Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов
-
Название:Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:265
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».
Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Сәлден соң, жайласып отырысымен Павлов Абайдың бұнда не шаруамен келгенін сұрап қалды. Ең алғашқы кездесу үстінде Абай досының сол сұрауына жауап берумен болды. Ол бұл сапарға келуге міндетті екен. Өйткені биыл Петербургте оқу бітіріп, аз отпуск алып елге келген Әбіш енді Алматыға қызмет жайына жүрмекші. Ол елде, жақында өзінің қалыңдығы Мағышқа үйленіпті. Бұл жайды естіген тұста Павлов қысқа ғана түрде қайырлы болсын айтып, Абайдың сөзін бөлмей тыңдай берді.
Абай сол ұзақ жолға келіні мен баласын ұзатып салғалы келіпті. Оның үстіне Әбіштің жолына ақша-пұл әзірлеу керек. Соған осы базарға мал айдатқан екен. Енді сол малды ертерек сатып, пұл қылып Әбіштің әр керегіне әзірлік жасамақ. Өз жайларын айта келіп, Абай енді Федор Ивановичқа күлімсірей сөйледі.
– Бұның бәріне қосымша – қаладағы достарды сағындым. Қаланы көргім келді. Сонымен кеп қалдым. Ал енді қалаңыздың жайын, өз жайыңызды өзіңіз мәлім етіңізші, Федор Иванович! Александра Яковлевна қалай? Ол кісі доктор ғой. Мынау қаладағы науқас жайлы не айтып жатыр? Маған бар нәрсе мүлде қараңғы. Менің санама сәуле беріңізші! –, кейбір кітаптардан өзі оқыған геройлары тәрізді сөйлеп, әзілдей тоқтады.
Федор Иванович әуелі Абайға тек науқас жайын айтты. Оның қаупі мен бір қиындық жөнінде қысқа ғана мәлімдеп отыр. Ең алдымен өзі доктор болмаса да, "Сашадан есті-генім" деп, өз әйелі доктор Александра Яковлевнаны атап өтті. Абайға оның сәлем жолдағанын айтты. Мына науқас басталғалы Александра Яковлевнаны осы бер жақтың больницасына ауыстырған екен. Павловтың айтуы бойынша, бұл науқас Россияға соңғы алпыс-жетпіс жыл ішінде осымен үшінші рет оралып келіпті.
Өзі аса қауіпті, жұқпалы ауру – ел таңдамайды. Бар жұртқа ортақ апат. Бұрын да, қазір де ең әуелі Индиядан шығыпты. Содан Россияны, Европаны, Англияны, Қытайды, Жапонияны, тіпті Солтүстік Американы да аралап өткен екен. Қазір Россияда елу-алпыс губернияға жайылыпты деген сыбыс бар. Бірақ әр ортада, халықтың тұрмысына, жағдайына қарай, салты мен қалпына орай ауру әралуан өтеді. Әйелінің Павловқа тапсырып, Абай сияқты халық адамдарына білдір деген сөздері бар екен. Алдыңғы сөздерін Абайға қысқа ғана айтып келіп, Павлов Абайдың бұдан былайғы сөзді ерекше тыңдауын өтініп алды.
Содан кейін айтқаны: қазақ халқының жайы. Бұл ел өлімді аса зор ықыласпен күтеді екен. Біреу өлсе, соның үйіне жаназаға көп кісі жиылады. Жаңа ғана өлім шыққан үйге тегіс кіріседі, онда көбінше ас ішеді. Бір емес, бірнеше рет жиылысады. Осының бәрі қазір Слободкадағы қазақ, халқының арасына мынау жаман ауруды аса шапшаң таратып отыр. Кім арқылы халыққа өсиет айтып, тоқтау салуға болады? Кімнің тілін алады? Қай жерде халыққа сөз сөйлеуге болады? Базарда ма, мешітте ме? Не де болса, халық қамын ойлайтын адамдар тез кәмек бермесе болмайды. Бұл бір. Екінші, Павловтың өз жанынан қоса айтатын бір жайы тағы бар. Бұрын барлық елдерде, қалаларда болғандай, қазір Слободкада да көбінше кедейлер өліп жатыр. Әсіресе, ауыр еңбек адамдары мен аш-жалаңаш, қалың көпшілік ортасында өлім молайып кетті. Павлов осы тұста Затонды, бірнеше заводты, мойканы атап өтті. Солардың бәрінде де орыс, қазақ, ноғай жұмысшылары үй іштерімен көп-көп қаза көріп жатыр екен. Абайдың өзіне де Павловтың енді қайда тұру, қалай жүру жөнінде айтпақ мәслихаты бар. Оны қысқа ғана жолдастық бұйрық ретінде сөйледі.