Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин
-
Название:Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:185
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.
Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги
Жоламан көші Сейтен көшіне мүлде ұқсамайды. Кигіз үйден бөтен, шоқшита тігілген қараша лашықтар мен ақ шатырлар көрінеді. Малдың дені түйе мен қой. Үйір-үйір жылқы да бар. Бұлардың да кейпі өзгеше. Алысқа талмай шабатын сүмбіл жалды қазақтың мықты жылқысымен аралас қаз мойын, сидаң аяқты, көтеріңкі кеуделі түрікменнің ақалтеке, текежаумыт тұқымдастары да көзге түседі. Көштің, малдың да сәні түйе. Шудалары сала құлаш желкілдеген қос өркешті буралармен бірге, ор қояндай сидиған жаңа туған құлындай тықыр жүнді, арабы қызғылт нарлармен аралас, үстіне сегіз қанат үй тиесең де мыңқ етпейтін лөк тұқымдас аруаналар... Қой-ешкінің көпшілігі түбіт жүнді, арқар мүйізді теке, емшектері көнектей, мол сақалды тұқыл ешкі, топтан әлсін-әлсін бөліне жайылған бөрте лақ, жібек жүнді сек...
Адамдарының киімдері де Арқа өңірінікінен басқаша.
Бастарына кигендері кеуделеріне дейін жабатын түйе жүн далбағай, етек жағы айбалтаның жүзіндей қайқиып келген әшекейлене кестеленген оқшима қалпақ... Тымақтары да бөтен. Үстін барқытпен тыстап, етегін терімен көмкерген киіз. Шошайған төбесінің құлақ тұсынан бастап жоғары қарай алты салалы етіп оқа ұстаған. Жарғақ шалбар, түйе жүн шекпен, кең құлаш етік, ақ таңдақ, арша не болмаса тобылғы түстес етіп боялған жұмсақ тонның, шолақ сәнді пешпенттердің етек, өңіріне оқалап зер салған...
Ал әйелдерінің киімі Арқа киімдерімен тектес. Оқалы қамзол, зерлі шапан. Кәмшат бөрік, күміс тізген үкілі сәукеле. Оқамен зерлеген, күміс теңге қадаған жер сүзген мол қос етекті барқыт, бәтес көйлек. Анда-санда шетіне ши барқыт тұтқан, белі қыналған, жібін жіңішке етіп иірген шекпен қамзол, пешпент. Күміс шолпты, алтын жүзік, меруерт алқа, сом білезік, сәнді сырға — бәрі де бүкіл қазақ әйелдеріне жарасты дүние. Дегенмен, әйелдерінің де киімінде өзгешеліктер бар. Кіші жүзде кимешек орнына күнгейлік киеді. Жас келіншектер осы бір кестеленген сәнді жаулықтың кейде құлақ тұсына, төбесіне үкі де тағады. Ал қыздары Орта жүздің қыздарындай аш белін қынар күміс белбеу, үкілі тақияға әуес емес.
Қалың ел бұл араға кеше кешке таман келіп қонған. Түйенің қомын алып, қос шатырлар тігіп екі-үш күн тынығуды ұйғарған.
Алыс жолға түйеден гөрі қолайсызырақ жылқы малы, кешеден бері, өзен жағасындағы қурай аралас көгал шөп пен қырқа бетіндегі жусанды бозға тойынып, тез-ақ белі көтеріліп қалған.
Бұл көш те жайшылықтағыдай серуенді көш емес, дүрліккен, үрейленген, ата-мекен кең жайлауынан босқан көш. Ойдым-ойдым болып қонған ауылдардың етек-жеңі жинақты. Бұларды көшірген жаяу борсаң, жеңіл желкем дау-шар емес, бүкіл Жайық пен Елек, Жем бойын дүрліктірген, елге келген зор апат. Ер азаматтары жау басар жүйріктерінің ер-тоқымын алмай түнде қос маң-
айында оттатып отыр. Әлі жауға түспеген жігіттері де бейқам болмайық дегендей әлсін-әлсін күнбатыс жаққа көздерін тігіп, семсерлерін қыса ұстап қояды. Ал кейбір жүрек жұтқан батырлары күрке, лашықтардың қасында жіңішке найзағай меңзелдес көгілдір құрыш алдаспандарын қамсыз қайрауда... Жас балаларда да рең жоқ. Олар әдеттегісіндей асыр салып ойнамайды, топ-топ болып жиналып бұлар да әлденені өзара сыбырласа сөз етеді, Тобылғы күрең сұлуларында да ақжарқын бейне жоқ, әдеттегідей сүлделері құрып бота көздерін көңілдестеріне қадамайды. Қара су секілді тұнжыраған ауыл үстіне төнген ауыр қайғыны тек анда-санда сылдырлаған қыз шолпысының үні мен көк аспанда тізбектеле ұшқан қаз-үйректің сұңқылы ғана бұзады.