Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Рас, ол кітап менің ең алғаш рет орыс мектебіне оқуға келгеніммен аяқталады, — деп бастады Бауыржан әңгімесін, — Ол менің он екіні — «дбанасат», он алтыны — «шешнасат», он тоғызды — «дебатнасат» деп жүрген кезім болатын. Гончаровтар семьясы маған жабыла көмектесіп, тілімді жұмсартты. Бірге оқып жүрген орыс балаларымен күн сайын жақындасып, достаса бердім.

Өстіп, Евгеньевқа селосында мен бір қыс оқыдым. Келесі жылы Жамбыл қаласына, ол кезде Әулиеата деп аталады, келіп Аса интернатына түстім. Онда үш жыл оқып, бастауыш мектепті тәмәмдадым.

Ол кезде орта мектеп деген атымен жоқ. Жетіжылдықтың өзі алғаш рет 1924 жылы Шымкентте ашылды. Оған төрт кластық білімі барларды алады екен. Бірақ ондай білімді шәкірттер аз. Сондықтан үшінші класс бітірген бізді соған алды да кетті. Келсек, біз сияқты балалар Шымкентке жан-жақтан жиналып қалыпты. Қызылордадан Әбділда Тәжібаев келіпті. Қазалыдан келген бірнеше бала бар. «Қазақстан коммунисі» журналының қазіргі редакторы Құрманбек Сағындықов бәріміз сонда бірге оқыдық. Біз оқыған тұңғыш жетіжылдық мектептің үйі Шымкентте әлі күнге дейін бар. Бүгінде ол Совет Одағының Батыры Қарсыбай Сыпатаев атындағы қазақ орта мектебі. Жетіжылдықты біз 1928 жылы бітіріп шықтық...

Автор. Осы арада бір жанама сұрақ қоюға рұқсат етіңіз, Бауке.

Бауыржан. Қойғын.

Мен тізіп алған сұрақтарымның біріншісіне көз қиығын салдым да, одан соң өзім жазу жазып отырған кішкентай үстелдің үсті мен Бауыржанның жан-жағын шапшаң шолып өттім. Оның айналасында бір пачка сигарет пен бір қорап сіріңкеден басқа қатты қару жоқ екеніне көзім жеткеннен кейін мырс етіп күліп жібере жаздадым. Бұл жерде есіме бір журналистің бірінші сұрағына Бауыржанның қалай жауап бергені түскен еді. Болгариядан Алматыға келген Пенков деген журналист Момышұлына жолығып, одан интервью алмақ болады. Бірақ Момышұлы ол кезде Москвада жатса керек. Бауыржанның «Бухарест» мейманханасында жатқан адресін алып, журналист оны іздеп барады. Сонда журналист жаңағы мен сияқты қағазына қарап алып, алғашқы сұрағын қояды: «Сізді соғыста батыр болды дейді. Шыныңызды айтыңызшы: ешқашанда қорыққан жоқсыз ба?».

— Шынымды айтайын ба? — деді Бауыржан оған.

— Тек қана шыныңызды айтыңыз, — дейді журналист жымиып.

Бауыржанның үстелінін үстінде үлкен бір пышақ жатыр екен. Ол көзі аларып, мұрты тікірейіп, сол пышақты бас салады да, орнынан шапшаң атып тұрып, журналистке қарай құлаштап сермеп кеп қалады. Жаңа ғана күліп отырған журналистің түсі құп-қу боп кетіп, орындығымен шалқасынан құлап түсе жаздайды.

— Сіздің бірінші сұрағыңызға жауап бердім ғой деймін. — Бауыржан осылай деп журналистке бас иеді. Журналист апалақтап басын изейді. — Енді екінші сұрағыңызды қойыңыз, — деп қолындағы пышақты үстелдің шетіне лақтырып жіберіп, орнына отырады.

Бауыржанның бұл оқиғасын бізге сол сәтте оның қасында болған бір жазушы айтып келген еді. Сол ойқыма түсіп күліп жібере жаздаған мен тез ернімді жиып, Бауыржанға былай деп бірінші сұрағымды қойдым:

— Сіз бала күніңізде қандай кітаптарды қызыға оқыдыңыз, Бауке?

Бауыржан. Сен бұл сұрағыңды «бала күніңде және ересек кезіңде» деп қойғын. Мен бәріне бір-ақ жауап берейін.

Автор. Солай болсын онда.

Бауыржан. Мен жас кезімде де, ересек күнімде де көп оқыдым. Осы күнге дейін кітаптан бас алмаймын. Құныға оқығандарым француз, орыс және испан классиктерінің кітаптары. Диккенсті түсінбедім, аяғына дейін оқи алмадым. Менің кітапты көп оқуыма негізгі себеп қызмет бабына байланысты үнемі жалғыз жүруім болды. Мәселен, мен бес жыл Қиыр Шығыста, Тайгада жүрдім. Күндізгі қызмет біткеннен кейін кешке үйде жалғыз қаласың. Осы жалғыздықты жою үшін әдебиетті көп оқуға машықтандым. Қазақ жазушыларының арғы-бергілерінің бәрін де оқыдым. Жә, енді мен саған жаңағы негізгі әңгімемнің желісін жалғастырайын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий