Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов
-
Название:Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:233
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.
Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги
«Сұрағың болса, сұрағын». Неге болмасын? Мен осы кездесуге дейін он күн бойына Момышұлының кітаптарын қайталап оқыдым. Ол жайында ел ішінде айтылатын ұшы қиыры жоқ аңыздардың өзім білетін бірсыпырасын есіме түсірдім. Ақиқат пен аңызды ұштастырған бұл адам жайында не жазамын, қалай жазамын деп толғандым. Ақыры Бауыржан туралы мақала да, очерк те жазудың қажеті жоқ одан оқушы қауымға қызықты бірнеше сұраққа жауап алып, әңгіме-интервью тәрізді нәрсе жазамын деген тоқтамға келгемін. Үш күн ойланып жүріп оған қоятын сұрақтарымды қағазға тізгенмін. Оны бірнеше адамға оқытып, Бауыржанға өздерің қандай сұрақтар қояр едіңдер деп, олардан және кеңес алғанмын.
Ішкі қалтамнан машинкаға басылған төрт бет қағазды алдым да, бүктеуін жазып, Бауыржанға қарадым.
— Бауке, мен сіздің «Біздің семья» деген кітабыңызды оқып шықтым. Бұрын оқи алған жоқ едім, таяуда оқыдым. Бұл кітабыңызды да қатты ұнатып, сүйсініп тауыстым. Онда сіз халқымыздың үлкенді сыйлау, ананы ардақтау сияқты асыл қасиеттерін көрсетіпсіз. — Бауыржан үндемеді. — Онда сіз, халқымыздың ар мен намыс үшін жандарын да аямайтындығын жазыпсыз. Онда сіз халқымыздың ауыз әдебиетінің адамгершілікке, азаматтыққа тәрбиелейтін жақсы үлгілерін бүкіл дүние жүзі әдебиетінің асыл мұраларымен теңестіре суреттепсіз, — Бауыржан басын көтеріп, журнал үстелінің шетіндегі «Қазақстан» сигаретінен біреуін алып, ұзын ақ мүштікке сұқты да, сіріңке шақты. — Онда сіз Аққұлы сияқты ат пірінің, Зейнеп сияқты асыл әйелдің, Садық Абланов сияқты адал жүрек большевиктің жан тебірентер жақсы бейнелерін жасапсыз. Мен, кітабыңызды оқи отырып, сіздің ауылдың адамдарын шетінен жақсы көрдім. Бауыржан есімді кішкентай ұлын орыс мектебіне оқуға жібергелі жатып: «Балам, орыс тілін үйренсең бар халықпен байланысты боласың. Онда сені ешкім — орыс та, қазақ та жәбірлей алмайды» дейтін Момыш атам қандай тамаша! — Басын қабырғаға тіреп, төсекте жартылай шалқалап жатқан Бауыржан, мүштігін бір езуіне қарай сырғытып апарды да, аузынан аспанда жарылған зенитканың оғындай бүрк еткізіп, темекінің түтінін шығарды.
Бауыржан ләм деген жоқ. Шығармасын лайықты бағалап жатқанда қай жазушы болмасын не бас изеп, не болмаса жымиып ризалық білдірмей қала алмаса керек еді. Әрине, біреу өзін мақтаған кезде ұстамдылық көрсету, дәл осындай болып үн-түнсіз қалу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл еркі, рухы нағыз күшті адамдардың ғана қасиеті.
Әрине, мен Бауыржанның ол кітабын оны көңілдендіріп алайын деп өтірік мақтағаным жоқ. Ол менің шын жүректен шыққан, бүкпесіз көңілмен берген өз бағам еді. Және мен Бауыржанмен тіл табыса қалсам, онымен болатын бүгінгі әңгімеге осы кітаптан аттап түсуім қажет деп ойлаған болатынмын. Енді жайлап сол жоспарымды жүзеге асыруға кірістім.
— Бауке, сіздің «Біздің семья» кітабыңыз өзіңіздің алғаш рет орыс мектебіне оқуға баруыңызбен, шәкірт шағыңызбен аяқталады. Ал екінші кітабыңыз — «Москва үшін шайқас» Момышұлы батальонының 5 күн, 5 түн жүріп қоршауды жарып шығып, Волоколамск қаласын революциялық әнмен сілкіндіре өтіп бара жатқан кезімен басталады. Осы екі аралықтағы сіздің өміріңіз қалың оқушы қауымға белгісіз ғой деп ойлаймын. Сіз маған шәкірт шағыңыздан комбат болғанға дейінгі өміріңізді, Бекке айтқандай етіп, баяндап берсеңіз. Мен содан очерк жазсам. Әңгімеңіздің ара-арасында мен сізге қысқа-қысқа сұрақтар және қойып отырсам деймін.
— Бұл сенің әдеби әдісің ғой тегі?
— Солай десе де болады, Бауке. Осыған келісесіз бе?
— Келісейін.
— Бекке айтқаныңыздай, өтірік айтсаң сол қолыңды, одан соң оң қолыңды шауып тастаймын демейсіз бе?
— Сен өтірік айтпағын, мен олай демейін.
— Құп, Бауке.
— Ал, тыңдағын онда.
IV