Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов
-
Название:Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:233
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.
Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги
АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ
Роман-диалог
БІРІНШІ ДИАЛОГ
I
Алматы жазда да, күзде де әсем ғой, шіркін! Сентябрьдың аяқ кезі болса да, астана ыстық, шуақ, жылы нұрға бөгіп тұр. Бірақ ауа райының хабаршылары бүгін жиырма бес градус ыстық болады деп айтқанымен, жаз жиырма бесі мен күз жиырма бесінің жалыны бірдей болмайды екен. Жаздың мұндай күндерінде шолақ жең көйлек киген көше жаяулары жандарына сая таппай дедектейтін еді. Қазір де көйлекшеңдер көп кездескенімен, бірсыпыра жұрт иықтарына костюм іліпті, бәрі де аяқтарын асықпай басатын болыпты.
Күн әлі де едәуір ыстық болғанымен, сары күздің келгенін сары ала жапырақтар айқын аңғартқандай еді. Төбеден төмен қарай қалықтай құлаған екі-үш жапырақ Фурманов көшесімен жоғары қарай өрлеп бара жатқан менің алдыма келіп түсті.
Комсомол көшесінің қиылысындағы «Ювелирторг» магазинінен өткеннен кейін, үйлердің номеріне көз сала бастадым. Өйткені менің іздеп келе жатқан үйім осы тұста болуға тиіс. Білетін адамдар маған магазиннен өтісімен-ақ оң жағыңа қарай бер деп түсіндірген. Расында да лезде-ақ мен бұрышында төрткіл көк қаңылтырға ақ сырмен 117 деп бадырайта жазылған номері бар үш қабат үйдің қасына келдім.
Үйдің осы номеріне көзім түскен сәтте жүрегім сәл шым ете қалып, өн бойымды әлде бір жеңіл діріл аралап өткендей болды. Ол бірте-бірте ұмытылыңқырап бара жатқан ескі сезім еді. Ұлы Отан соғысында жүрген кезімізде, шабуылға шығар алдында дәл осындай болып, көңіл қобалжыңқырайтын да, артынан дайындық басталғаннан кейін, дененің дірілі басылып, қорыққаның, қобалжығаның ұмыт боп кететін.
Сыртқы есіктен ішке кіріп, үшінші қабатқа көтерілдім. Мен іздеп келген 6-пәтер баспалдақтың сол жақ түкпірінде екен. Есіктің қоңырауын іздеп, алғашында таба алмадым. Анықтап қайтадан қарасам, есіктің топса жақ жақтауында көзге көрінер-көрінбес боп, түймедей ғана қоңырау кнопкасы тұр екен. Ішке хабар жіберіп, ақырын соны бастым. Содан соң дәл келдім бе екен деп ойлап сағатыма қарасам — он болыпты.
Ішкі жақтан сөйлеп жүрген әйел даусы естілді. Маған есік ашуға келе жатқан кісі болар деп, сәл шегініңкіреп тұрдым. Бірақ есік ашылмады. Мен кнопканы қайта бастым. Осы кезде есіктің дәл ар жағынан шылдыр ете қалған қонырау үнін естідім. Сонда ғана басыма алғашында қоңырауды қатты баспадым ба екен деген ой келді. Өйткені мұның алдында дәл мұндай боп жақыннан шыққан қоңырау дауысын естімеген сияқты едім. Әлде үйдің үшінші қабатына көтерілгенге жүрек алқынып, үй иесі қалай қарсы алар екен деген сасқалақпен аңғармай қалдым ба, оны өзім де білмеймін.
... 1943 жылдың жазында біздің құрамамыз — 100-Дербес атқыштар бригадасы 2-Балтық майданының бір шетінен екінші шетіне ауыстырылды. Атап айтқанда Великие Луки қаласының түбінен Ловать өзенінің жағасына барып жайғастық. Жорықпен жолда кетіп бара жатқанымда менің қолыма «Знамя» журналының сол жылғы 5-номері тиді. Сол журналда Александр Бек деген автордың «Панфиловшылар алғы шепте» атты повесінің басы жарияланған екен. Мен онда Бек дегеннің кім екенін білмейтінмін, ондай жазушы барын да естімеген болатынмын. Бірақ Панфилов дивизиясын, одан шыққан 28 батыр есімдерін, Мәлік Ғабдуллин мен Төлеген Тоқтаров сол дивизияның түлектері екенін жақсы білетінмін. Сондықтан болар, мен бұл повестен бас алмадым. Күндіз тоқтай қалғанда күннің жарығымен, түнде қонған жерде ай сәулесімен оқыдым. Оқыған тарауларды жол-жөнекей жауынгер серіктеріме баяндап та отырдым. Содан соң, алғы шепке сол журналдың 6-номері және келді. Панфиловшылар туралы повестің жалғасын түнде, ай қараңғы болғандықтан ,зеңбірек қасына келіп отырып, аккумулятордың жарығымен оқыдым. Повесть те бітті, аккумулятордың да жарығы таусылды. Әрине, менің мұным тәртіп бұзғандық, тіпті қылмыс еді.