Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов
-
Название:Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:233
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.
Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги
1928 жылы Шымкентте жетіжылдық мектепті бітірдім дедім ғой. Осы күнгі КазПИ ол кезде Орынборда еді. Аздап оқудың дәмін татып алғаннан кейін енді соған түсіп оқығым келді. «Ойладың — орындадың» деген сөз бар емес пе орыста. Сол айтқандай, ойға алуым-ақ мұң екен, Орынборға тарттым да кеттім.
Орынбор деген жер суық болады екен. Жұқа киіммен барған мен дірдектеп, жанымды қоярға жер таба алмай жүрдім. Институттың директоры Тоқтыбаев деген қазақ екен. Бір күні бүрсеңдеп институтқа кіріп келе жатыр едім, сол кісі кездесе кетті де:
— Әй, қарағым, бері келші, — деп мені кабинетіне ертіп апарды. Тоқтыбаевтың үнемі маған көзі түсіп, күйсіз жайымды аңғарып жүреді екен. Ол бірден өз ұсынысын айтты. — Мына киіміңмен, шырағым, сен Орынборда оқи алмайсың, ауруға шалдығуың мүмкін. Адамға алдымен денсаулық керек. Мә, мына қағазды бухгалтерге апарып, ақша ал да, еліне қайт.
Мінеки, мен ВУЗ-дың есігін осылай жаптым.
Сонымен, сорайып Жуалыдағы ауылға қайтып келдім. Келе сала әкемнің 2 — 3 қойын сатқызып, кебіс кидім, пальто, малақай сатып алдым. Өстіп, шыт жаңа болып киіндім де, гүбірналық (ол кезде Жамбыл, Шымкент, Қызылорда үшеуі бір гүбірна болатын) оқу бөлімінің бастығы Әшіров деген кісіге келдім. Оған өзімнің жеті класс бітіргенімді, тұрмыс жағдайыма байланысты Орынбордан қайтып келгенімді айтып, қызмет сұрадым. Әшіров қуанып кетті.
— Сен сияқты білімі бар қазақ баласын іздеп таба алмай жүрміз ғой, шырағым-ау. Кәне, мен сені мұғалім етейін, — деп қолыма бір жапырақ қағаз жазып берді. Сөйтіп, екі жыл бастауыш мектепке мұғалім болдым.
Ол тұс ел басқару ісіне баулу үшін жергілікті ұлт адамдарын жоғары қызметтерге көтеріп жатқан шақ еді. Біздің Бурныйда да икемі бар қазақтарды жоғарылата бастады. Бір жақсысы олардың орынбасарлары мамандар, орыстар болатын. Білімі аз басшыға істің мән-жайын солар үйретіп отыратын. Сол тұста бір күні менің де жоғарылап шыға келгенім бар емес пе. Ол былай болды.
Ол кезде райкомда да екі-ақ адам: секретарь мен есепші, райисполкомда да екі-ақ адам: председатель мен жауапты секретарь жұмыс істейтін. Райкомымыздың секретары Кабаков деген кісі де, райисполком председателі Дүйсенғали Бурабаев деген семинария бітірген бұрынғы мұғалім еді. Аудандық атқару комитетінің жауапты секретары Губанов деген адам орнынан түсіп қалды да, райком мен райисполком оның орнына кандидатура таба алмай састы. Бурабаев өзі бұрын мұғалім болған соң ба, кім білсін, әйтеуір, маған тоқтаса керек. Сонымен мені, ай-шайға қаратпастан, аудандық атқару комитетінің жауапты секретары етіп тағайындап кеп жіберді.
Жауапты секретарьдың жұмысынан еш хабарым жоқ. Әйтеуір, оңаша кабинетім бар. Қалқиып сонда отырамын. Оңаша отырғаннан кейін менің не істеп, не тындыратынымды ешкім біліп жатқан жоқ. Сырт жұрт осы бірдеңе бітіріп отыр деп ойлайтын шығар. Ал ештеңені де ұқсата алмағаным өзіме аян. Бурабаев маған ана мәселе, мына мәселе жөнінде аудандық атқару комитетінің қаулысын, шешімін шығар, ана жерге қатынас жаз, мына жерге жарлық жібер дейді. Мен олардың қалай жазылатынын да білмеймін. Бірдеңелерді нобайлап, осылай болар деп тұспалдап, Бурабаевқа алып барамын. Бурабаев ұстамды педагог еді. Менің жазғандарымды алдына алып отырып, маған ұрыспастан, ренжіместен, ерінбей соларды бірі қызыл, бірі көк түсті қарындашпен түзететін де отыратын. Мен Бурабаев қып-қызыл ала етіп берген документтерді қайта көшірумен күн өткізетінмін. Содан кейін әр документтің соңына аудандық атқару комитетінің председателі Бурабаев деп ол қол қояды, жауапты секретары Момышұлы деп мен қол қоямын. Ал шындығына келгенде, аудандық атқару комитетінің председателі де, секретары да Бурабаев еді. Не керек, ақыры Бурабаев мені үйретіп шығарды. Сөйтіп, мен үш жыл аудандық атқару комитетінін секретары болдым.