боп отырғанына қарамай, киімінен әр жері жылтырап көрініп тұрғанын да ескермей, өзін-өзі кавальеро атандырып жүр, дейді. Кавальеролар айтады, идальголардың, соның ішінде әсіресе атшы болуға ғана жарайтындардың, аяқ киімін қара күйемен тазалап, қара шұлығын жасыл жібекпен жамайтындардың, өзімізбен бақталас болғанын жақтырмаймыз, дейді.

— Бұл әңгіменің маған қатысы жоқ, — деді Дон Кихот, — қашан да жақсы киініп жүрем, жамалғанды кимеймін. Ал жыртықтың жөні бөлек — онда да, ол, негізінен, тозығы жеткендіктен емес, сауыт-сайман кигендіктен пайда болатын нәрсе.

— Ал енді жүректілігіңіз, әдептілігіңіз, ерліктеріңіз бен бастамаңыз жайына келсек, тақсыр, — деп Санчо сөзін әрмен жалғады, — бұл мәселе төңірегінде қилы-қилы пікір бар. Біреулер: “Кеңкелес болғанымен, күлкілі”, екінші біреулер: “Өжет болғанымен, жолы ауыр”, өңгелері: “Әдепті болғанымен әумесерлеу” деседі, ал енді өсек-аяңды өрбітсе болды, сізді де, тақсыр, сізге қоса мені де ғайбаттап, басымызға су құяды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий