Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Қазір, жолдас лейтенант. Сіздің бұйрығыңызды дивизион командирі майор Сахонь жолдас бұзды, — дедім мен. — Майор осыны сізге айт және Полянцев жолдас дереу маған келсін деді.

— Қайда майор? Сен бағанадан бері неге айтпай тұрсың ол кісінің шақырғанын?

— Айтайын деп едім, сіз маған сөйлеуге рұқсат бермедіңіз ғой, жолдас лейтенант.

Лейтенант пилоткасын түзеп киіп, қос бармағын белбеуіне сұқты. Гимнастеркасының бырысқанын артына қарай жиырды.

— Қайда жолдас майор?

— Позицияда.

Лейтенант орман шетіндегі зеңбіректер тұрған жерге қарай тұра кеп жүгірді. Барды да майорға өзінің шақырту бойынша келгенін айтып рапорт берді. Майор мен лейтенанттың барлық сөздері бізге анық естіліп тұрды.

— Зеңбірек командирін не үшін тұтқындадыңыз, жолдас лейтенант? — деп сұрады майор.

— Түнде кітап оқимын деп зеңбірек шамын тауысқаны үшін, жолдас майор.

— Неге сүйеніп тұтқындадыңыз?

— Уставқа сүйеніп, жолдас майор. Устав бойынша тәртіп бұзған жауынгерді үш тәулікке дейін гауптвахтыға отырғызуға правом бар ғой.

— Әрине бар. Бірақ Уставтағы правоны дұрыстап пайдалана білу керек, жолдас лейтенант. Ол сержант бір зеңбіректің отын өшіргенімен, сол оқыған кітабы арқылы батареяның бар жауынгерінің жүрегіне от жақты. Уставта осы да есептелген. Сіз оны ескермегенсіз. Өзіңіз батальон командирі Момышұлы туралы кітапты оқыдыңыз ба?

— Жоқ, жолдас майор.

— Ендеше, оны оқымағаныңыз үшін, мен сізді үш тәулікке үй тұтқыны етіп қамасам қалай болар еді? Бұл да менің уставтық правом ғой. Сонда сіз ол кітапты оқып шығарсыз деп ойлаймын.

— Құп, жолдас майор, үш тәулікке үй тұтқыны болуға. Бірақ ана кітапты қайдан аламын?

— Оны өзіңіз тұтқындаған сержанттан сұраңыз... Мен сізге арест жарияламаймын, лейтенант. Бірақ бұл есіңізде болсын.

Осыдан кейін — «Знамя» журналының мендегі екі номері қолдан-қолға көшті. Қаршадайынан батырлар жырын жаттап өскен қазақ балалары бұл повесті өлеңдей жаттап алдық. «Фамилиясы жоқ адаммен» — батальон командирі Бауыржан Момышұлымен біз майданда осылай танысқан едік. Оның ерлігіне, батылдығына, тапқырлығына, сонымен бірге адамгершілік асыл қасиеттеріне сүйсіндік. Егер өтірік жазсаң алдымен сол қолыңды, одан соң оң қолыңды шауып тастаймын деп, қылышын жарқ еткізіп қынабынан суырып алып, жазушыға серт қойған сәті әрқашанда жадымызда жүрді. Оның Боранбаев есімді қорқақты жазалағанын да жөн көрдік. Оның Бозжанов, Рахимов сияқты серіктерін де өзімізге үлгі тұттық. Командирлеріміз Бауыржандай қатаң, қаһарман болуға тырысты. Біз, солдаттар, Бауыржандай батыр, батыл болуға ұмтылдық. Бәріміз де Момышұлын бір көрсек, тілдессек-ау деп арман еттік. Бірақ мен Бауыржанмен соғыста кездесе алмадым. Ал онымен соғыс біткеннен соң 18 жыл кейін, онда да тек телефон арқылы ғана тілдесуіме тура келді.

Момышұлы әскерден босап, Алматыға келгенде мен Павлодарда қызметте болатынмын. «Бауыржан отставкаға шығыпты», «Бауыржан пәленшеге былай депті», — деген сияқты ұзынқұлақ хабарларды естігеніміз болмаса, көпке дейін онымен жүздесу сәті түспеді. Алайда мен қиын күндерде пір тұтқан адамым болғандықтан жүрегімдегі оған деген сонау солдат кезінің ыстық сезімін суытпай сақтап жүрдім. Оның үстіне Момышұлының «Біздің семья», «Жауынгердің тұлғасы», «Москва үшін шайқас» атты кітаптары бірінің соңынан бірі шығып, менің оған деген сүйіспеншілігімді бұрынғыдан да арттыра түсті. Момышұлын бұрын командир ретінде құрметтесем, енді жазушы ретінде және жақсы көре түстім.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий