Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин
-
Название:Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:185
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.
Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги
— Уақытымның бітуге айналғанын біле тұра, кекетесің ғой, — деп Сейтен сәл ашулана күліп ақырын ғана күрсінді де сөйлеп кетті. — Боз торғайдай кішкентай болғанмен биік ұшар халқым бар еді, сол сорлыны бір құзғын іліп кетпесін деп, ана жылы жалғыз бауырым Тайжан ақ патшаға қарсы жасақ құрғанда сен де келіп қосылып едің...
Ожар жауап қайырмады. Тайжанның да қолға түсуіне Ожардың себепкер екенін Сейтен білмейтін. Сондықтан «Жазықсыз болса ренжітпейін» деп ақтарыла сөйледі.
— Жұртың үшін жан пида ете аларыңа сол кезде көзім жеткен тәрізді еді. Құмбелдегі ауылдан бастап, кәрлі қылыштың қаһарынан талай елді аман алып қалдыңдар. Есіңде ме, жау әскері сендерді Қаражал бұйратындағы жылғаға қуып тыққаны? Сендер онда Саржан төлеңгіттерін арғы бетке шығарып келе жатқан едіңдер. Сен жүздігіңмен кәрлі қылышты екі күндей бөгеген болатынсың.
Сейтен сонау бір алыс күнді есіне түсіргендей тағы ақырын күрсінді.
— Басар жерің көк мұзға айналып, қатын біткен Баян тауының өрлеуіне киіз төсеген. Сол жолы екі жүздей шаңырақты қорғап қалдыңдар... Әттең, дүние-ай, қияңқы қыс қаһарлы келіп, баспанасыз жалаң жұрт сол жұт жылы ажал тапты...
Ожарда әлі үн жоқ. Сейтеннің шаршап-шалдыққан даусы енді тіпті анық естілген:
— Сол жолы еді ғой, Тайжан қолға түсіп өлім жазасына бұйырылғаны... Сені де сыпайлар ұстап алатын еді, ауылдың елуге таяу қыршын жасын жолыңа құрбан етіп мен араша түстім... Аман алып қалдық. Кәрі тарлан қанша шабады, бізден соң жұртты сен тәрізді жастар басқарады деп сенетін едім. Сондықтан да о жолы өзіңді көзіміздің қарашығындай сақтап қалдық емес пе? — Сейтен сәл бөгелді де, Ожардың жауап қайтармағанына қарамай тағы сөйлеп кетті:
— Сен жас едің. Бірақ асыл тастан, ақыл жастан, жұрт білмегенді сен білетінсің. Бүкіл Қаржас елу күн ертегі етіп бітіре алмас жәйтті, сен бір түнде айтып бере алатынсың... Бұрын ділмәр едің. Қазір көшпелі елдің тұмшалаған бұзауындай үндемейтін болыпсың... Өлсем шайт, өлтірсе қазы деген жанмын. Мойнымда шын қазақтың бір тамшы қаны жоқ. Өз қолыңнан ажал тапсам, өкінбеймін, арым таза. Ал сенің ше?
Ожар аунап түсіп еріне жауап берген:
— Менің де...
Сейтен үзіліп қалған ойына қайта оралды.
— Иә, сол жолы мен тірі қалдым. Бірақ одан не таптым? Жалғыз бауырымнан айырылдым. Ел-жұртымды талан-тараж еткіздім. Бар ұтқаным сол ма? Міне, соңымнан ерген жұрт қалған жоқ па тағы тотиып?
Ожардың шапшаң қимылмен түрегеліп отырғанын Таймас байқап қалды.
— Көрмес түйені де көрмес, — деген оның сәл ренжіген даусын естіді: — бар қазақты өзіңе балама... Сен ақ патшаға қарсы шыққанмен, оны құшағын жайып қарсы алғандар аз ба? Олардың ұпайы түгел.
— Ау, сен не айтып отырсың?
— Есітіп жатқан жоқсың ба? — Ожар кекете күлді. — әлін білмеген әлек деген... Айтшы кәне, қолыңнан не келді?
Таймас қалшия тыңдап қалған. «Япырмау, мына Ожар не дейді? Жүрек соғысы бөлек пе, қалай?»
Сейтен кенет күңірене үн қатты:
— Жүрегім бір сұмдықты сезіп еді... Қателеспеген екенмін ғой...
Тағы да екеуі үн-түнсіз тына қалды. Енді сөздері бітті ғой деп Таймас жас-
тыққа басын қайта қоя бергенде, Ожардың ашулы даусы шықты:
— Қазір жер қорғайтын заман емес, жан қорғайтын заман... Тағы құландай ру-ру боп жалпақ даласында шұбырған қалың қазақ, ту тігіп ел болудан қалған. Осыны неге түсінбейсіңдер.
— Ел болуды ақ патша жендеттерінен үйренбексің ғой? — деген Сейтеннің ызалы күлкісі ап-айқын жетті.
— Үйренсе несі бар? Үйренем! Сен үйренбеймін десең де ол күшпен үйретеді.
— Үйрен, үйрен... — деді Сейтен кекесін үнмен. — Сен секілділер барда оларға үйрету жеңілге түседі. — Ол енді күлкісін тыя қойды. — Жоқ, Ожар, оның болмайды, — деді, — сен құлан дейтін, мен қыран дейтін, екеумізге бірдей ортақ қазақ деген жұртың бар... Қарға баласын аппағым деп сүйеді, кірпі баласын жұмсағым деп сүйеді. Сен қазағыңды неге жек көресің? Ал мен...
— Иә, сен? Айт, айт...